«Есте қалмаған ерте заманда» деп басталатын еді ертегілер. Сол айтқандай, есте де қалмай бара жатқан кеңестік заманның естен шықпас бір кезеңдері болады екен. Біздің жақта сондай кезеңдердің бірі – Балықшылар күні еді. 1980 жылдан бастап енгізіліп, шілде айының екінші жексенбісінде аталып өтілетін-ді. Өмір бойы көрген-баққаны теңіз болған біздің жақтың адамдары үшін бұл – ең бір қуанышты да қызықты мереке еді-ау. Мұнайшы келіп, балықшы судан шыққалы ол да естен шығып бара жатыр…

Ұмытылған мереке

Алайда, көкірегі қазына қарттарымыз аман жүргенде ол әзір ұмытыла қоймас. Сондай қарттарымыздың бірі – Сайын Айтов ағамыз. Сексен үштегі Сайын ағаның Астрахань қаласындағы РыбВТУЗ-ды бітіріп, балық шаруашылығына жұмысқа тұрғанына да 60 жылдың шамасы болып қалыпты. Ақкетік балық шаруашылығының содан бергі бастан өткергені Сайын ағаның жадында. Алайда, табиғатында кеудемсоқтық жоқ, қарапайым, біртоға, кішіпейіл кісі ел көзіне түсіп, еленуге ұмтылмапты. Шілде басталып, бір кездері Балықшылар күні деген мереке болатын еді-ау деп еске түскенде, Сайын ағаға да жолығып, аз-кем әңгімелесіп едік. Сол әңгіменің жаңғырығы осы мақала болып отыр.

Астрахань РыбВТУЗы – Кеңес Одағындағы балық шаруашылығының ең білікті кадрларын дайындайтын санаулы ғана жоғарғы оқу орындарының бірі болатын. Қазір ол Астрахань Мемлекеттік технологиялық университет деп аталады екен. Осындай оқу орындары Мәскеуде, Астраханьда және Владивостокта ғана болды. 1953-жылы осы оқуға түсіп, 1958 жылы инженер-технолог дипломын алып Баутин балық комбинатына келген 23 жасар жігітті цех бастығы қылып тағайындапты. Сайын Айтов – осы оқу орнын Форттан барып бітіріп шыққан алғашқы жігіттердің бірі. Одан бір жыл бұрын қазір Алматыда тұратын Қонақбай Балабаев бітіріп шыққан. Сайынмен бірге Төлеген Қалдығожин және Маршал Әбдіхалықов түсті. Маршал артынан оқуды тастап кетіпті.

1959-жылы жоғарғы жақтан «балық көп ауланып жатыр. Ол ысырап болмауы керек. Сондықтан, оны өңдеудің қосымша жолдары қарастырылсын» деген нұсқау келіп түседі. Ол кезде Баутин балық комбинаты Гурьевтегі «Қазрыбпром» басқармасына, ал, ол Астраханьдағы «Каспийрыбтрест» деген трестке бағынатын. «Каспийрыбтрест» бүкіл Каспийдегі (Ираннан басқа) барлық балық өнеркәсібін біріктіріп, тікелей Мәскеуге қарап тұрды. Сол Астраханьдағы басшылар Баутин балық комбинатында жаңа балық ұнын шығаратын цех салуды ұйғарып, солардың шешімімен жас маман Сайын Айтов Мәскеуге аттанады. Ол ВТУЗ-ды оқып жүргенде де дипломдық жұмысын Салехард қаласында «Консерв заводының жобасын жасау» тақырыбында «үздік» дкеген бағамен қорғаған еді. Бұл білімі кейін біздеге маринадты майшабақ құтыларын шығаратын цехты қайта жарақтандыруда пайдаға асты. Мәскеу түбіндегі ет комбинаттарының бірінде мал сүйегінен ұн шығаратын қазандарды көріп, технологиясын үйреніп, оны балық ұнын шығаратын етіп, лайықтау үшін инженерлік ұсыныстарын айтып, сондай екі қазандық жасатуға заказын беріп оралады. Бұл – 1960 жыл еді.

