Облыс әкімдігінің бастамасымен, «Маерск ойл Қазақстан» және «Ерсай Каспиан контрактор» компаниясының қолдауымен өңірімізде жергілікті кадрларды дайындауға ден қойылған-ды. «Кәсіби оқыту орталығында» халықаралық дәрежедегі дәнекерлеуші және монтаждаушы мамандығын меңгерген 45 маманға наурыз айында диплом табысталған болатын. Осы әлеуметтік жобаға ілігіп, еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын игерген жетібайлық Әділжан Қосанов пен Нұрболат Таубаев Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрме кешенінің құрылысында еңбек етіп жүр.

3Бүкіләлемдік маңызға ие көрме Қазақ елінің қуатты мемлекет ретінде қалыптасуын, бағындырған биік белестерін, тамыры тереңде жатқан тарихымызды паш етеді. «Болашақтың энергиясы» деп аталатын баламалы энергия көздеріне, «жасыл» технологияға арналған көрме еліміздің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыруға қуатты серпін бермек.

 – Бүгінгі таңда Астана қаласындағы Есіл ауданында 174 мың гектар аумақты алып жатқан ЭКСПО қалашығының құрылысы қарқынды жүргізілуде.Еліміздің түкпір- түкпірінен келген мамандар көрме кешені, тұрғын үйлер, әлеуметтік-мәдени, білім беру және денсаулық сақтау нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар салуға атсалып жатыр. Екі қолға бір күр
ек іздеп жүргенімізде «Маңғыстау-Имсталькон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан ЭКСПО қалашығында жұмыс жасауға ұсыныс түсті. Ауылдасым Әділжан Қосанов екеуіміз бұл ұсынысқа қуана келісіп, елордаға жол тарттық. Қайталанбас сұлулығымен және бірегейлігімен көздің жауын алатын алып құрылыс аумағында сауда және ойын-сауық орталығында дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрміз. Жатақхана мен тамақ тегін берілді. Қазір биіктігі 25 метр болатын екі ғимараттың арасын жалғап, жүретін жол салып жатырмыз. Нысанның сырты әйнекпен қапталады,-деді дәнекерлеуші Нұрболат Таубаев.

Осылайша, қазақстандықтар зор үміт пен сенім артатын, болашаққа бағытталған «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрылысына маңғыстаулық жұмысшылар да үлесін қосып жүр. Жерлестеріміз мемлекетіміздің мығымдығын, еліміздің еңселілігін, әлеуетін көрсететін қалашықтағы ғимараттың құрылысы толық аяқталғаннан кейін, маусым айының аяғында Маңғыстауға оралмақ.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