Берлин қабырғасы

Адам қайғырғанын көргенде шошқаның да қоса қайғыратын қасиеті бар екенін ғалымдар әлдеқашан зерттепті. Ол да өзіміз секілді тіршілік иесі болғанымен, таным-түсінігі, сана-сезімінің төмендігі айқын мал екеш малдың өзі бұлай қылғанда, көршілес үйлердің қабырғалар мен қорғандар арқылы бөлініп алғаны түгілі, бір ұлттың не одан да көп ұлттардың бір-бірінен оқшаулануына, қырғи-қабақ соғыстарға бастаушы идеялар отын тұтатып, алаулатып-жалаулатып қан тіленіп жүргендеріне айран-асыр таң қалмасыңызға шара жоқ. Саясат пен саясиланған дін арқылы жер шарын қан сасытып, ауырлата түскен адам баласын ішкі рухани әлемде де өзгенің әлемін түсінуге аяқ бастырмай қоятын қабырғалар бар. Біз әлімізге қарай ол жайлы да алдағы уақыттарда қалам терберміз. Әзірге мәдени араласулар үлкен көлемде орын алып жатса да, әлі күнге дейін мызғымай тұрған, тіпті кейбірі тек өнер туындысы ретінде ғана бағаланып үлгерген әлемдегі алып қабырғалар мен қорғандардың бірнешеуі туралы сөз қозғамақпыз.

1. Ұлы Қытай қорғаны

Ұзындығы 8851,8 шақырым, ені 5,5 м, орташа биіктігі 9 метрді құрайтын бұл жер бетіндегі «ең ұзын мола» туралы мектеп оқушысы кезімізден оқып өстік. Әлбетте, ол оқулықтарда бізді «Қорғанды ғұндардан қорғану үшін салған» деп оқытқаны белгілі. Бұл дерекке тойтарыс бергелі отырған жоқпыз. Игорь Можейконың сол мектеп қабырғасында жүріп оқыған Ақселеу Сейдімбек пен Ж.Әбдіхалықов тәржімалаған «Әлемнің жеті және отыз жеті кереметі» кітабында Қытай қорғанының қалай салынғаны туралы «Көне заман мен орта ғасырларда Солтүстік және Батыс Қытайды өркеуде көшпелілер мекен еткен. Қытай империясы күшейген кездерінде көшпелілердің қонысын басып алып, тұрғындарын өзіне қаратып отырған. Алайда әулеттің әлі кетіп, Қытай өз ішінде ала ауыздық тудырып, аймақтарға бөлінген кезде, жығылған  үстіне жұдырық дегендей, шаруалар көтерілісі шаңырақты шайқаған тұста дүниенің алма кезек екені белгілі болады. Солтүстігі мен батысындағы көшпелілер ішкі аймақтарға бойлай еніп, тұтқындар мен малды айдап кетіп отырған. Тіптен кейде астананы басып алып, таққа өз адамдарын отырғызатын. Соның нәтижесінде монғол мен маньчжур әулеттерінің іргетасы қаланған. Ал Қытай болса, қойнына енген жеңімпаздарды майдай ерітіп, өзінің мәдениеті мен дініне мойын ұсындырып, арада ондаған жыл өткенде азаттық алып шыға келетін. Себебі бір кездегі жаулаушылардың ұрпақтары екенін таққа отырғанның өзі де ұмытып үлгеретін.

Қалай дегенмен, дала мен шөлге шекаралас аудандар үшін көшпелілер бейбіт кездің өзінде қауіп-қатер төндіріп отырған. Чжоулар, әсіресе ғұндар әлсін-әлсін шекаралық аудандарды жайпап кететін. Біздің жыл санауымыздан мың жыл бұрын-ақ чжоудың көсемдері Қытай өкіметін қолына алады да, өз әулеттерінің негізін салады. Белдесуші патшалық кезінде Қытайдың шекаралық аудандарындағы князьдері мен губернаторлары көшпелілер шапқыншылығына тосқауыл қоюға талпынады. Алайда байтақ жатқан шекараға қорған боларлық әскер жасақтай алмайды.