 Баутин балық комбинаты ол кезде балықтың қызыл балықтан басқа түрлерінің бәрін аулайтын. Қызыл балық аулаудың заңмен белгіленген шегі, мезгілі, Гурьев балық комбинатынан, Астраханьнан осы үшін арнайы жасақталған бригадалар болды. Кей жылдары балық аса көп ауланып,  Астрахань, Гурьев балық кәсіпорындарында оны сақтайтын орын болмай, Фортқа әкеліп сақтап жүрді. Баутин балық комбинатында қуатты мұздатқыш болды, оны салқындататын аммиак цехы, дизель электростанция жұмыс істеді. Балық тиеген кемелер ұзын пирс басына келіп тоқтайды, сол жерде жәшіктерге салынған балық кеме трюмінен кранмен шығарылып, ол электр күшімен троспен тартылып рельспен жүретін арбаларға тиеледі. Пирстің екінші басында жұмысшылар оны электр аккумуляторларымен жүретін электрокарларға тиейді. Сол электрлі арбалар балықты мұздатқышқа тасиды. Арба лифтіге кіріп тоқтайды, лифтімен жоғары көтеріліп, бірден тоңазытқышқа кіреді де жұмысшылар түсіріп алады. Мұздатқыш ішінде жұмысшылар қалың фуфайка-шалбар, киіз етік – байпақ киіп жүреді. Басқа балықтар да осылай шығарылып, ұсақтары майшабақ құтыларын шығаратын цехтарға тасылады. Осы жолдардың авторы менің өзім де электрик болып, осы жерде жүрдім.

Майшабақ аса көп ауланатындығы сондай, төбе-төбе болып үйіліп қалатын. Оның үстіне итбалық та ауланды. Күз айларында теңіздің солтүстік жағалауындағы тайыздарда ағыстың күшімен құм аралдар пайда болады. Күн салқындағанда сол аралдарға итбалық шығып, қыздырынады. Бір аралға ондаған мыңдап итбалық жиналады екен. Соған түн ішінде арнайы бригадалар барады. Кемені алыстан тоқтатып, жарықты жақпай, шуламай кішкентай қайықтармен шығып, аралды қоршайды да, шеттен бастап тиіседі. Сонда бір жолда 40-50 мыңдай итбалық соғылады екен. 70-80 мыңы соғылған жылдар бар. Қаңтар, ақпан айларында итбалықты мұз үстінен соғады. Ол кезде негізінен күшіктер соғылады. Алдымен жаңа туған ақ күшіктер ауланады. Араға 20 күндей салып, күшіктің ақ жүнінің арасынан қара қылшықтары өсіп шығып, қара күшік болғанда тағы ауланады. Осы мол дүниенің бәрі халықтың кәдесіне жарап жатты. Итбалық терісі Қазан қаласына тасылды. Әрі қарай Ленинградта үлкен халықаралық аукционға шығарылды. Сәкең бұл сапарларға да барып жүріпті.

  -Қазанға итбалық терісін самолетпен жәшікпен, артынан бөшкілермен апарып жүрдік. Кейіннен өңделген терілерді Ленинградтағы халықаралық аукциондарға да апардық. Сонда біздің терілер жоғары бағаланатын еді, -деп еске алады Сайын аға. Содан, 1960 жылдың аяғына таман қазандықтар келді. Жаңа цех 1917-жылғы қазан төңкерісіне дейін осы өңірде кәсіпшілік құрған атақты Захар Кузьмич Дубскийдің балық тұздаған, сақтаған цехтары орналасқан, кейін қойма ретінде қолданылған ғимараттардың орнына салынды. Қоймалар бұзылды, орнына екі қабатты үйдей ұзын ғимарат салынды. Осы ғимарат ішіне қазандықтар орнатылып, 1961-жылдың 31-наурызында алғашқы ұн шығарыла бастапты. Сайын Айтов осы цехтың бастығы болды.

