Біздің елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыс көп. «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» деген сияқты мемлекеттік бағдарламалар бар, «Даму» қоры бар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бар, жергілікті әкімшіліктердің кәсіпкерлік бөлімдері бар, осылардың бәрі де әркімнің кәсіп ашып, күнін көріп, әл-ауқатын жақсартуына көмектесу, қолдау үшін құрылған. Осы бағытта жасалып жатқан нақты жұмыстарды да көзіміз көріп отыр. Тізе берсек, әңгімеміз ұзаққа созылып кетеді. Сондықтан, тек бір ғана желіні – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды  сөз етпекпіз. Бұл жердегі мақсатымыз – оқырманға ой салу, енді кәсіп ашып, табыс табудың мүмкіншілігін қарап, ізденіп жүрген азаматтарға бағыт-бағдар беру. Осы мақсатта аталмыш аудандық филиалдың директоры Дәулет ӨТЕБАЛИЕВпен сұхбаттасқан едік…

 -Дәулет Жексембайұлы, сіз соңғы оншақты жылдың көлемінде «Қарағантүбек» шаруашылығын, аудандық кәсіпкерлік бөлімін, «Даму» қорының аудандық филиалын басқардыңыз. Демек, ауыл шаруашылығы да, кәсіпкерлік те сіз бес саусақтай білетін салалар. Аудандық кәсіпкерлік бөлімін басқарған жылдары ауданымызда кәсіпкерліктің толып жатқан жаңа бағыттары қолға алынғанын, кәсіп ашып, талаптанушылардың күрт көбейгенін жақсы білеміз. Қазіргі атқарып отырған жұмысыңыз да сол шаруалармен сабақтас қой деймін?

 -Дұрыс айтасыз. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – коммерциялық емес ұйым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  отандық бизнестің ҚР Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған.  Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және құқықтарын қорғайды. Айталық, бізге «Кәсіп ашайын деп едім. Мынадай-мынадай ойларым бар» деп бір азамат келді. Идеясы бар, тәжірибесі жоқ, қаражаты да жетпейді. Біз оған бизнес-жоспар жасауға көмектесеміз, несие алудың жолдарын түсіндіреміз, істі бастаудың мүмкіндіктерін бірге талқылаймыз, мемлекеттік органдарға тапсыратын құжаттарын дайындап береміз, егер ол органдар тарапынан кедергілер болып жатса келіспеушілік себебін анықтап, қажет болса, кәсіпкердің құқығын қорғап, көмектесеміз. Кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беретін семинарлар, курстар бар, соларға жібереміз. Осының бәрі тегін істеледі.

 -Бұл жөнінде сіздің сұхбатыңызды біз былтыр газетімізде жариялаған болатынбыз, сондықтан,  қайталамай-ақ қоялық. Сол сұхбаттан кейін сіздерге келушілер, ақыл-кеңес сұраушылардың көбейгенін айттыңыз.  Енді жаңағы айтқан семинарларға келейік. Соңғы айларда «Атамекен» палатасының облыстық филиалы тарапынан кәсіпкерлермен кездесулер баршылық. Өз саласын жақсы білетін мамандармен бірге ауылдарға барып жүрсіздер. Осы туралы айтып өтсек.

 -Ол рас. Палатаның облыстық филиалы жанынан жұмыс істейтін «Кәсіпкерлерді қолдау орталығы» бар. Осы орталықтың мамандарымен бірге ауыл шаруашылығымен және егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен бірқатар кездесулер өткіздік. Бұл салаға акцент бергендегі мақсат – ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау. Мысалы, жақында ғана Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Оралбек Әлиханов және ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, аталмыш Кәсіпкерлерді қолдау орталығының бизнес-тренері Күзембай Ерғалиев үшеуіміз Таушық ауылына барып келдік. «Түйе және жылқы шаруашылықтарының негіздері» тақырыбында семинар ұйымдастырдық. 21 кәсіпкер қатысты. Тек теориялық білім берумен шектелмей, тікелей мал арасына барып, практика түрінде де көрсеттік. Кәсіпкерлер дән риза болды. Семинарларға қатысқандарға сертификат берілді. Енді олар Ұлттық палатаның облыстық ұйымы тарапынан біраз жеңілдіктер мен артықшылықтарға ие болады. Әлиханов мырзамен өзіңіз де сөйлестіңіз, кәсіпкерлердің ынтасының күшті екендігін, тағы да келуді сұрағанын естідіңіз. Демек, біз тарапынан істеліп жатқан жұмыстарға сұраныс бар.

