Журналистер қауымының жұмысы оқиғаның дәл ортасында болып, түрлі кәсіптен хабардар болуымен де ерекшеленеді. Олар бір күні дәрігер кейпіне енсе, енді басқа күні президент те, қарапайым халық та бола алады. Ал біз  бұл жолы өзімізді әскери-теңізшінің рөлінде байқап көрдік.

Әскери-теңіз күштері ұйымдастырған баспасөз турына қатыстық. Әскери теңізшілердің өміріне саяхатамыз Ақтау қаласында орналасқан 29011 әскери бөлімінің оқу-жаттығу орталығынан бастау алды. Әскери тәртіптің табалдырықтан басталатынын бөлім аумағына бас сұғудан-ақ аңғардық. Толық тексеруден өттік.

Баспасөз турға республикалық, өңірлік БАҚ өкілдері қатысты. Олар бір күнге созылған  шарада әскери-теңіз күштерінің тыныс-тіршілігімен жақын танысып, осы салада  қызмет ететін ержүрек сарбаздардың арпалыса атқаратын жұмыстарына тікелей куә болды.

Әскери-теңіз айлағы Каспий теңізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық мүддесін қорғауға қабілетті. Ұтқыр заманауи техникалармен жан-жақты жабдықталған. Мұндағылар кез-келген сынаққа жасымай төтеп беретін, жоғары білікті арнайы мамандар. Елдің тұтастығы мен тыныштығын қамтамасыз етуге, алаңсыз қызмет атқаруға орталықта барлық жағдай жасалған. Толқыны жан тербеген сұлу Каспий өзіне тәнті етіп, ынтықтыра берері сөзсіз. Бірақ дауылы тентек теңіз үстінде қызмет ету жауапты міндет…

Оқу-жаттығу орталығында теңіз күштерінің мұражайы таныстырылды. Онда осы салада қызмет жасаған ардагерлердің еңбектері, теңізшілердің киім үлгісі,  түрлі құнды дүниелері қойылыпты.

Одан кейін бет бұрған бағытымыз — оқу орталығының оқужаттығу станциясы болды. Бұл жерде журналистер кемені су алып, от шарпыған жағдайда бір-біріне көмектесіп, аман қалудың жолын іздеді. Мақсат айқын. Аз ғана уақыт аралығында  тесілген жерді бітеп, жалындаған отты жұмыла жүгіріп, апаттың алдын алды. Өзіміз сол аталған міндеттерді атқарғанда ғана  қызығы да қиындығы мол теңізшілердің жұмысы шапшаңдық пен шеберлілікті талап ететінін тағы бір рет түсіндік. Олардың батылдығы бізді таң қалдырмай қоймады.

Сонымен қатар журналистер арнайы су киімін киіп, теңізшілермен суға сүңгіп, әскери қимылдар жасады. Су астында бір-бірін естімей, көрмей үнсіз түсінуі сарбаздардың өз ісінің хас шебері екенін айқындай түсті. Әскери-теңіз күштерінің елімізге қаншалықты қажет екенін және олардың ел тыныштығы үшін аянбай тер төгіп жатқандығын дәлелдеді.

Әскери-теңіз айлағында тізілген корабльдер кез келген жағдайға сақадай сай екені байқалады. Біз судай жаңа «Алатау» кемесіне жайғастық. Кеменің теңізде жүзу қабілеті 5 балды құрайды. Озық  құралдармен жабдықталған. Негізгі мақсаты  су асты миналарын айшықтап, жоюға бағытталған. Ондағы экипаж мүшелерінен жоғары біліктілік талап етіледі. Барлығы соған сай іріктелген мамандарды көрдік. Қуатты құрылым. Каспийде елді күзетуді абыройлы міндет пен ерлікке санайды.

Қалыптасқан дәстүрге сай теңіз айдынына шығып, қатарға қосылған теңізші теңіз суын ішуі тиіс екен. Осы қағиданы бұлжытпай орындай алған адам ғана теңізші бола алады. Тұзы тіліңде көп уақытқа дейін сақталатын  теңіздің кермек суын ішу тұрмақ, ауыз тиюдің өзі қиын болса да әріптестеріміз бұл тапсырманы да абыроймен атқарып шықты. Нәтижесінде корабльдың капитаны оларға нағыз теңізші деген сертификат берді.

Біздің бұл сапарымыздың негізгі мақсаты Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай БАҚ өкілдерінің осы бағыттағы танымын толықтырып, қос саланың байланысын нығайту, әріптестік қарым-қатнасты бүгінгіден де жақындату болды.

— 25 жылда үлкен серпіліс жасалды. Қазір армия басқа, тоқсаныншы жылдардағыдай емес. Кәсіби мамандар, материалдық-техникалық базалары бар. Әрі заманауи қаруланған. Журналистердің халықпен арадағы көпір екені белгілі. Сондықтан осындай шара ұйымдастыруды қолға алып отырмыз, — дейді саяхаттың басынан аяқ бізбен бірге жүріп, өзі басшылық жасаған  ҚР Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы  Жандарбек Жанзақов.

Зухра Әбділ-Саттар