Дәстүрлі «Aktau Open Fest-2016» фестивалі аясында көк айдын жағалауында сән көрсетілімі өтті. Отандық әрі жергілікті сәнгерлер үздік сән үлгілерін талғампаз көрермен назарына ұсынды. Ұлттық ою-өрнекпен өрнектелген, асыл тастармен көмкерілген, қазақы бояуы қанық үздік киім үлгілері сәнқой бойжеткендер тарапынан жоғары бағаға ие болды. «Aida KaumeNOVA», «Нур Шах», «KENJE», «Мария ханым» сынды танымал сән үйлерімен қоса  «Сән мен Сахна – 2015» халықаралық фестивалінің жеңімпазы «Мадина  Масакова» «Назипа Тұрысбекова»  және «BB LADIES» сынды жаңа брендтер жарқын топтамаларын таныстырды.

«Ақмаржан Ақтауға екінші мәрте аяқ бастым. Жасампаз жобаға лайықтап, арнайы жаңа сән үлгілерін жасадым. Кез-келген топтамамда ұлттық нақыш көрініс табады. «Қара алтын» қорымыз, табиғи қазба байлықтарымызбен қоса ұлттық құндылықтарымыз, мәдениетіміз бен терең тарихымыз мен үшін өте бағалы. Маған туған жерім, оның көрікті қалалары мен теңдесіз табиғаты шығармашылық шабыт сыйлайды. Кез-келген сәнгер өзіндік стилге ие. Жаңа туындысында қайталанбас қолтаңбасын қалдырады. Әрқашан тұтынушылары да табылады. Жаңа әрі жас  сәнгерлерге сәттілік тілеймін»,-деді танымал дизайнер Аида Кауменова.

Көркем, сапалы әрі ерекше сән үлгілері  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дизайнер Ханым Айдаштың назарына ілігіп, оң бағаға ие болды.

«Арт-фестиваль жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ақтау халқы өте талғампаз. Жаңа сән үлгілері мен  тың топтамаларға аса мән береді. Жастар жағы жаңалыққа құмар. Сондықтан болар, отандық сәнгерлерге әрдайым жылы шырай танытады. Сахнаның теңіз жағалауында орналасуы тамаша идея деп есептеймін. Себебі шығармашылық жандар көк теңіз, асау толқындардан шабыт алады. Ой-өрісі кеңейіп, қиялы ұшқырлана түседі»,-деп атап өтті Ханым Айдаш.

Топтамасында айрықша үлгі, өзгеше өрнек үйлесім тапқан Мадина Масакова  жергілікті жас дизайнерлердің бірі. Арт-фестиваль аясында ол ақтаулықтарды жаңа туындыларымен таныстырды.

«Өз елін, жерін сүйетін, ұлттық құндылықтарын ұлықтайтын жан ретінде топтамамда ұлттық нақыш пен бояуға аса мән беремін. Қолдан жасалған әшекей бұйымдарыма көбісі қызығушылық танытады. Қазіргі таңда халықаралық жарыстарға қызу дайындық үстіндеміз. Алдағы уақытта жеке сән үйімді ашу жоспарда бар»,-дейді ол.

Арт-фестиваль аясында қолөнер шеберлері көркем бұйымдары мен көрікті туындыларын көпшілікке ұсынды. Көрме-жәрмеңкеге шеберлердің ең үздік  қолөнер бұйымдары — қыштан, теріден, киізден, ағаштан жасалынған заттар, киімдер, зергерлік бұйымдар және тағы да басқа көптеген туындылары қойылды. Қызығушылық танытқандар шығармашылық өнерді тамашалап қана қоймай,  зергерлік бұйымдар мен әшекейлерді сатып алды.

Аталмыш шара аясында жас қылқалам иелеріне шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай  танымал таланттар қолынан щыққан өнер туындылары шәкірттер таңданысын тудырды. Еліміздің түкпір-түкіпірінен келген суретшілер шәкірттер өнерін жоғары бағалады.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Cуреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

%d0%b0%d1%80%d1%82-2

%d0%b0%d1%80%d1%82-3

%d0%b0%d1%80%d1%82-4

%d0%b0%d1%80%d1%82-5

img_1601

img_1605

img_1709