Бүгін, 18 шілде күні «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан ашық Азия кубогы басталды. Жарыс екі күнге созылады. Оған 250-ден аса спортшы қатысып жатыр. Доданың алғашқы күнінде маңғыстаулық дзюдошылар алтын және қола жүлдеге ие болды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Ашық Азия кубогының салтанатты ашылуына Азия дзюдо одағының спорт директоры Девит Картер, Азия дзюдо одағының төрешілер комиссиясының мүшесі Мун Вон Бае, ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жеткеев, Маңғыстау дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев және Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, Тұрар Жолдыбаевтың жары Ырысхан Қосуақызы келді.

Маңғыстаулық дзюдошылар Азия кубогының бірінші күнінде жеңіске жетті

«Киелі Маңғыстау өңірінде халықаралық деңгейде өткізіліп отырған жарысқа келген  азаматтарға Маңғыстау облысы әкімі Серікбай Трұмовтың атынан қош келдіңіздер дейміз. Кезінде Маңғыстау облысының құрметті азаматы, елжанды ағаларымыздың бірі Тұрар Жолдыбаевты еске алу турнирі бұдан 10 жыл бұрын басталған еді. Қазір халықаралық деңгейдегі спорт додасына айналып отыр. Бұл – ағамызды жоқтатпай, әрдайым есімізге салып жүрген артында қалған ұрпақтарының және маңғыстаулық спортшылардың арқасы», — дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев.

Ал Тұрар Жолдыбаевтың жары Ырысхан Қосуақызы ұйымдастырушыларға өз алғысын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Маңғыстаулық дзюдошылар Азия кубогының бірінші күнінде жеңіске жетті

«Бүгінгі өтіп жатырған Азия кубогы — Олимпиада ойындарының алдындағы соңғы жарыстардың бірі. Себебі 2020 жылы Токиода олимпиада өтеді. Бұл Токиоға баратын спортшылар үшін берері мол жарыс болмақ. Дзюдошылардың рейтингін көтеруге өз ықпалын тигізеді. Яғни, 1-орын алған балуаншы 100 ұпай, 2-орынды алғандар 60 ұпайды, ал 3-орын иеленгендер 40 ұпайды еншілейді. Бүгінгі дүбірлі дода тартысқа толы өтіп жатыр», — деді Маңғыстау дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев.

Маңғыстаулық дзюдошылар Азия кубогының бірінші күнінде жеңіске жетті

Сонымен қатар бүгін додада 60, 66, 73 келі салмақтағы ерлер мен 48, 52, 57 және 63 келі салмақтағы қыздар белдесті. Жарыстың бірінші күнінде-ақ қазақстандық дзюдошылар, соның ішінде Маңғыстау спортшылары өз мүмкіндігін көрсетіп алтын және қола жүлдеге ие болды.

Маңғыстаулық дзюдошылар Азия кубогының бірінші күнінде жеңіске жетті

60 келі салмақ бойынша Ресей елінен келген Аюб Блиев алтын жүлдеге ие болды. 66 келі салмақта қазақстандық Есет Қуанов 1-орын алды. 73 келі салмақ бойынша ресейлік Аюб Хажалиев көш басынан көрінді. Осы ретте 60 келі салмақта маңғыстаулық Бауыржан Нарбаев 3-орынды қанжығасына байлады.

Маңғыстаулық дзюдошылар Азия кубогының бірінші күнінде жеңіске жетті

Ал қыздар арасында Ресей елінен келген Дарья Пичкалева 48 салмақта қарсыластарын жеңіп, алтын жүлдені иеленді. 52 келі салмақ дәрежесі бойынша маңғыстаулық Анна Казюлина алтын тақты. Гонконгтың балуаны Ленг По Сум 57 келі салмақпен 1-орын алды. Қазақстандық Бердібекова Лоланте 63 келі салмақпен қарсыластарынан оза шапты.

Маңғыстаулық дзюдошылар Азия кубогының бірінші күнінде жеңіске жетті

«Тоқтар да осал балуан емес. Осыған дейін жарыстарда жеңімпаз атанып келді. Біраз техникалық тұрғыда дайындалу керек болды. Алдап лақтыру сияқты әдістерді жасырып, соңғы сәтті күттім. Сөйтіп қола жүлдені еншіледім. Ал жартылай финалдағы қарсыласым Ресейден келді. Бұған дейін де ресейлік балуанмен Еуропа турнирлерінде күрескенмін. Ол кезде мен жеңімпаз атанған едім. Бұл жолы жарыс туған жерімде өткендіктен «мен ұтамын» деген ой болды. Алдағы уақытта олимпиадалық ойындарда бақ сынап, елімнің туын көкке көтеру мақсатында үздік дайындық жүргізуім керек», — дейді Бауыржан Нарбаев.

Жарыстың екінші күнінде ерлер арасында 81, 90, 100 және 100 келі салмақтан жоғары дзюдошылар белдеседі. Қыздар арасында 70, 78, 78 келі салмақтан жоғары спортшылар бақ сынайды.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН