Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары халық нарықтық экономиканың талаптарын жете түсінген жоқ. Сондықтан, ауылшаруашылығымен айналысатын ауыл халқы кәсіпшілік жүргізудің негізгі тетігі жермен етене байланысты екенін ескермеді. Олай дейтінім, шаруалар «менің азды-көпті малыма Маңғыстаудың кең даласы жетпей ма, одан менің малымды кім қуады?» деген ескі көзқараста өмір сүрді.

Кейін уақыт өте келе шаруа қожалығын құрып, ата кәсіпті қолға алуды мақсат тұтқан ауыл тұрғындарының алдынан жер мәселесі көлденең тұрды. Себебі, нарық талаптарын ерте түсінген азаматтар ауылшаруашылығын алға бастыруға ниеті болмаса да жерді алып – сатумен айналысып, яғни тауар ретінде, тұрақты қаржы көзі ретінде пайдаланды. Ол жерлер ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланылмады, ата кәсіппен де айналысуға мүмкіндік бермеді.

Соңғы жылдары Елбасы Н.Назарбаев жерді түгендеу, пайдаланылмай қалған және мақсатсыз пайдаланған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде арнайы тапсырма берді. Бүгінде жерге қатысты көтеріп отырған тақырыптың басты талабы — жерді ұтымды және тиімді пайдалану. Мал жайылымдарын, дәнді-дақыл егетін егістіктерді сатуға болмайды. Мұндай жерлерді ауылшаруашылығымен айналысатын шаруаларға басымдық бере отырып жалға беру керек. Ауылшаруашылығы мақсатындағы 50-100 гектар суармалы жерді бау-бақша және көкөніс өсірумен айналысатындарға сатуға болады. Бірақ олардың алған жерлерін басқа біреулерге қайта сатуын немесе жалға беруін шектеу керек. Жерді жалға алушы мен оған инвестиция салушы жерден сапалы мол өнім алып, оны өңдеп, мол табыс табуды көздейді. Жерді шетелдіктерге сатпай немесе жалға бермей-ақ инвестиция тарту жолдарын қарастыруымыз қажет.

Жердің құнарлылығын сақтай отырып өз мақсатында пайдалануын бақылайтын құзырлы органның қызмет мүмкіндіктерін молайтып, қосымша функциялар беру қажет. Болашақта дайындалатын Жер реформасы талаптырының іске асуы осы мемлекеттік органның қызметіне тікелей қатысты.

 

Түменбай ҚАЛЖАНҰЛЫ,

облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы.