«Аштықта жеген құйқаның дәмі естен кетпейді» деген сөз бар. Құйқа естен кетпесе кетпейтін шығар, құйқаны берген адам қайда?

Осы теңіз жағалаған дүйім елдің талайдан бері несібесін ортайтпай, қазанын құрғатпай келген балықшылар еді, олар естен шығып бара жатыр.

Тарихтың тереңіне үңіліп қарасақ, балықшылық деген кәсіп бұл өңірде бірнеше ғасырдан бері бар көрінеді. Осыдан 800-900 жыл бұрын үлкен портты қала болған бұл жердің халқы балық ауламады дегенге кім сенер? Әріге бармағанның өзінде, Маңғыстауға орыс әскерлері келместен бұрын-ақ жергілікті халық ау-қармағын күнелтіс қылғаны туралы деректер бар. П.Юдин 1892 жылы шыққан «1870-жылғы Маңғышлақ жартыаралындағы Адай көтерілісі» деген кітабында: «Адайлар ешкімнің де билігін мойындамаған халық. Қырғыздардың (қазақтардың. А.Қ.) басқа тайпаларымен байланыспай саяқ өмір кешкен осынау жаужүрек дала ұлдары қарақшылыққа аса бейім келеді. Олар балықшы орыстарға ғана емес, басқа қырғыздарға, хиулықтарға, түрікмендер мен текеліктерге де шабуыл жасап, барын тартып алып кетуге шапшаң. Түрікмендер мен текеліктердің қарақшылығы олардан кем түспейтін, сондықтан екі арада қырқыс көп болды» дей келіп: «Адайлар бір жерде ұзақ отырмайды, үнемі малмен көшіп жүреді. Бірақ, теңіз жағалап, балық аулайтындары да кездеседі» деп жазады.

Сондай-ақ 1832-1836 жылдары Маңғышлақты егжей-тегжейлі зерттеген Ресей патшалық үкіметі Сыртқы істер миниcтрлігінің қызметкері Г.С.Карелиннің, 1851 жылы Маңғышлақта экспедициямен болған жазушы Бронислав Залесскидің, орыс жағырапиялық қоғамының мүшесі, Бөкей ордасының кеңесшісі болған М.И.Иваниннің еңбектерінде де бұл туралы деректер бар. 1903-1909 жылдары Маңғыстауға үш рет келген неміс ғалымы Рихард Каруц «адайлар түрікмендермен қанша жауласса да, өз араларына сіңісіп кеткен түрікмендерге тиіспейтін. Аралас-құралас өмір сүретін. Олардың бірге балық ауласып жүретінін жиі көруге болады» деп жазыпты.

Соған қарағанда, балықшылық – ата кәсібіміз болса керек. Сол кәсіптің нәсіп болудан қалғаны соңғы жиырма шақты жылда ғана. Одан бұрын Ақкетік мынау көк теңіздің жағасындағы балық шаруашылығының ірі орталықтарының бірі болды. Сонау отызыншы жылдардың аштығынан елді аман алып қалған да, соғыс кезінде майдандағы жауынгерлерді асыраған да осы балықшылар. Ау-құралын атадан балаға мирас қылған атақты әулеттер болды. Ізтұрған Оразбаев, Сәду Оразбаев, Өтеулі Қоңқақов, Айту Жолмағамбетов, Мұқан Мұңалов, Әпуаш Нұржауова, Зәмзәм Өтешева, Қонысбай Аманқосов, Ұрым Ідірісов, Тәуірхан Қанжанов сынды кеуделері сыңғырлаған балықшылар шықты. Бұлардың қазір көбі арамызда жоқ.

Мұнайшы келіп, балықшы судан шықты. Каспиді тіліп, айлап жүріп балық аулап, өңдеп, дайын өнім шығарған жүзбелі зауыттарымыз, алып кемелеріміз қазір қайда, ешкім білмейді. Баяғы МРХФ атанып, дүрілдеп тұрған өндіріс орны жоқ болды. Осылайша, талай ғасыр бойы елдің күнкөрісін айырып, нәсібін теріп беріп келген балықшылар тап ретінде жойылып кетті дейтіндей күн туды.

Бірақ, бұл жағдай қазіргі бізге тарихымызды ұмытуға, атакәсібімізді ұмытуға право бермейтін шығар. Айтыңыздаршы, бізде жыл сайынғы Балықшылар күні неге аталып өтпей жүр? Неге осы мерекеде «могиканның соңғы тұяқтары» – ардагер ағаларымызды, апаларымызды құрметтеп, ортамызға шақырып, естеліктерін тыңдап, көңілдерін демдеп, қолдап, көмектесіп, қамқорлығымызға алмаймыз. Жағдай болса, дүрілдетіп той қылып, қаламыздың қақ ортасына еңселі, әдемі етіп «Балықшылар» монументін қойса да артық болмас еді. Бұл – әрине, идея – болашақтың еншісіне қалатын шаруа ғой, бірақ, осы мақаланы жазғандағы біздің айтарымыз – алда келе жатқан Балықшылар күнін бір әдемі шара етіп атап өтейікші! Бұл – қазіргі ұрпақтың атакәсіптің ардагерлерінің алдындағы парызы, міндеті деп түсінемін.

 

Айсағали ҚЫДЫР