Облыс көлемінде алғаш рет сал ауруына шалдыққан баланың аяғына тегін ота жасап, ақ халатты абзал жандар алғысқа бөленді. «Нейрон» жеке медициналық клиникасының дәрігерлері жасаған ота сәтті шыққан. Қазір 13 жасар жасөспірімнің денсаулығы жақсы, дәрігерлердің бақылауында.

         -Ота сәтті өтті. 13 жасар Нұрдәулет есімді облыс тұрғынының сол аяғына ота жасап, сіңірін создық. Бұл бала туылғанынан жүрмеген екен. Енді он күннен кейін оң аяғына ота жасаймыз. Уақытылы емін алғаннан кейін Нұрдәулет аяғына тұрып, жүріп кетеді,-деген өңірге белгілі хирург-дәрігер Борис Чагай қазіргі таңда облыста 3 мыңнан астам науқас сал ауруына шалдыққанын айтты. Сондықтан да алдағы уақытта «Нейрон» жеке клиникасы жанынан арнайы бөлім ашып, жылына 300 балаға әр түрлі бағытта көмек көрсетуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

         -Біздің өңірде негізінен әлеуметтік қолдауға көп көңіл бөлінеді. Мүгедектерге арба алып беру, қаржылай көмек көрсету немесе сауықтыру орталықтарына жіберумен шектеледі. Ал, медициналық оңалтуға аса мән берілмейді. Бұл-бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселе. Сондықтан да біз 300 сал ауруына шалдыққан балаға көмек көрсету үшін арнайы орталық ашуды қолға алмақшымыз. Науқас жан-жақты тексеріліп, дұрыс диагноз қойылса, ем әлдеқайда нәтижелі болары сөзсіз. Сол себептен осы бағытта жұмысты жандандырғымыз келеді. Бүгінде аймақта төрт мыңнан астам мүгедек бала тіркелген, оның үш мыңын сал ауруына шалдыққандар құрап отыр,-дейді «Нейрон» ЖШС директоры, хирург-дәрігер Борис Чагай.

02

         Фатима Ибрагимованың айтуынша, ұлын өмірге әкелгенде дәрігерлер «туабітті сал ауруы» деп диагноз қойыпты. Алайда, ана жүрегі бұған сенбеген. 13 жыл бойы ұлының аяғына тұрып кетуі үшін «бармаған жері, баспаған тауы қалмапты», алдағы күннен үмітін де үзбепті.

         -Әрбір ана үшін баласының дені сау болып, қатарларынан қалмай, өз аяғымен жүргені баға жетпес байлық ғой. Ұлымның аяғын баса алмайтыны, көз алдымда ауру болып жатқаны жаныма қатты бататын. Күнде дұғамда Жаратқан иемнен ұлымның денсаулығын жақсартса көрші деп сұрайтынмын… Тегін ота тізіміне іліккенім үшін шексіз ризамын. Қазір ұлымның денсаулығы жақсы, дәрігерлер жүріп кетеді деп қуантып қойды. Нұрдәулеттен бөлек екі баланы тәрбиелеп отырған отбасымыз,-дейді Мұнайлы ауданының тұрғыны Фатима Ибрагимова.

Венера МИРЛАН