Көшпелілердің қалаға шабуыл жасамайтыны белгілі. Олардың өздерінде қала болмайтын, соғысты негізінен ат үстінде жүргізген. Ал бекіністерді басып алу тәсілін, кейін ұрпақтары Азия, орыс және Еуропа князьдіктерін, мемлекеттерін жаулау үшін батысқа жылжыған кезде үйренген.

Қытай мемлекетінің билеушілері бұл қорғанды біздің жыл санауымызға дейінгі ІҮ-ІІІ ғасырларда көшпелілердің Қытайға кіретін үйреншікті асулары мен жолдарына сала бастаған. Бұл қорғандар, дәлірек айтсақ, мейлінше зор топырақ үйінділері алғашқы кезде ондаған шақырымға созылған. Мұндай үйінділердің көшпелілерге тосқауыл болуы әбден мүмкін» деп жазады.

Әр дерек әртүрлі сөз қозғайды. Бізге жолығысқан деректердің бірінде бұл қорғанды Цинь Ши-Хуанди есімді қатыгез патшаның Қытай халқының осы аумақтан аттап баспауы, қашып шықпасы үшін салғаны айтылады. Осыған ұқсас ойды Таласбек Әсемқұлов та айтады. Қайбір мақаласында Қытай қорғанын дүниеге әкелген миф екендігін, яки осы қорғаннан ары қарай ұжмақтың, жақсы өмірдің жоқ екендігіне сендіру үшін салынғанын жазады. Жоғарыдағы екі пікір де ұштасады әрі ақылға да сыйымды.

Сөз басында қорғанды әлемдегі «ең ұзын мола» дедік. Бұл – авторы ұмытылған, бүкіл адам баласына тиесілі болып үлгерген әйгілі сөз. Себебі қорғанды салу барысында император мен құрылысқа басшылық жасаған Мэн Гянь құрылыс барысында өліп кетіп отырған әр адамды кірпіш орнына қоса жерлеп отырған. Сонымен бірге сол адамның айналасындағы көршілес он адамды айып ретінде қызметке тартқан. Олар дүниеден озса, жаңағы жүріс дәл солай қайталанған.  Әртүрлі деректер мұнда да ұшырасады. Кей жазбаларда 10 жыл жүргізілген бұл қорған құрылысына 10 миллион адамның мүрдесі қажет болыпты.

Хош. Ғұндардан, жалпылай алғанда көшпелілерден қорғану мақсатында салынды делінген қорған орта бойлы әскери адамның өтуіне «ыңғайланған». Қарапайым логика таразысында теңшеп көргенде, еріксіз осылай дейсіз. Осы жұлым-жұлым ақпараттарды өз ой-таразыңызға салып көріңізші.

2. Кумбалгарх қабырғасы

Ұзындығы 36 шақырымды алып жатқан, ені 4,5 метрге дейін жететін әлемдегі ең ескі қабырғалардың бірі Үндістанның батысындағы Раджастхан штатында орналасқан. Құрылыс 1143 жылы Рана Кумбханың бастауымен салынған. Құрылыс жұмыстары 100 жылға созылған. Ал қабырғаны созу жұмыстары 19-ғасырда тағы да күш алған. Қазір бұл мұражайлық комплекс.

Қабырғасы шұрайлы жерлерді қорғап тұр. Қабырға аумағы қоршалған аудан ішіндегі дөң үстіне тұрғызылған қамал теңіз деңгейінен мыңдаған биіктікте орналасқан. Аудан ішінде көз суаруға тұрарлық бірнеше шіркеулер бар. Аңыз желісі қабырғаның құрылысы біршама өмірді жалмағандығы туралы баяндайды. Ол өз қалауымен болған құрбандықтар екенмыс.

