Fashion

Тұңғыш рет жағалауда — Fashion көрсетілім!

Сән өнерінің соңғы жаңалықтары кім-кімге де қызық. Әдетте Fashion көрсетілім бір ғимарат ішінде өтсе, фестиваль қарсаңында теңіз жағалауында, ашық табиғат аясында сән киім үлгілері көрсетілді. Теңіз толқынымен қарсы жүрген сұлулардың киімдері ерекше көз тартарлықтай. Бір мақтанатынымыз, отандық дизайнерлер ұсынған киім үлгілері өзге елдің мамандарынан артық болмаса кем түспейді. Aида Қауменова, Кенже Девятко сынды қаракөз қыздарымыз дайындаған киім үлгілері қазақтың рухани өмірімен, мәдениетімен астасып жатқандай әсер қалдырады.

Көрсетілімге «Aida KaumeNOVA», «Нұр Шах», «KENJE», «Мария ханым» секілді Қазақстанның танымал Сән үйлері қатысты. Сондай-ақ, жас дизайнерлер — «Сән мен Сахна – 2015» халықаралық фестивалінің жеңімпазы Мадина Масақова, Назипа Тұрысбекова және «BB LADIES» сән үйі өз топтамаларын паш етті.  Ilknur Tutuncu және Kerime Dincerol түрік дизайнерлері көрсетілімге қонақ ретінде қатысты.

Фестивалдің екінші күні (16 қыркүйек) Fashion көрсетілім Ақтаудың 4-мөлтек ауданында ұйымдастырылған еді. Дәл сол уақытта Арт алаңда өнер галлереясының алдында қолөнер көрмесі мен Қазақстанның танымал суретшілері – Нұрлан Қилыбаев, Бақытнұр Бөрдесбеков, Сембіғали Смағұловтардың шеберлік сабақтары өтіп жатты. Көрме жұмысына 15-ке жуық маңғыстаулық жас суретшілер қатысты. «Қазақстандағы қолөнерді одан әрі дамыту үшін мұражай мен көрме орталықтарын көптеп ашу керек, әрі Ақтау портты қала, Қазақстанның болашақ туристік орталығыАқтаудағы жас суретшілердің болашағы зор. Ең бастысы, ынталары мықты»,-  дейді суретші-мүсінші, қолөнер шебері, ҚР суретшілер одағының мүшесі Сембіғали Смағұлов.

Ал одан сәл әріде қатысушылар  hand made тауарларының жәрмеңкесіне қарық болып жатты. Бүлдіршіндер өз қиялымен «Тәуелсіздікке 25 жыл» тақырыбында асфальтқа сурет салуды бастап кеткен. Ортада көрмені тамашалауға келген бір қыз отыр. Жан жағында қаумалаған суретшілер… Жанында танымал портретші – Нұрлан Қилыбаев.Жас әріптестеріне портрет салуды үйретіп жатыр. Көрермендер тесіліп қарап, жанында әрқилы пікірін айтып тұрса да, суретшілердің көзі қызда, қолы қылқаламда. Осынау бір тамаша көріністен нағыз шығармашылықтың иісі аңқып тұрады. Мен  әп сәтте қазақ қызының әр қырынан салынған суреттерге қарап таңғалдым. Шын мәнінде, мұндай шеберлік сабақтары  жастарға қажет-ақ. Сол күні фестиваль халық алдында мұндай сабақтың өткізілу маңызын ұқтырғандай болды.

Айгүл ДӘДЕН
Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