М.Өскенбаев атындағы облыстық филармонияда «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында өтетін «Әйел бақыты» ток-шоуының авторы әрі жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызы «Нәзік жандылар: Біз қандаймыз?» атты кездесу кешін өткізді.

Танымал тележүргізуші ағымдағы жылдың көктемінде «Менің екінші кітабым» атты тұңғыш туындысын жарыққа шығарған-ды. Балғын балалық шағын, жалындаған жастық кезін, отбасылық өмірін, мөлтек сырларын, жан сезімін паш еткен ол кітабын қыз-келіншектерге арнаған. Маңғыстаулық жанкүйерлерімен жүздесудің себебі де сол. Нәзік жанды арулардың әлеміне бойлай білген Ләйлә Сұлтанқызы кездесу аясында жаңа кітабын таныстырып қана қоймай, көрермендердің көкейіндегі сауалдарына жауап берді.

-Мен Ақтау қаласына екінші рет келіп отырмын. Алғашында бұл ақмаржан қалаға жолым 2003 жылы түсті. Осы жылдар ішінде Ақтау өзгеріп, көркейген. Зәулім ғимараттар, нысандар бой түзеген. Жаңа құрылыстар басталып, келешегі кеңейген. Бұл оң өзгерістерге куә болып, маңғыстаулықтармен кездескеніме ерекше қуаныштымын. Және өмірімнің ең қызықты да ерекше сәттерімді баяндайтын күнделік іспеттес — «Менің екінші кітабымды» маңғыстаулық оқырмандарыма таныстыруға қолдау көрсеткен облыстық әкімдікке, облыстық мәдениет басқармасына алғысымды білдіргім келеді. Бұл тырнақалды дүниені жазуға көп нәрсе түрткі болды. Бір қолымен бесікті, бір қолымды әлемді тербеткен әйелдер қатарынан болғандықтан қыз-келіншектер кезігетін қиындықтарды мен де көрдім, мен де басымнан кештім. Біреуге тәлім, біреуге үлгі болар деген үмітпен осы кітабыма өмірбаянымды қосып, күнделігімнен үзінділер келтіріп, болашақ аналарға, келешек келіндерге жәрдем болар кеңестерімді жаздым. Кітап бес мың данамен шықты. Бұл туындым әрбір әйелге кішкентай көмекші болса білсе, нұр үстіне нұр,-деп ағынан жарылды тележүргізуші.

«Әйел бақыты» ток-шоуының жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызы әйелдерді толғандыратын өзекті мәселелерді қозғады. Отбасы институтына айрықша мән беріп, отбасы құру, ене мен келін қарым-қатынасы, қыз тәрбиесі секілді тақырыптарды талқылады. Сондай-ақ тележұлдыз  әйелдерге қол көтеру, опасыздық, ажырасу сынды көкейкесті мәселелерді көтерді.

Ханым ҚУАТ

Суреттерді түсірген автор

dsc_1969

dsc_1984

%d0%bb%d0%b0%d0%b9%d0%bb%d0%b0-%d1%81%d1%83%d0%bb%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%ba%d1%8b%d0%b7%d1%8b-1

%d0%bb%d0%b0%d0%b9%d0%bb%d0%b0-%d1%81%d1%83%d0%bb%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%ba%d1%8b%d0%b7%d1%8b-2