Балық ұны – итбалық мүрдесінен басқа тауарлық түрі бұзылған балықтың барлық түрін тартып, бумен пісіріп жасалатын өнім, ауыл шаруашылығында жем әрі тыңайтқыш ретінде қолданылатын. Ол қағаз қаптарға салынып, теңіздің арғы жағына жөнелтіліп жатты. Сапалы майшабақтар Прессерв цехында екі түрлі құтыға салынып, тұздықтар құйылып, консерві күйінде шығарылды. Ол цех Баутин балық комбинатының өз аумағында орналасқан. Айта кету керек болар, Баутин аты берілген бұл комбинат Баутин кентінде  емес, Аташ кентінде орналасқан. Балық ұнын шығаратын зауыт та Аташта. Осы цехтың қасында майшабақтарды ыстап, қағаз қораптарға салып шығаратын бөлімшесі болды, менің марқұм анам осы жерде жұмыс істеді. Оны Степан Зацепин деген кісі басқаратын. Степан қазақ әйелдермен отыра қалып керіскенде нағыз көпті көрген сарықарын бәйбішедей бәрін жеңіп шығатын, үнемі айқайлап сөйлейтін қызық кісі еді. Осы цехқа жалғастыра салынған ғимаратта Т.Шевченко атындағы орта мектептің бір корпусы орналасты, терезесі цех ауласына қарайтын. Он жылдықты осы жерде оқып тауыстық.

Балық ұны цехының ауласында майшабақтар үйіліп жататын, оларды жәшіктерге салынған күйде машиналармен әкеліп төгетін. 5-6-7 сыныптардан кейін жазғы каникулдарда жұмысқа балаларды да алатын, мен де жүрдім осы жерде босаған жәшіктерді жинап, сынғандарын қайта бүтіндеп. Цехтың қасында Дубскийден қалған балық тұздайтын чандар болды, бір өзіне оншақты текшеметр су сиярдай қылып, дөңгелектеп, ағаштан өріп жасалған бұл чандардың биіктігі 3-4 метрдей төбесі қалың етіп теңіз шаландарымен, топырақпен жабылған, жермен бір деңгейде жататын.

Сол балық ұнын шығаратын цехты өз қолымен тұрғызып, қатарға қосқан Сайын Айтов ағамызды 1961-жылдың күзінде «Гурьев нефтехимстрой» тресінің Форттағы учаске бастығы қылып тағайындайды. Маңғыстау мұнайын игеру үшін кең көлемді жұмыстардың басталған кезі. Тез арада Фортта қарайған кеңсе, тұрғын үй салу керек болды. Бұған жігерлі басшы керек болып, Гурьевтегі облыстық партия комитетінің бюросының шешімімен Сәкең жіберіліпті. 1964-жылы мұнайшылар Ералиевке (қазіргі Құрық) ауысып, құрылыс учаскесі жабылады да, Сайын Баутин балық комбинатына директордың орынбасары болып тағайындалады. Осы қызметті 10 жыл атқарып, 1975-1978 жылдар аралығында «Магышлаксельстрой» тресінің Форттағы учаскесін басқарады. 1978 жылы Маңғыстау балық тоңазыту флоты болып ірілендірілген басқармада бөлім бастығы, артынан кәсіподақ комитетінің төрағасы болып, 1998-жылы зейнеткерлікке шығыпты.

-Қуатты-қуатты кемелер болды. «Дербент», «Комсомолский», «Гурьев» сынды үлкен жүзбелі балық өңдейтін зауыттар, одан кішілеу «Индигирка», «Шушинское», одан да шағындау «Ангара», «Прут», «Днестр» сияқты жүзбелі зауыттар теңіз ортасында айлап тұрып жұмыс істеді. Толып жатқан қабылдаушы-тасымалдаушы кемелер теңіз төсін тілгілеп, алыс сапарларға жүк апарып жатты. Біздің өнімдеріміз сонау Прибалтика жағына дейін жөнелтіліп жатты, сонда өздері балықтың не түрін аулап, консервінің толып жатқан түрін шығаратын ол елдерде де өтімді болғаны ғой! МРХФ болып тұрғанда 2 мыңдай адам жұмыс істеді. Атақты-атақты балықшылар, кеме капитандары шықты. Қ.Атшыбаев, П.Казачков, Ю.Гринин, В.Жартыков, А.Күзембаев, Т.Сүлейменов, Т.Балтабеков, К.Медетов, К.Асанов, Қ.Есетов сынды мықты-мықты өндіріс командирлері жұмыс істеді.

