Бүгін танысу сапарымен Маңғыстау ауданына барған облыс әкімі Ералы Тоғжанов ауданның активімен кездесті. Жиында аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров өткен жылдың әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіштерінен хабардар етіп, жасалатын жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді баяндады.

         Алдымен Маңғыстау ауданының тарихымен таныстырған аудан әкімі Жармағанбет Қайырмағанбетұлы ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау салаларына және  «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020»,  «Қолжетімді баспана –2020», «Ақбұлақ» бағдарламаларының орындалысына тоқталды.

      Аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров Ащыбұлақ ауылында 600 орындық мектептің құрылысы басталатынын жеткізді. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Лепес Бекжанов Ащыбұлақ ауылында бой көтеретін мектептің келесі жылдың ақпан айында құрылысы бітетінін хабарлады.

         Аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров денсаулық сақтау саласында аудан көлемінде екі ауылға 2 маман жетпейтінін айтты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева Маңғыстау ауданында медицинада маман тапшылығы жоқ екенін, қажетті хирургты травматолог мамандығына машықтандыру жоспарланғанын қаперге салды.

         Жол бойындағы жұмыстардың жөні айтылған уақытта облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Шетпе– Жетібай – Жаңаөзен бағытындағы жолдың қашан пайдалануға берілетінін сұрады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әліби Көшербаев бұл бағыттағы автокөлік жолының құрылысы 2017 жылдың аяғында аяқталатынын жеткізді. Аймақ басшысы автокөлік жолының әр учаскесінде жергілікті тұрғын жұмыс жасауы керектігін тапсырды.

         Ауылдарды сумен қамту мәселесі қозғалғанда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков Жармыш, Жыңғылды ауылдарын сумен қамту жұмыстары биылғы жылдың аяғында толықтай шешімін табатынын хабарлады. Осы сәтте облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы жұмысты дер кезінде, белгіленген уақытта жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.

         Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы мектептерді интернет жүйесіне қосуды жеделдетуді тапсырып, үш тілді білім беру жүйесіне қаншалықты дайын екенін сұрады. Облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова аудандағы 22 мектептің барлығы интернет жүйесіне қосылғандығын, оның 6-ы жоғары жылдамдықта  жасап тұрғанын, қалған білім беру орындарының жылдамдығын арттыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 2019 жылы облыста 21 мектеп үш тілді білім беру жүйесімен жұмыс жасайтынын хабарлады.

         – Танысу сапарымды қарашаңырақ, облыстың атымен аттас Маңғыстау ауданынан бастап отырмын. Бүгінгі жиында барлық мәселелерді қамту мүмкін емес. Ауданның 90 жылдығына орай жоспар құрып, басшылармен бірге жан-жақты ойластырып, дайындықты бастау керек. Ауданда жұмыспен қамту көрсеткіші жақсы. Осы қалыпты ұстау керек, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

         Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева Маңғыстау ауданында өткен жылы 10, жыл басынан бері 5 нәресте өлімі тіркелгенін және бұл көрсеткіштің басқа аудандарға қарағанда төмен екенін айтты.

         «Бұл мәселеде көрсеткішпен салыстырудың қажеті жоқ. Нәресте өліміне дәрігерлер ме әлде аналардың өзі кінәлі ме? Бір баланың өміріне бәріміз жауап береміз. Әр баланың өмірі үшін күресуіміз қажет. Аяғы ауыр аналар денсаулығына салғырт қараса, түсінік жұмыстарын жүргізіңіздер. Халыққа медициналық көмек көрсетуге қуақарымыз жетпей ме? Тексеру жұмыстарының қорытындысын маған беруіңізді тапсырамын» деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов Шетпе – Қызан бағытындағы жолдың 1-кезеңін жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін келесі кезеңнің жұмыстарын жүргізуге жобалық- сметалық құжаттама уақытында неліктен жасалмағанын сынға алды. Бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашевқа осындай жөнсіздіктің қайталанбау қажеттігін, істі созабалаңға салмай, жобалық- сметалық құжаттамасы алдын ала дайындалу қажеттігін назарға берді.

         Жиында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлы агроөнеркәсіпте атқарылып жатқан жұмыстардан және алдағы жоспарлардан хабардар етті.

         Облыс әкімі өңірдегі жер қойнауын игеруші компаниялар демеушілігімен аргоөнеркәсіп секторын дамыту жөнінде ұсыныс беріп, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлына осы саланы дамыту бағытында әр ауданның ерекшелігіне байланысты  жаңа жоспар құруды тапсырды. Сондай-ақ жан-жақты мүмкіндігі бар аудан жергілікті халықты өз өнімдерімен қамтуы керектігін қаперге салды.

         – Ауданда жұмыссыздар есебінде тіркелген 121 адам қоғамдық жұмыстарда жүре бермеуі керек. Оларды құрылатын жұмыс орындарына орналастыру қажет. Биыл ашылатын 780 орынның біліктілік талаптарына сәйкес оларды оқыту жұмыстарын қолға алыңыздар, – деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

         Жиында сөз алған Шетпе ауылының тұрғыны Өтелген Жайлаубаев зейнеткерлерді медициналық сақтандыру жөнінде сауал қойды. Бұл сұраққа жауап берген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Сәнімгүл Қайымова әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден зейнеткерлер босатылатынын хабарлады. Шетпе ауылы ардагерлер кеңесі төрағасы Қуантқан Исаев жуырда тағайындалған облыс әкімінің қызметіне тұрғындар атынан сәттілік тілеп, келешекте  Шетпеге өнім өндіретін өндіріс орны қажет екенін айтып, Шетпеден Қызанға баратын жолға асфальт төсеу жөнінде ұсыныс білдірді. Еңбек ардагері Тыныштық Ахметова Жармыш ауылына мәдениет үйін салу мәселесін көтерді. «Мәдениеті бар ұлттың ғана болашағы бар» деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов бұл істің оң шешімін табуы үшін орынбасары Шолпан Илмұханбетоваға тапсырма жүктеді. Шетпе ауылының тұрғыны Сабақбай Тілегенов Тиген ауылына газ тарту мәселесі көптен бері шешімін таппай келе жатқанын жеткізді. Аймақ басшысы бұл мәселе шешілетінін хабарлады. Маңғыстау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманқос Ертілеуов  ауданда терапевт педиатрдың жұмысын атқарып отырғанын алға тартты. Аймақ басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаеваға бұл мәселені жеделдетіп шешуді тапсырды.

         Жиынды қорытындылған облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы келер жылы өтетін ауданның 90 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді, сол арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуді тапсырды.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

1-Отпантау (4)

3-муражай жиналыс (8)

3-муражай жиналыс (16)

3-муражай жиналыс (22)

3-муражай жиналыс (23)

3-муражай жиналыс (34)

????????????????????????????????????
????????????????????????????????????