Әскерге шақыру науқаны басталды. Маңғыстау жастары Ақтау қалалық қорғаныс істері департаментіне шақыру комиссиядан өту үшін көптеп келуде.

Әскерге шақыру комиссиясы жұмысқа қызу кіріскен. Әскер қатарына қосылуға тілек білдіргендер барлық құжаттарын тапсырып, медициналық тексерістен өтуде. Жастардың дене, психологиялық саулығын тексеретін дәрігерлердің білімі жоғары, тәжірибесі мол. Толық тексерістен соң жігіттер комиссия мүшелерінің сұрақтарына мүдірмей жауап беруі тиіс. Осы рәсімдерден кейін ғана олардың әскерге жарамдылығы анықталады.

— Қазақстан Республикасының 561 заңына сәйкес кезекті әскери шақыру кезеңі басталды. Әскерге шақыру комиссиясына 1200 адам шақыруымыз қажет. Қазірде 300-дей адам медициналық тексерістен өтіп, 150-дей адам іріктелініп, қай бөлімде әскери қызметте болатыны, қайда аттанатыны бекітілді. Шекара қызметіне Ақтау қаласынан 30-ден астам адам жіберілді. Алдағы уақытта тағы 45 адам аттанғалы тұр. ҚР Қорғаныс Министрінің Қарулы күштері әскери бөлімшелеріне 74 адам жіберіледі деп көзделуде. Одан соң Ұлттық Ұландар қатарына әскерлерді жөнелту басталады,-деді Ақтау қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы, полковник Дастан Шыңғысұлы .

Оның сөзінше, жастардың әскери қызметке қызығушылығы жоғары. Отан алдындағы борышын өтегісі келген жігіттердің саны жыл сайын өсуде. Алайда, оның барлығы әскери қызметке жарай бермейді.

— Қазіргі таңда жастар техниканы жетік білсе де, көздері нашар көреді. Фаст фуд өнімдеріне әуес болып, семіздікке ұшыраған. Жүрек, асқазан ауруларына шалдыққан. Спортпен айналыспайды, көп қозғалмайды. Осыдан көптеген дерттерге бой алдырып, әскерге жарамсыз болып қалады. Әскери қызметке барғысы келсе де, денсаулығы жібермейді. — деп атап өтті Д.Танкиев.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген автор

dsc_2764

dsc_2742