dastarhan дастархан

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы ақсақалдары тағы бір оң бастама көтерді. Бұл жолғы мәселе соңғы кездері тұрмысымызға дендеп еніп алған бақилық болған адамның кәделерін кәдімгі тойдан кем қылмай өткізуді доғару еді. Дүйсенбі күні Маңғыстау ауданына  іссапармен келген облыс әкімі А.Айдарбаев  «Маңғыстаулықтар әрдайым ел өміріндегі маңызды шешімдер қабылданатын кезде бірлік пен тұтастықты көрсете білген. Өйткені бірлік бар жерде ырыс пен береке, елдің қарқынды дамуы болатыны сөзсіз»,-деп аудан ақсақалдарының қашанда елдік істердің ұйытқысы болып жүргендеріне ризашылық білдірген болатын. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған сол қарашаңырақ

Ардагерлердің бастамасымен сәрсенбінің сәтінде аудандық мәдениет үйінде өткен жиынға аудан әкімі Жармағанбет Айтуаров, Ақтау қалалық Бекет Ата мешітінің бас имамы Дүйсен қажы Әбуұлы, Маңғыстау облысы діни басқарманың бөлім басшысы  Иса Есенәлі және осы мәселеге бей-жай қарамайтын бес жүзге жуық ел азаматтары қатысты.

Жиынның күн тәртібіндегі мәселе – Маңғыстауда садақа өткізудің ортақ әдебін қалыптастыру. Көптен айтылып жүрген садақадағы аста-төк ысырапшылдықты тиып, нүкте қойып тастамағанымен, сеңнің қозғалуына септігі тиер жиын болды. Өлім – торқалы той емес екенін біле тұра дастарханды жайнатып қоятынымыз, жаназаға толық қатыспай, топырақ салуға бармайтынымыз, садақаға мата апарып, оны өңін өзгертіп алып кететініміз, соңғы жылдары қонақасының мәнін түсінбей жүргеніміз және тамбайғазы деп оңды-солды тағы шашылатынымыз туралы өткір пікірлер айтылды. Және осы айтылғандардың жөн-жосығы түсіндірілді. Кісісі өлген қаралы үйге қыруар шығын келтіретін бәсекелестікті бәсеңдету, ысырап пен ынсаптың жәйі айтылды. Жастар садақаға орнымен барса деген ұсыныстар да көкейге қонымды, мұның бәрі ереже емес, ақсақалдардың ұсынысы ғана.

халық

Енді басқосуда айтылған ұсыныс-пікір мен қолдау тауып құпталған үндеудің  тінін тарқатайық. Алдымен күн тәртібіндегі мәселе туралы баяндама жасаған Маңғыстау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ертілеуов Аманқос үндеудегі жеті мәселені жіктеп берді. Ардагерлер кеңесі мүшелерінің алдын ала зерделей, зерттей келе дайындаған ұсыныстың біріншісі жаназаға келген әрбір мұсылман  дәрет алып келуі шарт және жаназа намазына қатысып, марқұмға топырақ салып, садақадан ауыз тиюі керек деген болды. Бұл айтылғандарды ардагерлер не үшін ұсыныс етіп, көпке жолдауының мәні мынада. Қазіргі кезде қайтқан кісінің жаназасына орта есеппен 100-500 адам жиналса, соның 40-50 дейі ғана намазға тұрады. Қалғаны қолдарын қалтасына салып, ұялы телефондарын шұқып, күбір-күбір әңгіме айтысады. Сонда олар намазға қатыспауының себебін «дәретіміз жоқ» деп түсіндіреді. Садақаға келіп тұрып ақыл есі дұрыс әрбір мұсылманға парыз болған жаназаға қатыспау, топырақ салмауы жөн емес дейді үндеу тастаушылар.

