19 мамыр – Халықаралық ЖИТС-тен қаза болғандарды еске алу күні. Осыған орай ЖИТС орталығының ұйымдастыруымен теңіз жағасында «Өмір сүру үшін, есте сақтаймыз!» атты ұранмен флешмоб өтті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Шараға студенттер, жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары жиналды. Сонымен қатар зумба фитнес инструкторы Майра Базаралиева аэробикамен айналысуға халықты шақырып, қолдау көрсетті. Мұндай әлеуметтік маңызға ие күнді дүниежүзінің 75-тен астам елі атап өтеді екен.

Басты мақсат — аурудың әлемде таралуына қарсы тұру, сондай-ақ АИТВ мен ЖИТС жұқтырған адамдардың мәселелеріне көңіл бөліп, олардың мүддесіне назар аудару.

Маңғыстау ЖИТС орталығының мәліметі бойынша облыста АИТВ жұқпасымен 339 адам тіркеліп отыр. Оның 252-сі Қазақстан азаматы болса, 83-і шетел азаматы екен. Ал анонимді түрде 2 адам және азаматтығы жоқ тағы 2 адам АИТВ жұқпасымен тіркелген.

Республикадағы АИТВ және ЖИТС бойынша эпидемиологиялық ахуалға бағалау жүргізгенде жыныстық жолмен жұқтырылған адамдар санының көп екендігі анықталыпты. Вирустық індетке қарсы тұрудың бірден-бір тәсілі – оның алдын алу. Осы ретте Маңғыстау ЖИТС орталығының мамандары денсаулыққа кері әсерін тигізетін кеселдерден бойды аулақ ұстау қажет екендігін ескертеді.

Айта кетейік, халықаралық ЖИТС-тен қаза болғандарды еске алу күніне арналған шаралар 13 мамырдан 13 маусымға дейін жалғаспақ.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН