Маңғыстау энергетикалық колледжінде «Шалом» еврей этно-мәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысқан маңғыстаулықтармен кездесу өтті.

Миллиондаған адамның өміріне зардабын тигізген Чернобыль апатына — 30 жыл. Атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жарылыс әлемді дүр сілкіндірді. Адамдардың немқұрайдылығы пен бейқамдығынан туындаған радиактивті қауіп бейбіт аспанды торлап, қоршаған ортаға, адамзатқа қауіп төндірді. 

чернобыль 1Ауыр апаттың зардабын жоюға Қазақстаннан 30 мыңдай адам қатысты. Елеулі ерлігімен, қажымас қайсарлығымен ядролық қарудың салдарын сейілтіп, жанкешті күреске шыққан олардың арасында маңғыстаулықтар аз болған жоқ.

Апат құрбандарын еске түсіріп, трагедияның қайталанбауы мақсатында өткен кездесуге Чернобыл апаты зардабын жоюға қатысқан маңғыстаулықтар мен жастар қатысты. Юрий Кержбаум, Юсуп Абдухалилов, Нина Мильникова және Валентина Гапонова халықтың қабырғасын қайыстырған қайғыны, құрбан болған жандарды еске алып, жүрек түбіндегі ауыр естеліктерімен бөлісті.

чернобыль 3

-Чернобыль апаты зардабын жоюға 2500-ден астам маңғыстаулықтар қатысты. Қазіргі таңда оның Ақтауда 180-ы, бүкіл облыс бойынша 224-і тұрады. Қаладағы білім ордаларында жастармен жүздесіп, өз ісінің майталманы болсаң, осындай қайғылы оқиғалар орын алмайтынын жеткізіп, түсіндірдік. Қауіпті қызметте зор жауапкершілікті арқалап, ісіне берік әрі жетік адам апатқа жол бермейтінін ұқтырдық. «Чернобыль» одағы 1993 жылы құрылды. Мақсаты – бір-бірімізге жәрдем беру, өзекті мәселелерді шешу және қолдау көрсету. Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысқандардың көбі мүмкіндігі шектеулі не жалғыз қалған. Қасіретті естеліктермен өмір сүретін олар жұмыстан кеткен. Өкінішке орай, жыл өткен сайын алапат зобалаң ұмытылып, есімдер өшірілуде. Бес жыл бұрын кіші Ассамблеяда мінбеге шығып, бұрынғы облыс әкімі Қ.Кушербаевқа арнап стелла құрылысы бойынша сөз сө йледім. Он жыл бойы шешілмей келген мәселе екі ай ішінде шешіліп, ол қала әкіміне тапсырма берді. Жер, тақта, бәрі бар. «Ұшақ» ескерткішіне жақын жерге стелла орнату жоспарланды… Содан бері бес жыл өтті. Жыл сайын жоба құны өзгерді. Ештеңе де құрылмады. Бірде облыстық басқармалардың біріне стелла жобасы бойынша барлық құжаттарды апарып барғанымда, «Чернобыль апаты – азаматтық соғыс па?» деген сөзі көңіліме кірбің, жүрегіме күйік түсірген. Осындай көңілсіз езу тарттыратын оқиғалар естеліктер өшірілетінін, ешкімде, ештеңе де мәңгілік еместігін көрсетеді. Чернобыльшылар қосымша ештеңе сұрамайды. Қасірет күні бірге болған серіктерінің рухтарына тағзым етіліп, ерліктері ескерілсе дейді. Үміт пен үрей ұштасқан жүрек осы стелла құрылатынына сенеді,-деп түйіндеді сөзін Маңғыстау облыстық «Чернобыль» одағының төрағасы Юрий Кержбаум.