Мұздатқыш орналасқан ғимарат теңіз төрінен де, қыр жақтан да көрініп тұратын, әдемі, еңселі ғимарат еді, қазір орны да жоқ. Аммиак цехының, дизель станциясының, механикалық цехтың, екі прессерв цехының орны қайда, ол да жоқ. Жазғы пионер лагері бар еді, ол да әлдекімдердің қолына кетіп қалған. Біздің мақтанышымыз болған қуатты жүзбелі зауыттарымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Осылай, бір кездері гүрлеп тұрған, мыңдаған адам еңбек етіп, тіршілік қайнап жатқан қуатты өндіріс құрып тынды, — деп, бүгінде Сайын аға қамығып отыр.

Форттағы балық өнеркәсібінің негізін Дубский сияқты орыс кәсіпшілері қалаған. Қазан төңкерісінен кейін ол кісі кәсіпшілікті өз қолымен қызылдарға өткізіпті. Соның негізінде бірнеше балықшылар колхозы құрылған. 1924 жылы Каспий бойынша мемлекеттік балық өнеркәсібі артельдері, артынан трест құрылған. 1927-жылы «Маңғыстау балық аулаушыларының серіктестігі» құрылған. Моторлы қайықтардың станциясы жасақталған. 1933-жылы Құлалы, Саурада орналасқан балық аулау кәсіпшіліктері «Каспий балық және аң аулау тресі» дегенге біріккен. 1941-жылы соғыс шарпыған өңірлерден көшіріп әкелінген балық жөндейтін зауыт пен кемелердің негізінде Баутин балық комбинаты құрылған. Ол 1951 жылы Баутин балық консервілері комбинаты болып аталды. Баутинде «Мемлекеттік балық аулау базасы» жұмыс істеді. 1974-жылы осылардың базасында «Маңғыстау балық тоңазыту флоты» атты үлкен бірлестік құрылды. 10 орта тоннажды кеме, 6 сейнер, 16 қабылдаушы-тасымалдаушы кеме, 6 итбалық соғатын кеме теңіз айдынында, толып жатқан цехтар жағада жұмыс істеген. Жылына 32 мың тоннаға дейін балық ауланып, 9 миллион консерві шығарылып тұрыпты! Қазір қайда сол байлық?

Ежелден балықшылар мекені деген атымен әйгілі болған біздің Ақкетіктің дәурені жүріп тұрған сол кездердің ең бір керемет мерекесі – Балықшылар күні болатын. Ол біз үшін шын мәніндегі бүкілхалықтық мереке болатын. Концерттермен, дискотекалармен, спорттық жарыстармен, марапаттаулармен дүрілдеп өтетін еді. Қазір бізге, қаламызға тән дейтіндей ондай кәсіби мереке жоқ. Балықшылардың мерекесі түгіл өздері де ұмытылып барады. Дәурен-ай десейші…

Сөздің реті келген шығар, бұрын да айтылған бір ойымды тағы ортаға салғым келіп отыр. Балықшылық – ата кәсібіміз, ажырамас тарихымыз еді. Балықшылық – тегіміз еді. Алтын тініміз еді. Енді солардың бәрін ұмытпақпыз ба? Тым болмаса Балықшылар аллеясы құсаған бір көпшілік-демалыс орнын салып, Иса мен Досан ескерткішіндей болмағанымен шағындау болса да ескерткіш орнату қолымыздан келмей ме?

Әлде, балықшылық «есте жоқ ерте заманнан жеткен бір ертегі» болып қала бермек пе?

Айсағали ҚЫДЫР