Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде робототехникадан өткен облыстық жарысқа 16 команда қатысып, бақтарын сынады. Олимпиадада оқушылардың жас ерекшелігіне сай негізгі, шығармашылық және роботтар футболы категориялар бойынша өтті. Жалпы байқау әр маусымда белгілі бір тақырыпта ұйымдастырылып отырады. Осы маусымның тақырыбы — «RAP THE SCRAP!», яғни қалдықтармен күресу деп аталды.

Байқаудың негізгі категориясы бойынша 6 команда сайысқа түсті. Олар тапсырма орындап, белгілі бір тақырыпта робот құрастырды. Ал роботтар футболы категориясы бойынша бақ сынаған екі команда көрермендерге футбол алаңында қызықты тартыс өткізді. Шығармашылық кезеңде 8 команда бас жүлде үшін таласты. Тапсырма бойынша, олар қалдықтармен күресу тақырыбында робот құрастырып, шығармашылық жобаларын ағылшын тілінде таныстырып, қазылар алқасының қойған сұрақтарына жауап берді.

03

-Облыс орталығында алғаш рет өткізілген облыстық робот құрастырушылар байқауына Назарбаев Зияткерлік мектебі, Ақтау қаласындағы қазақ-түрік лицейі, Жаңаөзен қаласындағы қазақ-түрік лицейі, Жаңаөзен мектеп-лицейі және Ақшұқыр ауылындағы Маршал Әбідхалықов атындағы мектеп гимназиясынан оқушылар қатысып отыр. Басты мақсат- оқушылар арасында ғылыми-техникалық шығармашылықты дамыту, жоғары технология және инновация саласына қызығушылықты арттыру, болашақ мамандықты таңдаудағы пәнаралық байланысты нығайту, робототехника бойынша мұғалімдердің кәсіби дамуын,  сондай-ақ робототехникалық жүйені құру бойынша ғылым және техника саласына назар аудару, қазіргі замандағы ғылыми-техникалық шығармашылықты дамыту болып табылады. Жарыста жеңімпаз атанған команда Астанада қазан айында өткізілетін республикалық байқауда бақ сынайды. Тағы бір айта кететін жағдай «Робот техникасы» элективтік курсы бойынша мұғалімдерді оқыту  Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында ағымдағы жылдың 6 маусымнан бастап 22 шілде аралығында өткізілді. Бұл уақыт ішінде Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің алты қызметкері жаттықтырушы ретінде оқыды. Кейін олар Маңғыстау облысындағы жалпы білім беру мектептерінің 114 информатика пәні мұғаліміне «робот техникасы» бойынша екі апталық біліктілікті арттыру курстарын жүргізді. Курстың бағдарламасы орта білім берудің қазақстандық жүйесіне енгізілетін педагогикалық инновациялар мәтінінде әзірленді. «Робот техникасы» элективтік курсында педагогтер Lego mindstorms EV3 және NXT Education жинағымен, роботтарды құрастыру және бағдарламалау элементтерімен танысты,-дейді информатика пәнінің мұғалімі, жарыстың бас төрешісі Алқуат Казиев.

04

Қызықты өткен байқау нәтижесінде негізгі категория бойынша Жаңаөзен қаласындағы қазақ-түрік лицейінен қатысқан Арман Дүйсембаев және Арман Силан («M-Juniors» командасы) жеңіске жетті. Шығармашылық категория бойынша орта жас тобында бақ сынаған Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Жансырым Маратұлы мен Родион Игнатовтың («Leet» командасы) құрастырған роботы үздік деп танылды.

-Бұл-робортты құрастыру үшін біз біраз іздендік, нәтижиесінде жақсы жоба дайын болған сияқты. Біздің дайындаған жобамызды күнделікті тұрмыста қолданатын болсақ қоқыстарды жинауға көп көмегін тигізеді, қол жұмысын азайтады. Сондықтан да бұл жобамызды әрі қарай жетілдірсек, қаламызды уақытылы қоқыстан тазартуға айтарлықтай үлес қосқан болар едік,-дейді Жаңаөзен қаласындағы қазақ-түрік лицейінің 8-сынып оқушысы Арман Силан.

Үлкен жасты топ арасында Абылайхан Нұралиев пен Есет Сидешовтың («Каспий» командасы) роботтары жеңімпаз деп танылды. Ал роботтар футболы категориясы бойынша Жәңгір Махмұтов пен Арман Жұмаханның роботтары үздік болса, Алия Орасай және Райым Өтелбек командасы екінші орынды иеленді. Бұл аталған оқушылар енді республикалық олимпиадаға Маңғыстау облысының атынан бақ сынайтын болады.

-Біз байқауға шығармашылық бағытта қатыстық. Роботымыздың ерекшелігі-судағы қалдықтарды тазалайтындығында. Байқау барысында біз оны көрсетіп, өз деңгейінде қорғай алдық. Болашақта басқа да функциялар қосып, дамытатын боламыз. Шынын айтқанда жеңіске жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Өйткені аз дайындалдық. Бірақ еңбегіміздің ақталғанына қуаныштымыз,-дейді жеңімпаз атанған Абылайхан Нұралиев пен Есет Сидешов.


05

Жалпы робототехника байқауы World Robot Olympiad (WRO) ұйымының бастамасымен 2004 жылдан бастап дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады. Ұйымның Қазақстандағы ұлттық операторы – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы. Осыған байланысты жыл сайын республиканың түкпір-түкпіріндегі жас таланттар робот құрастырудан жарысады. Жеңіске жеткен команда ұлттық құрамаға ілініп, дүнижүзілік робот олимпиадасына қатысады. Биыл республикалық олимпиада қазан айында Астанада және дүниежүзілік олимпиада қараша айында Үндістанның Нью-Дели қаласында өткізіледі деп жоспарланған.

Айта кеткен жөн, Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде STEM қағидаларына негізделген «Робот техникасы» курсы тұрақты жүргізіледі. Ол science (ғылым), technology (технология), engineering (инжиниринг) және mathematics (математика) бойынша оқытылады, оның міндеті нақты ғылымдарды оқытудың жаңа тәсілдерін пайдалану болып табылады. «Робот техникасы» курсын оқыту оқушылардың инженерлік және дизайндық-ойлау, математикалық моделдеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

Венера МИРЛАН

06

07

08