Дзюдо

Хорватияда өтіп жатқан жастар арасындағы дзюдодан Әлем чемпионатында маңғыстаулық балуан, облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Бауыржан Нарбаев топ жарып, қола медальға қол жеткізді. Қуанышты жаңалықпен облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов бөлісті.

Жартылай финалда грузиялық балуанға есесін жіберіп, үшінші орынға қазақстандық балуанмен белдесіп, «базари» әдісімен тізе бүктірген.

Боз кілемге 55 келі салмақта шыққан жерлесіміз алдымен колумбиялық балуанды «базари» әдісімен ұтқан. Одан кейін кореялық, ресейлік қарсыластарының жауырынын жер иіскетіп, келесі кезеңге жолдама алған. Жартылай финалда грузиялық балуанға есесін жіберіп, үшінші орынға қазақстандық балуанмен белдесіп, «базари» әдісімен тізе бүктірген. Осылайша, жерлесіміз жастар арасындағы дзюдодан Әлем чемпионатында қола медальдің иесі атанды.

— Бұл жолы еншіме бұйырғаны қола медаль болды. Намысты қолдан бермеуге тырысып, барымды салып күрестім. Жарысқа дайындаған бапкерім Манарбек Бисекеновке алғыс айтамын. Және бүгін боз кілемде өнер көрсететін бауырларым Сұңғат Жұбатқан, Бауыржан Сағынғалиұлына және ертең жарыс төріне шығатын Ақниет Тұрданға сәттілік тілеймін. Әлем чемпионы атанып, еліміздің әнұранын асқақтатсын деймін,-дейді бізбен телефон арқылы тілдескен Бауыржан Нарбаев.  

Оқи отырыңыз: Ақтау «ақылды қала» болуы үшін не істеу керек?

Айта кету керек, 19 жасар Бауыржан бұған дейін бірнеше республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, аймақ абыройын асқақтатып жүр. Мамыр айында Литваның Каунас қаласында дзюдодан жастар арасында өткен жарыста сәтті өнер көрсетіп, Еуропа кубогының иегері атанды. Және Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында жастар арасында дзюдодан Азия чемпионатында алтыннан алқа тағып, Азия чепионы атанған болатын.

Венера МИРЛАН