«Менің сүйікті ісім» тақырыбында әркім әрқалай толғануы мүмкін. Сурет салу, тігін тігу, кітап оқу, дәмді ас дайындау, би билеу де  қыз біткеннің бір әуестігі. Ал, ән айтуды жаны сүймейтін адам жоқ шығар, сірә. Тек, «дауысым жоқ» деп кері кететіндерді қоспағанда.

 Қызылтөбе мәдениет үйіндегі «Вокал» үйірмесіне қатысып, ән айтуды сүйікті ісіне айналдырған аудан жастарының  бос уақыты  осында өтеді.

Аудандық мәдениет үйінің директоры Маргарита Омарованың айтуынша, «Жаңа есім» шығармашылық жобасында финалға шыққан 14 үміткерге республикалық, халықаралық сайыстарға жолдама бөліп берілген. Солардың ішіндегі «А-Лэр» тобының мүшесі Алина Бакиева Астана қаласында өткен республикалық «Музыка әлемі» байқауында топ жарып, халықаралық телевизиялық байқауға жолдама алып келген-ді. Бұл туралы біз газетіміздің өткен сандарында жариялаған болатынбыз. Енді міне, тағы да сүйінші хабарымызды жеткізгіміз келіп отыр.

Жуырда Атырау қаласында  өткен ХIII республикалық «Ақ көгершін» байқауына әр түрлі номинациялар бойынша барлығы 600 өнерпаз, «Эстрадалық вокал» айдары бойынша аудан атынан 4 бала қатысып, Нұрболат Ісенбай  2 орын, «Кіші кәусар» тобы 3 орынды иемденіп қайтты. Ал, осы айдың басында Алматыда өткен VI  халықаралық «Тау күні» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауында Маңғыстау-4 ауылындағы №11 орта мектептің оқушысы 12 жастағы Біржан Алхам аса шеберлікпен өнер  көрсетіп, бірінші орынды қанжығасына байлады.

─ Ол жақта маған өте қызық болды. Сайысқа 70 шақты бала қатысты. Бас жүлде Қырғыз еліне, «Тек алға», «бақытты күн» әндерін орындаған маған бірінші орын  бұйырды. Көптеген достар таптым, — дейді жас әнші.

Біржан мектепте озат оқушы. Ағылшын тілі пәнін сүйіп оқиды екен. Ата-анасының тұңғышы,  үш інісі, бір қарындасы бар.

Аз уақытта жеңіс туын желбіреткен шәкірттер ұстаздардарына алғысын жарыса айтады. Олардың Маргарита Омарова, Гүлжанар Рафхатова, Сандуғаш Жолмағанбетова, Гүлжазира Аленова сынды ұстаздарына деген көңілдері бір төбе.