 -Оның алдында аудан орталығының кәсіпкерлерімен кездесу болды. Онда қаржыландыру мәселесі қозғалғанын, сонымен бірге, елең еткізер бір жаңалық – агроаймақтар құру мәселесі сөз болғанын білеміз. Осы агроаймақтар туралы толығырақ әңгімелеп беріңізші.

 -Ол кездесуге Маңғыстау облыстық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Ерлан Бекбауов, осы орталықтың бөлім басшысы Аққу Айтжанова, мал шаруашылығы бойынша бизнес-тренер Күзембай Ерғалиев, аквакультура бойынша бизнес-тренер Алмагүл Оразалиева қатысты. Бекбауов мырза «Атамекен» микроқаржы ұйымы туралы, ол тарапынан кәсіпкерлерге тегін көрсетілетін қызмет түрлері, несиелендіру шарттары туралы кеңінен әңгімеледі. Ал, агроаймақтар туралы Алмагүл ханым айтқан болатын.

Оның мәнісі мынада. Біздің Маңғыстау облысында 3 жерден осындай аймақтар құру туралы шешім қабылданды. Ол үшін суы бар, егін шаруашылығын дамытуға қолайлы жерлер – Маңғыстау ауданынан Жыңғылды, Қарақия ауданынан Қызылқұм, Түпқарағаннан Сәубет таңдап алынды. Сәубеттен 30 гектар жер бөлініп отыр. Агроаймақ қандай болады? Алдымен ол жер қоршалады, электр линиясы, суы, жолы тартылады. Ішкі су желілері құрылады. Аймақ жер телімдеріне бөлінеді және ол жерлер жұмыс істеуге тілек білдірген кәсіпкерлерге бөлінеді. Бәріне бір агроном, бір технолог, сол сияқты аса қажет мамандар қызмет көрсетеді. Талап – тамшылата суару технологиясын қолдана отырып, көкөніс өсіру. Тек бау-бақша дақылдарын ғана емес, гүл өсіруге, саңырауқұлақ өсіруге, басқа да экзотикалық өсімдіктер өсіруге болады. Әр кәсіпкерге 15 миллион теңгеге дейін несие бөлінеді. Оқытады, үйретеді, кеңес береді. Тек жұмыс істеу керек. Рас, агроаймақ әлі дайын емес, қаржылық-сметалық құжаттары дайындалды, енді ол пысықталып жатыр. Қалай болғанда да келесі жылы жұмысты бастап кете алатын шығар. Бірақ, ерте екен демей, әркім өз мүмкіндігін саралап, істей аламын десе, бізге келсін, ықыласпен қарсы алып, ақыл-кеңес береміз. Міне, сол үшін арнайы дайындалған мамандар отыр.

 -Кәсіп ашсам деп ойланып жүргендер көп, бірақ, батылдық жетпей жатады. Оларға не айтар едіңіз.

 -Кәсіп ашамын деген адамға жеңілдіктер де, көмек те, қолдау да көп. Мысалы, жақында ғана аудан әкімі Таушық ауылында болды, азаматтарды «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктері туралы айтып берді. Бұған көп қаржы бөлінген. Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне жолықса, жақсылап түсіндіріп береді. «Даму» қорының толып жатқан бағдарламалары бар, интернеттен «Даму» қоры» деп іздесеңіз, мәліметтердің бәрін табуға болады. Біз тарапынан қандай көмек керек, оған біз дайын отырмыз. Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шығарған «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» атты кітап бар, оны да интернеттен тауып оқуға болады, онда да кәсіп жасаудың 100 жолы туралы жақсы жазылған. «Көз қорқақ, қол батыр». Тек идея, ынта болсын, қалғаны қиын емес.

 -Сізге жерлестеріміздің атынан рахмет айтамын, Дәулет Жексембайұлы. Кәсіпкер көбейсе, халықтың әл-ауқаты, тұрмысы жақсарады, аймағымыздың дамуы күшейіп, халқымыз байиды. Сіздер соған қызмет істеудесіздер. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Айсағали ҚЫДЫР