Өткен жұма күні, облыс әкімі Ералы Тоғжанов аймақтың әлеуеті кең, келешегі зор ірі кәсіпорындардың бірі – «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясына арнайы бас сұғып, мекеменің ішкі тынысымен, жұмыс барысымен, болашақ жоспарларымен етене танысты. Әкім сондай-ақ компания ғимараты ішінен Литва Республикасының Маңғыстау облысындағы құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Ел ризығын еселеген бірқатар жетекші компаниялар орналасқан ғимаратта енді Литва Республикасының Маңғыстау облысындағы құрметті консулдығы да жұмыс істемек. Оның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Қазақстан мен Литва елдерінің бизнес, теңіз сауда тасымалы, көлік сынды маңызды салалар бойынша тізе қосып жұмыстанатынына, қос мемлекеттің қарым-қатынасы қарышты, серіктестігі сындарлы болатынына сенім білдірді.

319-0966

-Қазақстан Балтық жағалауы елдерімен байланысты нығайту, теңіз қақпасы бар Ақтау қаласындағы кемежай әлеуетін өсіру мақсатында өңірімізде Литва Республикасының құрметті консулдығын ашып отыр. Бұл консулдық тәжірибе алмасуға, жаңа жобаларға дем беруге, экономиканың өркендеуіне серпін берер кеме жасау, кемежай инфрақұрылымының құрылысы, балық аулау, теңіз мамандарын даярлау, туризм салалары бойынша екі елдің бизнес қауымдастығының қарым-қатынасын жақсартуды көздейді,-деді «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС бас директорының кеңесшісі Қуаныш Есетов.

1998 жылы құрылған компания теңіз сауда тасымалымен айналысады. Оның басты мақсаты – республикада ұлттық теңіз сауда флотын дамыту, өз күшімен отандық жүктердің халықаралық теңіз тасымалын ұйымдастыру. Осындай ірі кәсіпорын — «Қазақтеңізкөлікфлотымен», ғимарат ішінде орналасқан «Қазмұнайгаз» компаниясына еншілес мекемелермен танысқан соң аймақ басшысы компания қызметкерлерінің жұмыстарына табыс тіледі.

Қала мекемелерімен танысу жұмысы мұнымен аяқталмады. Әкім облыстық соттың ғимаратына арнайы барды. Облыстық соттың төрағасы Жақсылық Аланов бастаған судьялар, сот қызметкерлері өңір басшысына сот корпусын аралатып, сот жүйесіндегі оң өзгерістерді көрсетіп, жүйелі жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. Одан соң сот төрағасы Жақсылық Рзабекұлы Ералы Тоғжановқа ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы сот төрелігін жүзеге асыру жұмыстары туралы баяндамасын оқыды. Ол өз сөзінде облыстың сот құрылымы, судьялардың, сот қызметкерлерінің саны, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер саны, сот жүйесіндегі электронды сервистер, соттарды толғандыратын өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Ал облыс әкімі өз кезегінде мекеме ғимаратына оң баға беріп, судьялар әділетті болу арқылы ғана халықтың ризашылығына бөленетінін айтып, Елбасының мақаласына тоқталды.

Сондай-ақ татулық пен келісімді ту еткен медиация тәсіліне, сот жүйесінде еңбек ететін мамандардың білімін көтеруді көздеген оқу орталығына ерекше назар аударылды.

????????????????????????????????????

-Соттың оқу орталығы мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті меморандумға қол қойып, өзара тәжірибе бөлісуге кірісті. Бұл меморандум аясында әрбір судья әр аптада университеттің экономика және құқық факультетінің студенттеріне дәріс оқып кетеді, ал студенттер сот ғимаратын аралап, болашақ мамандығының қыр-сырымен танысады,-деді облыстық соттың судьясы, оқу орталықтың үйлестірушісі Г.Бақытжанова.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