Ақтөбе қаласында маусымның 13-16 күндері самбодан кадеттер арасында Қазақстан Республикасы чемпионаты өтті. Оған 320 самбошы қатысты, соның ішінде Маңғыстау облысынан 24 спортшы бақ сынады. Чемпионаттан маңғыстаулық самбошылар 2 алтын, 2 күміс және қола жүлдемен оралды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Жарысқа елдің барлық аймағынан 16 команда келді. Олар 10 салмақ дәрежесінде күресіп, өз мүмкіндіктерін көрсетті.

Аймақ атынан барған 60 келі салмақта Айбек Сайлаубаев 10 белдесу өткізіп, өз салмағында чемпион атанды. Ал 55 келі салмақтағы Нұрсұлтан Жұбатқан 5 белдесу өткізді. Ол Атырау қаласынан келген палуанмен күресіп, есе жіберді. Осылайша 2-орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар Қарақия ауданының самбошысы Бейбарыс Бақтыбай 5 белдесу өткізді. Бейбарыс Алматы облысының палуанына есе жіберіп, жүлделі 2-орынға жайғасты.

Ел чемпионатынан маңғыстаулық самбошылар жүлделі оралды

Қыздар арасында Мерейлім Кеңесбек 44 келі салмақта күресіп, алтын медальді иеленді. Жыңғылды ауылынан келген Жұлдыз Өтепберген 41 келі салмақта қола жүлдені алды.

Ел чемпионатынан маңғыстаулық самбошылар жүлделі оралды

Жас самбошыларды чемпионатқа «Жас батыр» спорт мектебінің білікті бапкері, самбодан экстро-класс төрешісі, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Берік Жұмағалиев пен МО самбодан кіші жасөспірімдер арасындағы аға бапкер Айбек Бисекенов дайындаған.

«Кадеттер арасында өткен чемпионат жас самбошыларға үлкен тәжірибе берді. Жүлдегерлер арасында республикалық деңгейде алғаш рет жарысқа қатысып жатқандар бар. Олар да жақсы нәтиже көрсетті», — дейді «Жас батыр» спорт мектебінің білікті бапкері Берік Жұмағалиев.

Сондай-ақ МО самбодан кіші жасөспірімдер арасындағы аға бапкер Айбек Бисекеновтың айтуынша, жеңімпаздарға ҚР спорт шеберіне үміткер атағы берілді. Ол Маңғыстау облысы самбо федерациясына, ата-аналарға және шәкірттерге алғыс білдірді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді ұсынған «Жас батыр» спорт мектебі