Семей қаласында  естімейтін және есту қабілеті нашар мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында үстел теннисінен өткен  Қазақстан Республикасының Чемпионаты мәресіне жетті. Ел біріншілігіне еліміздің 8 облысынан және Алматы, Астана қалаларынан 50-ге жуық спортшы қатысып, бақтарын сынады.

мугедек спорт Семей

-Аталмыш жарысқа облысымыздың атынан алты спортшы қатысты. Олар: Қазыбек Қайыпбергенов, Қуаныш Қосжанов, Нұрсұлтан Қабылов, Серік Джундыбаев, Марина Ли, Наталья Гороховалар. Жарысқа спортшыларды белгілі бапкер Нұрлыбек Қожабеков дайындады. Жарысқа дайындық өз деңгейінде өтті. Спортшы қыздарымыз да үмітімізді ақтап, облысқа жүлделі орындармен оралды,-дейді облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Нұралы Құлышев.

Жарыс қорытындысында облыстың спортшы қыздары Марина Ли мен Наталья Горохова әйелдер арасындағы жұптық ойында күміс медальді қанжығаласа, командалық есепте І-орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, әйелдер арасындағы жеке есептегі біріншілікте Наталья Горохова қола медальға, аралас жұп категориясы бойынша қарағандылық спортшымен жұптасып, ІІІ орынға ие болды. Осылайша, облыс қоржыны 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медальдармен толықты.

Венера МИРЛАН