Ертіліуов

[quote arrow=»yes»]Келесі мәселе садақа дастарханының мәзіріне қатысты болды. Астамшылық, ысырапшылдық, шашпалық, дарақылықтың нақ үлгісін көрсететін біздің садақаға арнап жайған дастарханымыз тойдың, салтанатты мерекенің дастарханымен бірдей.  Садақаға жұрт тою үшін емес, ауыз тию үшін келеді. Қазір жастардың өлімі көбейіп барады, мұндай садақаларға халық көп жиналады. Олардың көбі шайдан ауыз тигеннен кейін етке қарамай кетіп қалады. Қаншама ет ысырап болып, далаға төгіледі, әрі 50-100 табақ ет тарту, соншама мал сою, оңай шаруа емес, үлкен ысырап. Ауыл үлкендеріне, молдаға, алыстан келген ағайындарға табақ тартып, қалған етті турап дастарханға қойса, келген адамның бәрі еттен ауыз тиіп кетер еді әрі ет ысырап болмас еді.[/quote]

[quote arrow=»yes»]Келесі ұсыныс: марқұмның рухына құран бағыштау, бата оқудың сауабын жете сезінбей, бата оқуға барғанда барлығымыз марқұмның рухына құранды имам немесе ауылдың үлкеніне бағыштатып жүрміз. Бұл дұрыс емес. Бақилық болғанның рухына қанша адам құран бағыштаса, оның сауабы да мол болады. Сондықтан біз бата оқыту үшін емес, бата оқу үшін баратынымызды ұмытпайық.[/quote]

[quote arrow=»yes»]Төртінші мәселенің төркіні қаралы шаңыраққа көрсетілетін көмектің көмескі тұстары болды. Адамы қайтқан үйге көмек берген жөн, бірақ әйелдердің бір шүберекті әкеліп екіншісін алып кетуінен ол үйге қандай пайда? Әйелдердің әкелген пакеттегі матасын 2 келін ауыстырып тұрады. Бұл қаралы үйге көмек емес, керісінше, зиян. Бата оқуға келген адам жағдайына қарай ақшалай кемі 200-500 теңге көмек берсе, ал қайтыс болған үйдің жақындары, сүйекке салатын, қабіршілерге беретін киімдерді әкелсе болады.[/quote]

[quote arrow=»yes»]

Бесінші ұсыныста қонағасының кімдерге берілу керектігі, қонақасыға жұрттың жаппай баруы жөнсіз екені айтылды. Қонақасы марқұмға топырық салу үшін, садақаға бата оқу үшін алыстан келген ағайындарға кешке берілетін ас. Қонағасыда алыстан арнайы келген ағайын, ет жақындары, көрші-көлем, ауылдың ақсақалдары, ертеңгі болатын садақаға көмек көрсетіп жатырған жастарға бір қойдың етін тартады. Қазір садақаға қанша адам келсе, қонағасыға да сондай адам қатысатын болып жүр. Бұл да, үлкен ысырап, барлық адамдардың жағдайы бірдей болмайды, жағдайы қиын отбасыларына оңай емес. Сондықтан да қонағасыға жаппай келу дұрыс емес. Садақаға келуге сол кезде қолың тимесе артынан арнайы барып бата оқып кетуге болады. Бата ескірмейді.

Алтыншы мәселе «там байғазы» деген атаудың өзі қате дегеннен басталды. Себебі, байғазы деп жаңа сатып алған дүниеге берілетін сыйлық. Байғазы сұрау қуаныштың, мерекенің белгісі, ал қайтыс болған адамға мола салып, соған байғазы сұрау қисынға келмейді. Сондықтан да, там садақасы деп атаған орынды болар. Там садақада марқұмның тамын салған адамдардың еңбегін бағалап ақысын берген жөн. Бірақ, қазіргідей қауымның басына барып, қабірлерді таптап, жаңа салынған тамның үстіне неше түрлі кілемдер мен маталарды жауып, жиналған елге дүние тарату, қауымның басын базарға, бәсекеге айналдыруға болмайды! Қандай шара жасасаң да, үйіңде немесе арнайы салынған түнеуханада берілгені дұрыс.

