Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқалы құқық, заң саласы үздіксіз даму үстінде. Оның үстіне Елбасымыз ұсынған әрбір бағдарламадан сот жүйесі тысқары қалған емес. Осыдан төрт жыл бұрын қазылардың басы алтыншы съезде қосылып, Елбасы тарапынан нақты тапсырмалар жүктелген болатын. Бүгінде сол тапсырмалардың орындалысы сөз жүзінде емес, іс жүзінде оң шешімін тауып, сотқа жаңа серпін беруде.

Алқалы жиында Ұлт Көшбасшысы дауларды созбалаңға салмай, жедел қарауды тапсырған еді. Яғни, Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытудың ауқымды әлеуеті әсіресе әлеуметтік саладағы даулар мен қақтығыстарды шешудің баламалық жолдарын енгізуде жатқанын атап өткені есімізде.Нәтижесінде Азаматтық процестік кодекс дайындалып, халықаралық сарапшылардың сүзгісінен өтіп, 2016 жылы қабылданды. Кодексте істерді қос тарапты татуластыру арқылықысқартуға айрықша назар аударылған. Бұл әрбір құқық бұзушыны түрмеге тоғыта беру заманының артта қалып, дауларды өркениетті түрде шешуге мүмкіндік беруімен мәнді. Жыл сайын сотқа жүгінетіндердің қатары өсіп, яғни азаматтық істердің саны артқан. Сондықтан, жаңа Азаматтық процестік кодекске істерді оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қарау атты бөлім енгізілген.

Алтыншы съезде Елбасы «Соттар қызметінің заңнамалық және процессуалдық нормаларын жүйелі түрде жетілдіру маңызды. Қазірдің өзінде қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық атқару және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жаңа кодекстердің жобалары дайын. Олар ұзақ уақыт мұқият әзірленді», — деген болатын. «Айтылған сөз – атылған оқ» демекші, санаулы уақыт ішінде жоғарыда аталған кодекстер жаңартылып қабылданды. Заманға сай заңдарды ізгілендіру құптарлық іс дер едім. Себебі, ескі заңдардың заман қажеттілігін толық қамти алмайтындығы анық. Сондай-ақ, бүгінде сот залдары аудио және бейне жазба аппараттарымен жабдықталып, сот процестері барынша ашық түрде өткізіледі. Ол жазбаларды уақытша тоқтату не өзгерту мүмкіншілігі қарастырылмаған. Бұдан сульялардың жауапкершілігі артып, сот процестері мен қабылданатын шешімдердің әділдігі қамтамасыз етіледі.

Қазан айында Судьялардың жетінші съезі өткізілмекші. Бұл құрылтайдың мақсаты судьялардың басын бір арнада тоғыстыру ғана емес, сот саласын жетілдіру. Аталған съезде түйіні көп мәселелер талқыға салынып, қордаланған мәселелер шешімін табады деген үміттеміз. Басты мүдде бұқараның сот төрелігіне деген сенімін арттыру болып табылады.

Азат Ізбасаров, Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының төрағасы