маңғыстаулық

ЭКСПО-2017 аясында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге ат салысқан маңғыстаулық полиция қызметкерлері марапатталды.

Бүгін Маңғыстау облысының ІІД ғимаратында ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу барысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде қызметтік міндетін адал атқарған 22 полиция қызметкеріне грамоталар табысталды.

Маңғыстаулық тәртіп сақшылары айтулы шарада ағылшын тілін игеру, қоғамдық қауіпсіздікті  сақтауда алдыңғы қатардан көрінген.

Полиция подполковнигі Әділов Абат Нұрзафарұлына  мерзімінен бұрын ПОЛИЦИЯ ПОЛКОВНИГІ атағы берілді.

Полиция капитаны Даутов Шамшедин Саладинұлы «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін»  медалімен, полиция капитаны, учаскелік полиция инспекторы Абзал Сопбеков Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сондай-ақ, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жеткен жетістіктері мен міндетін адал атқарғаны үшін бірқатар полиция қызметкерлеріне алғыс хат табысталды.

Тағы оқыңыздар: «Caspi Leader Camp» форумы басталды (ФОТО)

-Біз мамыр айының 9-да Астана қаласына аттандық. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аяқталғанша, яғни, 10 қыркүйекке дейін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сонда қызмет еттік. Әсіресе, көрме аясында өткізілген мерекелік, ауқымды іс-шаралар кезінде. Бізің облысымыздан барған қызметкерлердің қатысуымен бірнеше әкімшіліқ құқық бұзушылықтар тіркеліп, жүзден астам әкімшілік хаттама толтырылды. Министрліктің арнайы марапатын алғандар да бар. Олар Астана қаласында марапатталды, — дейді полиция капитаны, учаскелік полиция инспекторы Абзал Сопбеков.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА