Облыс орталығында «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы мен жол сақшылары бірлесіп дәстүрлі түрде «Жолда қабылдау» акциясын өткізді. Шараны ұйымдастырушылар тұрғындардың сұрақтарына жауап берумен шектелмей, сауалнама да жүргізді. Азаматтардың жолда жүру ережелерін қаншалықты біліп, қандай дәрежеде сақтайтындығын тексерді.

02

— Бүгін «Жолда қабылдау» акциясының өтетіндігін әлеуметтік желіден оқып, арнайы келдім. Өткен жылдың ақпан айында менің қатысуымен жол көлік оқиғасы орын алған болатын. Бағдаршамның қызыл жанғанына қарамай маған қарама-қарсы беттен «ұшып келе жатқан» көлік келіп соғылды. Сол жерге жол сақшыларын шақырдық. Келген адамдар көлік иесінің таныстары болып шықты. Маған «кінәлісің, көлікті жөндейсің» деді. Мен келіспейтінімді жеткіздім. Хаттама толтырып, сотта кездесетінімізді және айыппұл төлейтінімді айтты. Мені таңқалдырғаны сотта жол көлік оқиғасы орын алған кездегі сызба да ескерілмеді, мені кінәлі деп тапты. Екінші сотты да солай қорытындылады. Сот кезіндегі видео жазбаны сұрадым, басында рұқсат етпеді. Кейін берді, алайда  түсірілу сапасы өте нашар болғандықтан ол жерде дауыс дұрыс жазылмапты. Сот аяқталған соң айыппұл да төледім, ал кінәлі адам болса, түк болмағандай көлігін жүргізіп, тайраңдап жүр. Бүгін осы жағдайларды айтып, мамандардан кеңес алдым. Қайда бару керектігі жөнінде бағыт-бағдар берді. Мен өзімнің кінәлі емес екенімді дәлелдеп, соңына дейін күресетін боламын,-дейді әділетсіздік орын алғанына күйінген қала тұрғыны А. Кенаятов.

Шараға қатысқан көлік иелері жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл, автокөліктің техникалық жағдайы, жол қозғалысы ережесінің бұзылуы секілді мәселелерді көтерді.

        04

— Шараның мақсаты-азаматтарымыздың әр түрлі сала бойынша құқықтық сауаттылығын арттыру. Бүгінгі шараға «Нұр Отан» партиясының және жол полициясының өкілдері, жергілікті учаскелік инспектор қатысып отыр. Олар өздеріне қатысты қандай да бір мәселемен келген азаматтардың сұрақтарына жан-жақты жауап беруде. Бізде ешқандай сауал жауапсыз қалмайды,-дейді МО ІІД ЖПҚ жол қозғалысын ұйымдастыруды қадағалау бөлімшесінің басшысы Еркін Дегениязов.

Е. Дегениязовтың айтуынша, жыл басынан бері облыста 229 жол көлік оқиғасы орын алған. Оқыс оқиғаның салдарынан 59 адам қайтыс болса, 280 адам әр түрлі дене жарақатын алған. Өткен жылмен салыстырғанда орын алған апат саны 12,9%-ға, қайтыс болғандар 7,8%-ға, дене жарақатын алғандар 14,4%-ға азайған. Жалпы жол ережесін бұзатындардан Ақтау қаласы көш бастап тұр. Екінші, үшінші орындарға жаңаөзендік және мұнайлылықтар көлік жүргізушілері орналасқан.

Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

03060809 05