Маңғыстау облысы орталығындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 57 түлегінің қолына жоғарғы мектепті тәмамдау туралы аттестат тиді. Зияткерлік мектеп тарихындағы екінші рет ұшырылып отырған түлектерге арналған салтанатты шараға қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев балаларға құтты болсын айтып, сәттілік тіледі. 

Сондай-ақ ол білім ордасын үздік тәмамдап, қорытынды жиынтық бағалауды сәтті тапсырып шыққан Нұрғайса Жақсыбекқызына «Алтын белгі» тақты. Ал Аида Зинурқызы, Фариза Шынжырова, Меруерт Бижанова қызыл аттестатқа ие болды.

Ақтаулық зияткерлер халықаралық білім аренасындағы жетекші университеттердің білім грантына да ие болып отыр. Мәселен, көптеген республикалық пәндік олимпиадалар жеңімпазы Арман Жұмахан City University of Hong Kong жоғарғы оқу орнына «Data science» мамандығы бойынша білім грантын жеңіп алды. Бұл—заман сұранысына ие жаңа мамандықтардың бірі. 12«с» сыныбының түлегі Алуа Қанаева Гонг-Конг политехникалық университетінің білім грантына ие болды. Ал қызыл аттестат алған Фариза Шынжырова Назарбаев Университетінде тегін оқуға шақырту алды.

Мектеп директорының кәсіби бағдар беру бойынша кеңесшісі Сәуле Алдабергенова зияткерлік мектеп түлектерінің жоғары көрсеткіштерге жетіп отырғанын атап айтты. Оған дәлел—IELTS халықаралық емтиханының нәтижесі бойынша, барлық түлектің ағылшын тілін меңгеру деңгейінің орташа балы 6,3 болуы. Дегенмен, түлектердің көпшілігі еліміздегі жоғары оқу орындарын таңдап отыр.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА