Елімізде маусым айының үшінші аптасында адам жанының арашасы бола білген медицина қызметкерлерінің мерекесі аталып өтеді. Биылғы мереке Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай тойланып отыр. Ақ халатты абзал жандардың мерекесіне арналған салтанатты шара «Абай» мәдени-демалыс кешенінде өтті. Оған облыс әкімі Алик Айдарбаев, «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірініші орынбасары Халила Нұрғалиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Руслан Бектубаев арнайы қатысып, ізгі тілектерін білдірді.

       02 

Аймақ басшысы Алик Айдарбаевтың айтуынша, биыл облыстық денсаулық сақтау жүйесіне 18 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, соның ішінде 400 млн. теңге материалдық техникалық базаны нығайтуға көзделген. Осы жылы Ана мен баланы қорғау орталығының құрылысын аяқтау жоспарда тұр. Облыстық онкологиялық диспансердің құрылысын жалғастыруға барлық шаралар қабылданып жатыр. Мемлекеттік тапсырыс аясында «Нейрон» жеке меншік медициналық орталығы халыққа офтальмологиялық көмек көрсетіп, жүйке ауруына шалдыққан мүгедек-балаларды оңалту жұмыстарына кірісті. Республикада бірінші болып аккредитацияның ең жоғары санатына ие болған «СофиМедГрупп» көп салалы жеке меншік клиникасы 200 млн. теңгеден астам сомаға мамандандырылған көмек көрсетуге мемлекеттік тапсырысты орындайды.

         -Бүгін денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, оның сапасын нығайтуға және медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға барлық жағдай жасалған. Мұның айқын бір дәлелі-жыл сайынғы медицина нысандарының пайдалануға берілуі және біздің дәрігерлермен жасалған ерекше оталар болып табылады. 2015 жылдың аяғында облыстық перинаталдық орталықта жас хирургтар тобымен – Құрмен Қайран, Нұрлан Жәкиев және Болат Ишанғалимен дүниеге келгеніне екі күн болған баланың іш құрылысына жасалған отаны айтуға болады. Кәсіби дәрігерлердің арқасында аман қалған Жетібай кентінің тумасы Тұрарбек бүгінде жеті айға толып отыр… Биыл еліміз үшін қастерлі жыл. Ел тәуелсіздігіне-25 жыл және Елбасы Н. Назарбаевтың 100 нақты қадам «Ұлт жоспары» аясында 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жыл санап өңірімізде әлеуметтік маңызы бар аурулардың көрсеткіші бойынша оң динамика қалыптасып келеді. Осы жетістіктер денсаулық сақтау саласында күндіз-түні еңбек етіп жүрген Сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижиесі деп білемін. Тағы да мерекемен құттықтай отыра, шаңырақтарыңызға береке мен ынтымақ, еңбектеріңізге табыс тілеймін,-деген аймақ басшысы Алик Айдарбаев бірқатар медицина қызметкерлерін алғысхаттармен марапаттады.

         Шарада сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Руслан Бектубаев бүгінгі таңда өңірде 1500 дәрігер мен 5000-ға жуық орта буын жұмыс жасайтынын жеткізді. Әрбір медицина қызметкерінің облыс тұрғындарының денсаулығын жақсартуға қосып жүрген үлесі зор екенін атап өтті.

         -Құрметті әріптестер төл мерекемен баршаңызды құттықтаймын. Отбасыларыңызға бақыт, дендеріңізге саулық тілеймін. Өлке медицинасын дамытуға қосып жүрген еңбектеріңізге ризашылығымды білдіремін,-деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Руслан Бектубаев.

         03

Мұнан кейін 2016 жылдың үздіктері сахна төріне шақырылып, арнайы алғысхаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік аурухана-2016» аталымына-Жаңаөзен қалалық перзентханасы, «Үздік бастапқы медициналық санитарлық көмек мекемесі-2016» аталымына-Мұнайлы аудандық орталық емханасы, «Үздік диспансер-2016» аталымына-облыстық онкологиялық диспансер, «Үздік медициналық орталық-2016» аталымына-облыстық стоматологиялық орталық, «Үздік жекеменшік орталық-2016» аталымына-«Sofie Med Group» клиникасы, «Үздік инновациялық технологияларды енгізудегі озық тәжірибиесі үшін» аталымына-облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы, «Үздік пациент-2016» аталымына-Жаңаөзен қалалық емханасының терапевт-дәрігері Райхан Бақтыбаева лайық деп танылды. Сондай-ақ, кеш барысында сахна төріне биыл өмірге келген үшемдер Раяна, Даяна және Аяна шақырылып, нәрестелердің ата-аналарына облыстық денсаулық сақтау басқармасы атынан 100 мың теңге табысталды.

      05

Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау саласының «Еңбек ардагері» медалімен — Ақтау қалалық №2 емханасының акушер-гинекологы Наталья Федорова, Маңғыстау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің медбикесі Мансия Елубаева, облыстық наркологиялық диспансерінің невропатолог-дәрігері Меңдібай Маябасов, Түпқараған аудандық орталық аурухананың психиатр-дәрігері Бағила Қалиева, Е.Оразақов атындағы Тұщыбек туберкулезге қарсы санаторийінің фтизиатр-дәрігері Берекет Төлепбергенов, Жетібай аудандық ауруханасының хирург-дәрігері   Алдаберген Дюсембаев марапатталды. Тағы да 28 денсаулық сақтау қызметкерінің еңбегі «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі» төс белгілері табысталды. Медицина қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Кузанов аймақтың бірнеше дәрігерге «Пирогов» медалін табыс етті.

         Салтанатты кеште түбектегі медицина қызметкерлері ән шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сондай-ақ, мерекелік шара аясында қолөнер бұйымдарынан жасақталған және облыстағы медицина мекемелерінің жұмысын көрсететін көрме ұйымдастырылды.

Венера МИРЛАН