«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында «Айқын тариф» жобасы бойынша кеңейтілген кеңес болып өтті. Партия мүшелері мен монополист компаниялардың басшылары қатысқан жиында коммуналдық қызмет түрлеріне бағалардың тұрақтылығын сақтау және тарифтерді қалыптастырудың ашықтығы талқыланды.

Биылғы жылдың 1 тамызынан бастап электр энергиясының бағасы көтерілді. «МАЭК — Қазатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұл әрекеті тұрғындар наразылығын туғызды. Сондай-ақ, көгілдір отынға қатысты қиындықтар орын алды.

Жазда газдың тапшылығы байқалды. Қазір айқай-шу басылған сияқты. Дегенмен, әлі де мәселе бар. Көлікке газ құю бекеттерінде әлі де кезектің көп. Ғаламтор желісінде халықтың наразылығын білдіретін жазбалар жиіледі. Электр энергиясының бағасы бірден өсіп кетті. Бұл неліктен? Халық бұған дайын болған жоқ,-дейді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Х.Нұрғалиева.
Ал, монополист серіктестіктің уәжі басқа. Олар тұрғындар бұл жайдан хабардар болды деген ойда.

Бізге қатысты жағымсыз пікірлер айтылуда. Бірақ, өз тарапымыздан тұрғындар наразылығын тудырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Уақытылы қоғамдық тыңдау өткізіліп, бұқаралық ақпарат беттерінде бағаның өсетіндігі хабарланды. «МАЭК» көп жылдар бойы бағаны ұстап келеді. ҚР Энергетика министрлігінің бекіткен бағасы бұдан да жоғары. Бірақ, біз ол бағаны бірден қоймай, бірте-бірте өсірудеміз. Тарифті өсіруден басқа амалымыз жоқ. Әрине, онымен жалақымызды көтермейміз. Басқа аймақтарда баға бізден де жоғары, маңғыстаулық тариф орташа болып саналады,-дейді. «МАЭК — Қазатомөнеркәсіп» ЖШС директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Е.Исмайлов.
Жиналғандар қазіргі дағдарыс кезінде бағаны өсіру емес, тарифті тұрақтандыру керек дейді.

Бағаның 1 тамыздан бастап өсетіндігі туралы хабарлама бұқаралық ақпарат беттерінде 30 шілде күні жарық көрді. Халық 1 күннің ішінде не түсіну керек? Меніңше, тұрғындар арасында түсінік жұмыстары жүргізілген жоқ. Халыққа ақпарат жетпей, наразылық туындады. Өз жерімізде өндірілетін көгілдір отынның қат болып, девальвацияның орын алуы да түсініксіз,-дейді облыстық мәслихат депутаты А.Өрісбаев.
«МАЭК — Қазатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары тұрғындарды су мен электр энергиясын үнемдеуге шақырады. Пәтерлерде көптарифті есептегіш құрылғы орнатылып, коммуналдық шығындар күндізгі және түнгі бағамен төленсе, анағұрлым арзан болады.

Бағалардың өсуі Қазақ газ өңдеу з ауытының өнімін тұтынушыларға жеткізетін «ҚазТрансГаз-Аймақ» кәсіпорнында да орын алды. Қымбаттау – осы саладағы сабақтас кәсіпорындардың өз қызметтерін бұрынғыдан жоғары бағалауы салдарынан болды. Жиын барысында сондай-ақ, коммуналдық қызметтердің сапасы және оны жақсартудың жолдары сөз болды.

Анар ШАМШАДИНОВА