3. Берлин қабырғасы

155 шақырымға созылған, биіктігі 3,6 метрді құрайтын Германия жеріндегі Берлин қабырғасы қазір тарих сахнасынан кеткен, алайда адамзат санасында ең әйгілі құрылыс болып қалған, Батыс пен Шығыс Германияны екіге бөлген атақты қабырға. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі демократия мен коммунизмнің символикалық шекарасы. Құлатылғанына – биыл 29 жыл.

«1961 жылдың 13 тамызы неміс тарихы үшін қаралы күн ретінде есте қалды. 13 тамыз, жексенбі күні, түнгі сағат бірде кеңес әскерлері мен Шығыс Берлиндегі неміс полициясы ерекше құпия жағдайда дабылмен көтеріліп, ел астанасын екіге бөлді. Берлиннің 3 миллиондай халқы таң ата тарихта бір ұлттың екі мемлекет құратынын білмей, қалың ұйқыда жатты. Бір сәтте, түні бойы темір сым тартылып, 193 көше, 8 трамвай мен 4 метро жолы жабылды, телефон сымдары мен электр желілері үзілді. Көпірлер мен алаңдар, гүлзар мен саябақтардың өзі қақ ортадан бөлінді. Таң ата неміс халқы енді екі мемлекетте өмір сүретінін бір-ақ білді. Сол кездегі жағдайды неміс журналистері былай деп жазды: «Бергі беттегілер арғы жақтағы жұмысына бара алмай қалды. Алыс-беріс пен қарым-қатынас бірден тоқтатылды. Он мыңдап жиналған халықты кеңестік әскерлер қуып, таратты». Алайда, туыстық қатынасты қалай тоқтатарсың. Мыңдаған адам жасырын жолмен Батыс Берлинге қашуын тоқтатпады. Тіпті шекара жабылған соң бір айдан кейін қазанда АҚШ әскерлері шекараны күшпен алып тастау туралы операцияны бастамақ болды. Бұл кеңестік барлаушыларға алдын-ала мәлім болып қалды» (Б.Бейсеновтің жазбасынан).

Бір тараптан екінші тарапқа қабырға асып өтпек болып, ажал құшқандардың саны ресми мәліметтерде 125 деп көрсетіледі, ал бейресми бұл санның мыңнан асып жығылатыны түсінікті. Бұл адамдар тарих тарапынан «қабырға құрбандары» деп аталып кеткен.

4. Константинополь қорғаны

Тас қорғандар қатарына жататын Константинопольды (бұрынғы Рим империясының астанасы, қазіргі Ыстамбұлды) қорғау үшін салынған қорған біздің заманымыздың бесінші ғасырына жатады. Ұзындығы бес шақырым жерді алып жатыр. Бұл қорған – антикалық жүйемен салынған құрылыстардың ең соңғы үлгісі. Қабырғаның көп бөлігі 20 ғасырда жасалған қайта жөндеу жұмыстарының нәтижесінде сақталып қалған. Қорған Феодосия ІІ-нің бұйрығымен салынғандықтан «Феодосия қабырғасы» деп те аталады. Биыл Константинопольдың алынғанына – аттай 565 жыл.

5. Ұлы Израиль қорғаны

Бұл былайша айтқанда, кеше ғана пайда болған қорған. Құрылыс Израильдың премьер-министрі Ариэль Шарон болып тұрған 2003 жылы палестиналық террористерден қорғану мақсатында салынған. Екінші мақсат – араб нәсілінің еврейлермен араласып кетпеуі.

Алайда, ресми ақпарат құралдарының айтуы бойынша және статистиканың көрсетуінше қорғанның салынуы террорлық жарылыстарды екі есеге асқындырған. Себебі бұл қорған құрылысына палестиналықтар екі бастан қарсы болғанға ұқсайды. Қорған ұзындығы 703 шақырым, биіктігі 8 метрге дейін. Қорғанның 25 шақырымы ғана тас қабырғалармен салынған.

Дайындаған Еділбек ДҮЙСЕН