[/quote]

[quote arrow=»yes»]Соңғы ұсыныста қасиетті бес парызымыздың бірі Зекет берудің сауабы айтылды. Құдайға шүкір қазір халықтың жағдайы жақсы. Өрісіміз малға, қонысымыз жанға толды. Биыл Маңғыстау ауданының өзінде қой 146 мың, жылқы 32 мың, түйе 20 мың, сиыр 7 мыңнан асты. Алланың берген сыйын қадірлеп, парызымызды орындайық. Зекет бергеннен, садақа бергеннен ешкім кедейленіп қалмайды. Қайта жиналған дәулетінін қайырын көреді.[/quote]

Міне, осындай орынды ойларын ортақ талқыға салған А.Ертілеуов: «Біздің сіздерге ұсынып отырғанымыз заң емес, ұсыныс ғана. Біз ешкімнің садақасын, ешкімнің дастарханын, ешкімнің малын билемейміз, әркім садақаны қалай жасаймын десе де өз еркі. Бірақ, біз ел ақсақалдары болғасын, астамшылық пен ысырапшылдықты азайтып, садақа өткізудің маңғыстаулық ортақ әдебін қалыптастырғымыз келеді. Біздің үндеуімізді түсіністікпен қабылдап, Маңғыстау облысының барлық қала, аудан, ауылдарында халық болып талқылып бір ортақ шешімге келеді деп үміттенеміз», — деп сөзін аяқтады.  

имам

Дүйсен қажы Әбуұлы ақсақалдардың көтеріп отырған мәселесі қай тұрғыдан да дұрыс екенін айтты. Садақа өткізудегі жіберіліп жүрген кемшіліктер салт-дәстүр, ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізіп қана қоймай, шариғатқа қайшы екенін де ескертті. Ысырапшылдықтың зияндығын Құран кәрім әрі пайғамбарымыздың сүнетті жетеріне жеткізіп баяндаған. Аста төк ысырапшылдықтың өліге де тіріге де пайдасы жоқ, керісінше зиян екендігі жөнінде уағыз айтты.

Мінберге шығып пікір айтқан ардагер құрылысшы Шаймырза Байпақов, ауданның Құрметті азаматы Сұлтан Жұбаев, Онды ауылының азаматы Жәнібек Қожық және басқалары қозғалған мәселенің төңірегінде ой өрбітіп, жиналғандарды садақа өткізудегі  орынсыз амалдарды жоюға жұмыла кірісуге шақырды.

Аудан әкімі Ж.Айтуаров ақсақалдардың көпшілікке жолдаған үндеуінде айтылған кемшіліктерді түзету арқылы еліміздің ырыс-несібесін арттырып, ұрпағымызға дұрыс жол көрсетіп кетейік деп, аудан халқын бастаманың аяқсыз қалмауына атсалысуға үндеді.    

Жұбаев Сұлтан

Шаймырза Байпақов

Бағзыдан бергі бағытымыздан жаңылып, өліге батадан басқасының тимейтінін түсінбей бәсеке-байлықтың буымен қазаның қайғысын қуанышқа айналдырғанымызды айтқан ақсақалдар мен елге жанашыр азаматтардың жанайқайы өліге деген құрметтің құны кеміп, құндылықтарымыздың құрдымға кетуі.

