Облыстық әкімшілікте облыстық ІІД бастығының орынбасары Бердібек Нсанбаев, көші-қон полициясының бастығы Гүлшара Бастаубаева және облыстық «Азаматтық үкімет» филиалының директоры Ербол Байжігітовтің қатысуымен тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу жөнінде баспасөз мәжілісі өтті.

2016 жылдың 22 желтоқсанында елімізде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Жаңа құжаттағы өзгерістерге халық елең етіп, аймақтағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына тіркеуге тұруға асықты. Қоғамда қызу талқыға түскен тіркеу жайында құзіретті органдар толыққанды түсіндірулер беріп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

— Көші-қон заңында бұрын уақытша тіркелу мерзімі 3 ай болса, жаңа заңда 10 күн ішінде тіркеліп үлгеру қажет. Қазақстан аумағында тіркеусіз жүрген азаматтарға заңда көрсетілгендей әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің баптарына сәйкес жауапкершілік көзделген. Жаңа заңға сәйкес үй иелері өз жылжымайтын мүліктерінде тұрып жатқан адамдарды тіркемесе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жаңашылдық арқылы «резіңке пәтерлер» мәселесін шешіп қана қоймай, тұрғын үйлерде заңсыз тұру проблемасы да жойылмақ. Тіркеудің басты мақсаты – ішкі көші-қон үдерісін бақылау, белгілі бір өңірлердің даму әлеуетін анықтау, мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу барысында сол аймақтағы халықтың нақты санын жүргізу болып табылады. Бұл есептерді негізге ала отырып, инженерлік-техникалық инфрақұрылымды дамыту, ауруханалар, мектептер салу, жұмыс көздерін құру көзделген. Тұрғылықты жері бойынша тіркеу талаптары әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Және тіркеу азаматтардың жүріп-тұруын шектемейді. Заң бойынша үйге келген туыстар мен қонақтар 30 күннен астам уақыт қонақтап, уақытша тіркеуден өтпесе, 10 АЕК – 22 690 теңге көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады,-деді полиция полковнигі Бердібек Айтжанұлы.

Оның сөзінше, тіркеу қабылданған күні-ақ рәсімделеді. Тіркеу үшін үй иесінің жеке куәлігі (үй иесінің өзі болғаны міндетті), тіркелетін азаматтың жеке куәлігі және тұрғылықты жер бойынша тіркеу үшін 226,9 теңге көлемінде мемлекеттік баж төлеу туралы түбіртегі қажет. Сондай-ақ 18 қаңтардан бастап ҚР азаматтарына Үкіметтің электрондық порталы арқылы онлайн тіркелуге мүмкіндік пайда болды. Оны пайдалану үшін үй иесіне электрондық сандық қолтаңбасы болуы, порталда авторизациядан өтуі керек. Бұл қызмет «Азаматтық, миграция және иммиграция» тарауында, «Халықты тіркеу және тіркеу есебінен алып тастау» қосымша бетінде ашық. 

0536

Бүгінде облыс бойынша 12 мыңға жуық азамат тұрақты және уақытша тіркеуден өтті. Халықтың көп жиналып, ұзын-сонар кезекке тұрмауы үшін Ақтау, Жаңаөзен қалалары және Мұнайлы ауданындағы көші-қон полиция қызметкерлері көбейді, қалалық халыққа қызмет көрсету орталығы 08:00-ден 20:00-ге дейін күшейтілген еңбек тәртібіне көшті.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