Елордамыз Астана қаласында жастар арасында дзюдодан төртінші халықаралық жарыс мәресіне жетті. Дүбірлі додаға 2005-2007 жылы туған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Белоруссиядан келген 800-ге жуық спортшы қатысты.

Аталмыш жарыстан Ақтау қаласындағы «Шоғы батыр» спорт кешенінің балуандары 32 келі салмақта Диас Жолдыбаев пен 35 келі салмақта Мейрамбек Дарябай жарыс жеңімпазы атанып, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, 29 келі салмақта белдескен Диас Абыл күміс медальді қанжығалап, облыс мерейін өсірді.

-Жалпы жарысқа біздің спорт кешеніне 15 балуан қатысты. Үшеуміз жеңіс тұғырынан көрініп, облыс қоржынын алтын және күміс медальдармен толықтырдық. Бес қарсыласымды да айқын басымдылықпен жеңіп, бапкерлерімнің үмітін ақтадым. Мен бұған дейін де бірнеше республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрмін. Болашақта Елдос Сметов ағамдай елімнің намысын Олимпиада ойындарында қорғағым келеді,-дейді  Балуан Диас Жолдыбаев.

Венера МИРЛАН