Ақсақалдардың үндеуін елмен бірге тыңдап, кемшіліктерімізді көргеннен кейін  алдымен той мен садақаның ара жігін ажыратқанымыз жөн ау деген ойға қаласың. Бұл құлаққа түрпідей тисе де біздің қазіргі жағдайымызда айтуға тура келеді. Өйткені, өз ортамызда садақа берудегі келеңсіздіктер көбейіп кетпесе  бұл мәселе көтерілмес еді. Мәселен, отбасының бір мүшесі келмеске кетіп қапа болғанда жайылған дастарханның шаңырағы бір адамға толығып келін алып, балалы болып қуанғанда жайған дастарханмен бірдей болуы ара жікті ажыратпағанымыз емей немене? Садақаға жасы да жасамысы да жарыса барып, жамырай сөйлеп жапатармағай жөңкіліп жүргеніміз де жөнсіз. «Әкесі ұрысса балаға — ол да достық, Баласы ұрысса әкеге жараса ма?» деп Абай айтқандай,  жастардың өлімді жерде өріп жүруі орынсыз. Үш метр мата мен киюге емес көруге арналған, жағасы бар да жеңі жоқ, кеудесі бар да белі жоқ қауқиған қораптағы ер адамның көйлегін әкеліп, кетерде келіндерге мұрша бермей пакет іздеп сабылып жүргеніміз қаралы жанның жүрегіне қатты тигені болмаса өліге де, өлім жөнелткен үйге де тигізері жоқ. Тамбайғазыда таратылған жыртыстың көлемін өлшеп, кілем мен кигізген шапанның санын шығара алмай самбырлап отыратындардың ортамызда бар екені қынжылтады.   Бата оқудың жәйіне келсек манағы жапатармағай жосылған жұрт марқұмның есімін бірі айтса, бірі айтпай бет сипай салатыны жасырын емес. Шай ішуге кірген көпшілік бірін бірі күтпей тие берсінін айтып тұра жөнеледі,  самсаған тамақтың мұрты шұқылмай қалатынын айтпағанда өре түрегеліп тез кетудің амалын жасау да жарасымсыз. Өсіп-өніп, немере-шөбере сүйген қарттың қазасының орнымен келген қаза екенін сыртта айтсақ та садақасында «бұл кісілердікі той ғой» дейтіндерге қарсымын, өлімді тоймен шатастыруға қақымыз жоқ.

Обал-сауапты санамыздан сырғытқан бәсекелестікте бәйгеге түсіп жүрген біз ынсапты ысырып қойып, ысырапшылдықтың ырқына көндік. Мәселеге пікір қосқандар садақаға тойға дайындалғандай шашылатынымыздың сыры елдің сынынан қорыққаннан және бәсекеқұмарлықтан дейді. Келген жұрттың «дастарханы жұпыны екен», «не жетпей отыр» дегенінен қуыстанып дастарханды көл-көсір етіп қоюды білгенде, қазалы үйде жайнап тұрған дастархан көңілді құлазытатынын неге білмейді? «Өлімнің де өсегі бар» деп дастарханды сынағандар «құтылғанына қуанғандай құлпыртып қойыпты» деп айтпасына кім кепіл? Кемшілікті өзімізден емес өзгеден іздеп, біреуден көретін әдетімізбен бұл жәй ғана өзімізді ақтап алу ғой. Сайып келгенде бәрі сол бәсеке-байлық, дарақылық екені даусыз.

Үндеу әлеуметтік желі арқылы таратылды, көптеген адам пікір қосып үлгерді. Басым көпшілігі қолпаштап, қолдау тапқанын қуаттаса, біреулер сөз жүзінде қалмаса игі деп жазуда. Әрбір адамға әртүрлі жағдаймен дүние-мүліктің нәсіп етілуі, сол пенде үшін өзгеше қайыры бар деп білген жөн. Ризықты беруші де алушы да – Алла. Сондықтан да ысырапқа жол беру – өркениетке де, мәдениетке де, қасиетті Құран талаптары мен ұлттық салт-дәстүрге де қайшы екенін ұмытпайық.

Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА

3 ПІКІРЛЕР

  1. Дұрыс бастама! Мен қосылам осы айтылған ұсыныстарға. Сосын адамдар кеткесін кешке ақша санап отыратындар бар, жазылған дəптерге қарап , анау андай əкелген , мынау мындай əкелген деп, менің ойымша ол да дұрыс емес сияқты. Сосын кейбіреулері дəптерге жаз, бəленше осындай ақша берді деп. Əркім өзінің əлінше əкелу керек қо. Тіпті кейбіреулері садақаға апаратын ақша жоқ деп, ақша іздеп жүреді. Сонда ақша таба алмаса бармай ма? Өз ойым…

  2. […] жою туралы көпшілікке ұсыныс жолдағаны туралы «Топырақты өлімде тойдай шашылуды тоқтатайық!» деген мақала жарияланған еді. Бұған дейін Бейнеу […]