Орталық коммуникациялар қызметі  Маңғыстау облыстық филиалы алаңында өңірлік тұтынушылардың құқықтарын қорғау  департаментінің басшысы  Марал Қадырдың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

«Маңғыстау облысында 2016 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша эпидемологиялық жағдай тұрақты. Аса қауіпті және басқа да карантиндік жағдайлар тіркелген жоқ. Сонымен қатар іш сүзегі, паратиф вакцинамен басқарылатын: дифтерия, сіреспе, полиомелит, қызылша, қызамық, менингит, сияқты аурулар облыс аумағында анықталмады. Жедел ішек ауруларының аурушаңдық көрсеткіші 2015 жылдың салыстырмалы кезеңімен қарағанда 19 пайызға төмендеді. Басқа сальмонеллездік инфекциялар 4 ауруға, тағамнан улану 3,3 есеге, эхинококоз ауруы 1,5 есеге, педикулез 1,6 есеге артып отыр. Бұл эхинококоз ауруының алдын алу мақсатында үй жануарларына және олардың өнімдеріне ветеринарлық қадағалау жұмыстарын жүргізу деңгейі төмендігін көрсетеді. Жалпы жұқпалы аурулармен күресте індетке қарсы шараларды жандандыра түсу керек. Қызметкерлердің санитарлық сауаттылығы жоғары болуы тиіс»,-дейді М.Қадыр.

0174

Эпидемологиялық жағдай бойынша жедел қолға алып, шешуін іздестіретін мәселелер өте көп. Аймағымыздың оба ауруының табиғи ошағында, тырысқақ ауруы бойынша, ашық су көзі ­­- 1-ші типті қауіпті аймақта орналасуы, тұрғындар арасында белсенді миграцияның бірнеше жылға созылуы, өндірістің көп саласында негізгі жұмыстың вахталық әдіспен жүргізілуі Маңғыстау облысының эпидемологиялық ерекшелігіне жатады. Сондықтан санитарлық-эпидемологиялық қадағалау саласы мамандарының барлық кезде тиянақты, ерекше жауапкершілікпен жұмыс жасауы талап етіледі.

Облыс бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ерекше тәртіппен барлығы 777 нысанға тексеріс жүргізу жоспарланған екен. Бүгінгі таңда тексерілген 562 нысанның 551-і талапқа сай еместігі анықталған. Өнімдердің қауіпсіздігі ­– Кеден Одағының Техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін анықтау барысында 712 сынама тексеруге алынып, оның ішінде 123 сынама техникалық регламенттер талаптарына сәйкес емес деп танылды. Анықталған сәйкессіздіктердің нәтижесінде, кәсіпкерлерге ҚР-ның заңнамасындағы талаптарды бұзушылықты жою үшін 20 ұйғарым берілді. Ұйғарымды уақытылы және дұрыс емес орындағаны үшін 2 әкімшілік материалға іс қозғалып сотқа жіберілді. Соттың шешімі бойынша екі нысанға да 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынды.Cонымен қатар 5 нысан тасымалдаушыларына қарама-қарсы тексеріс жүргізіліп, үш нысанға 20 АЕК көлемінде, екі нысанға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Жыл басынан  бері Маңғыстау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментіне, қала және аудан басқармаларына жазбаша түрде және телефон арқылы барлығы 228 арыз-шағым келіп түскен. Бөлшек сауда нысандары мен қоғамдық тамақтану орындары, тұрғын үй коммуналдық қызметі мен тұрмыстық саладағы сапасыз қызмет саласына көңілі толмаған тұрғындардан 60 арыз жолданған. Сонымен қоса, «Жедел желі» арқылы тұтынушыларға 168 кеңес берілген екен.

Голрох Жеменей
Суреттерді түсірген: С.Майемеров