Мақала жазғандағы айтпағымыз өлкемізге белгілі, бір жылдарда Маңғыстау түбегіндегі жалғыз аудан орталығы, кезінде осы түбектің халқының хал-жағдайын алдымен сезінген, халық басынан өткен реніш-қуаныштарына алдымен қаныққан Таушық.

Таушық ауылы 1939 жылдан бастап аудан орталығы болып бекіген. Бұған дейін неге екені бізге беймәлім, Куйбышов деп Жыңғылды ауылы белгіленген де, бірақ аудан орталығы, барлық кеңселер, мекемелер Таушықта болды. Екінші дүниежүзілік соғыс басталар қарсаңында Жыңғылды ауылындағы орталық жария түрде Таушық деп аталынды. Әрине ол сол кездің бізге белгісіз саясаты болар. Сол Таушық ауылы сол кездегі жағдайда өскен, өркендеген Маңғыстау ауданының орталығы болып 1965-1966 жылдарға дейін өз деңгейін сақтады.

1965-1966 жылдары түбегімізге теміржол торабы келуіне байланысты аудан орталығы Шетпе теміржол станциясына көшірілді. Сөйтіп, Таушық ауылы енді құлдырау дәуіріне бағыт алды. Селодағы барлық аудандық мекемелер, тіпті сол кездегі түбектегі жалғыз жоғары оқу орны СПТУ-82-де Шетпеге көшірілді. Отырықшы халыққа бұл ауыр тиді. Жұмыс іздеу, Шетпеден тұрғын үй алу, басқа да күнелтіс жайларын оңалдыру бірден қалыптасып кете алған жоқ. Кейде жұмысты Таушықтан Шетпеге қатынап істеуге де тура келген жайлар болды. Бұл жағдай 1979 жылға дейін созылды.

1979 жылы облыста ірілендірілген түйе кеңшары құрылып, орталығы Таушық ауылы болып бекіді. Міне, сол кезден бастап Таушықтың екінші өмірі басталды. Кеңшар орталығы болып, жаңадан аз да болса, тұрғын үй құрылыстары салынып, әртүрлі мамандар келіп, ауылда тіршілік нышаны байқала бастады. Әрине, баяғы аудан орталығы болып тұрғандағы тұрғын үйлер бұл кезде қирандыларға айналып, әр жерде үңірейіп тұрған үйлер қаңқасы тұрушы еді. Ол кезде кеңшардың оларды сүріп тастап, көшеге көрік беруге әлі де жағдайы көтермейтін еді.

Дегенмен қайтадан тіршілік пайда болып, халыққа жұмыс, қатынас, басқа да жерлермен қатынас болып, халық көңіліне қуаныш ұялады. Сол жағдай кешегі Кеңес үкіметінің ыдырауына дейін келді. Ауыл көркейіп, жан-жақпен арақатынас кеңейіп, ел қатарлы болып қалды.

Облыс орталығының да жақындығы жақсы әсерін тигізді. Ал енді Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін де Таушық халқы сол бірқалпын көп бұза қойған жоқ, облыстың басқа да жерлері қалыптас өмір сүріп жатты. Бір айта кетер жайт, ауылымызда облыстың көп ауылдарында жойылып кеткен балабақша мен ауыл ортасындағы іргетасы 1958 жылы қаланған саябақ үлкен қиындықтарды бастарынан кешіре отырып, сақталынып қалды, ал қазіргі көркі тіпті өзгеше. Еліміз көңілді. Көшелеріміз көрікті. Баяғы ескі үйінділер тегістеліп, қоқыстан тазартылған. Көшелеріміздің көп жері асфальтталған. Тұрғын үйлер жобамен салынған. Үйлерге газ, су жүйесі, электр энергиясы келіп тұр. Жұрт жол жүргісі келсе, автобус емес таксимен жүргісі келеді. Ауыл жастары – өндірісте, ауыл шаруашылығында, жеке кәсіппен айналысқандары да бар. Ал жұмыссыздық, жалпы елде кездесіп тұратын жай ғой, олар да өз әлдерінше күнелтіп жатырған жайы бар. Ең бастысы, ауыл адамдары қазіргі қоғамда қалай өмір сүру қажет екендігін түсінген? Бұрынғыдай «Сен бос жүрсің, ана жұмысқа бар» деп ешкім зорламайды. Ал күнелту, жақсы өмір сүру, жақсы үйге кіру, жақсы көлік алу, ағайын туысқа көмектесу, қайда оқу қажет, ел түсінген жағдай. Іздену керек. Ел қатарлы күнелту керек. Жалпы ауыл күнелтісі жаман емес, жақсарып келеді.

Таушық ауылының құрылғанына биыл 80 жыл толады екен. Ауыл ақсақалдары осы жайларға көз жібере отырып, күзге қарай 80 жылдығымызды атап өтсек. Маңғыстау ауданының, ауылдың өткен өмір жолдарына көз жіберсек, елімізге ашаршылық қалай келді, тоқшылық қалай келді, егемендік қалай келді? Егемендіктің туын ұстаған жастарымыз иегер екендіктерін ұмытпауы, түсінулері керек деген толғаныстардың бірі, елбасымыз үнемі айтып жүргеніндей, көне тарихты ұмытпауымыз керек. Себебі өткенсіз – бүгін жоқ, бүгінсіз – ертең жоқ деген ғой. Сол бір сөздерді ескере отырып, біздің де халқымыздың басындағы бір қасіретті жай ғой, ауылымыздың орталығынан сонау ел басына күн туған елдің есін кетірген заман, біздің ауылымызда да талай шаңыраққа қасірет әкелген репрессия жылдары бастан өтті. Бұларға орнатылған ескерткіштер де бар. Жыл сайын 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, оларға әртүрлі жағдайда тағзым етіп жатамыз. Ал ауылдық жерлерде репрессия құрбандарын еске алып, тағзым етуі үшін белгілер қойылмаған. Міне, осы жайларды ойластыра отырып, бұрын да көп жылдар бойы Маңғыстау ауданының орталығы болған, көптеген қиыншылықты көрген, аудан халқының қуанышына ортақтасқан, талай ұлы істердің куәсі болған, талай таңданарлық жағдайлардың бастамасы осы жерден басталған Таушық ауылының орталығына репрессия құрбандарын еске алу белгісін неге орнатпасқа?! Егер белгі орнатылса, өткенді ұмытпау деген осыдан шықпай ма?! Елбасымыздың айтып отырған «Рухани жаңғыруы» осы емес пе? Бұл кейінгі ұрпаққа да өткенді еске алып, ұмытпауларына сабақ болар еді. Соған орай біздің ауыл ардагерлері өз тұжырымдарымен бас қосып, ақылдаса отырып, бұл іске қатысы бар адамдарға осылай ұсыныс білдіргіміз келеді. Бұл дегеніміз Таушық ауылының 80 жылдық мерейтойына ерекше бір тарту болары сөзсіз.

Түгелбай ЖЕТКІЗГЕНОВ,
Таушық ауылы ардагерлер 
кеңесінің төрағасы