Кеше, 17 шілде күні Маңғыстау облысына ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында үкімет басшысы 19 «А» шағынауданда құрылысы қаңтар айында басталған жазушы Ә.Кекілбайұлы атындағы әлеуметтік-мәдени кешенге барды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Жаңа жобамен танысу барысында «Еврастрой-А» ЖШС компаниясының директоры Ризабек Өтегенов кешеннің құрылысы үш кезең бойынша жүргізілетінін айтып өтті.

Алғашқы кезеңде көлемі 9,5 мың шаршы метрді құрайтын облыстық тарихи-өлкетану мұражайы бой көтермек. Ол осы жылдың қазан айында толық аяқталады деп күтілуде. Мұражай құрылысы аяқталғаннан кейін мердігер мекеме екінші кезеңнін құрылысын бастайтын болады. Ол – аумағы 8,5 мың шаршы метрді қамтитын облыстық кітапхана ғимараты.

Үкімет басшысы Ә.Кекілбаев атындағы кешен құрылысымен танысты

Ризабек Өтегеновтің айтуынша, жаңа кітапхана 280 мыңға жуық кітапты орналастыруға мүмкіндік береді. Мұражай ғимаратының үстіңгі бөлігі толығымен шыныдан жасалып, сырты жапондық тақтамен қапталады. Ал төбесі қазақ халқының ұлттық нағыштағы киіз үйі тәріздес шаңырақпен көмкерілмек. Халқымыздың көшпелі дәуірінде ажырамас баспанасына айналған киіз үйдің бейнесі осылайша Ә.Кекілбайұлы атындағы мұражайда көрініс таппақ.

Құрылыстың үшінші кезеңінде облыстық музыка және драма театрының жаңа ғимараты бой көтермек. Ризабек Өтегеновтің айтуынша, қазіргі уақытта театрдың дизайн жобасы әзірленуде. Сонымен қатар орталықтың бүкіл аумағы гранит тақталарымен жабдықталмақ. Демалуға арналған орындықтар қойылып, әуенді субұрқақтар да көрініс таппақ.

Айта кету керек, мәдени кешеннің құрылысына «North Caspian Operating Company NB» компаниясы демеушілік жасауда. Жобаның жалпы құны – 8 364, 789 млн.теңге. Жалпы Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталықтың аумағы 10,5 гектар жерді алып жатыр.

Айгүл ОРЫНБАЕВА

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