Астана қаласында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі және «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ ұйымдастыруымен «Қазақстанда жасалған» отандық  тауар өндірушілер көрмесі өтті. Елімізідің әр түкпірінен жиылған 300-ден аса озық өндіріс иелері 5000-нан аса үздік әрі сапалы өнімдерді ел назарына ұсынды. Маңғыстау өңірінен 34 кәнігі кәсіпкер көрмеге қатысты. Көрме аясында «Халық таңдауы» конкурсы жарияланып, жеңімпазы айқындалды. Сайыс барысында азық-түлік тауарлары 6 санат бойынша сарапқа салынды. Шұжық тағамдары, айран, қара бородин наны, сүтті шоколад, зефир және шұбат өнімдері тағамы, татымы, түр-түсі, сапасы бойынша тұтынушылар талқысына түсті. «Ақтау кондитер фабрикасы» ЖШС-нің зефир өнімі үздік  деп танылса, «Жаңаөзен сүт зауыты»-ның шипалы шұбаты көптің көңілінен шықты. Жеңімпаздар өңір басшысының «Алғыс хатымен» марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары Шолпан Лазарқызы жергілікті кәсіпкерлер жұмысына табыс тілеп, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстады.

«Жаңаөзен сүт зауыты» 2002 жылдан бері өңірді сапалы сүт өнімдерімен қамтып келеді. Өнеркәсіп «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың Бірыңғай бағдарламасы аясында заманауи құрал-жабдықтар, жаңа қондырғылармен жасақталған.  Зауытта 150 адам еңбек етеді.

«Көрме 3 күнге созылды. Шұбат өнімі бойынша «Дәулет-Бекет»  ЖШС-мен сайысқа түстік. Шұбаттың дәмі, сапасы мен құрамын сарапшылар  жоғары бағалады. «Даму» Қорына, жергілікті билік өкілдері мен өңір азаматтарына алғысым шексіз. Алдағы уақытта жетістіктерге жете берейік»,-дейді «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС директоры Сәуле Жақаева.

«Шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары отандық өндірушілерге зор серпін береді. Біздің кәсіпорын 14 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Екі жыл бұрын өндірісті қайта жаңғырту жобасын қолға алдық. Заманауи қондырғыларды іске қостық. Өндіріс орнында 68 адам еңбек етеді. Жаңа жұмыс орындарын құрып, қызметкер санын 112 адамға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Біздің өнімге шетелдіктер тарапынан ұсыныс келіп түседі. Қазіргі таңда Астрахань Астана, Алматы қалаларында бөлімшелеріміз бар»,-дейді  «Ақтау кондитер фабрикасы» ЖШС директоры Надежда Карась.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