тарих тастағы жазу Маңғыстау тас ескерткіш tas eskertkish
Сурет сайт архивінен

Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бастап жыл сайын 18 сәуір  күні атап өтіледі. Мерекені 1983 жылы ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі Халықаралық кеңес Ассамблеясы белгілеген. Мерекенің басты мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау және мәдени мұраны қорғау мәселелеріне қоғамның назарын аудару.

Аталмыш мерекеге байланысты тарихи-мәдени мұраларымыздың мүддесін қорғау бағытында, заңбұзушылық жағдайлардың алдын-алу мақсатында құқықтық-ақпараттық мәліметтерді тұрғындар жадына тағы бір мәрте ұсынғымыз келеді.

Ескерткіштер – ел тарихы немесе тарихи-мәдени мұра халық тарихының аса маңызды айғағы, адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Осы бағыттағы халықаралық актілердің арасынан 1954 жылғы «Қарулы қақтығыс кезінде мәдени мұраларды қорғау туралы», 1972 жылы ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны  қорғау туралы», 1979 жылғы «Мәдени мұраларды заңсыз тасымалдау және оларға деген меншік құқығын беруге тыйым салу шаралары туралы», 1988 жылғы Кеңес Одағының «Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы» Конвенцияларды атауға болады. Одан кейінгі тәуелсіздік жылдарынан бастап, қоғам мен мемлекеттің тарихи-мәдени мұраға деген көзқарасы өзгеріп, еліміздің өз заңнамасы қалыптасты, ЮНЕСКО, ICOMOS тәрізді халықаралық ұйымдармен ескерткіштерді қорғау саласында ынтымақтастық белсенді дамыды. Қазақстан Республикасында мұны қамтамасыз ету барлық заңды ұйымдар мен нақты адамдардың адамгершілік борышы және Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңымен белгіленетін міндеті болып табылады. Заңнамада археология, ансамбль, қала құрылысы мен сәулет ескерткіштерімен қатар, ғимараттар мен құрылыстардың қасбетіне орналастырылатын, аса көрнекті тұлғалар және айрықша оқиғалар туралы ақпаратты қамтитын мемориалдық тақталар, сондай-ақ, аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументті өнер туындыларына (ескерткіштер, стелалар, бюсттер) да ұғым беріліп, заңнамадан туындайтын нормативтік актілермен қағидалары бекітілген. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган — тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган Мәдениет және спорт министрлігі болып табылады. Жергілікті тұрғындар арасындағы көп кездесетін сұрақ болғандықтан монументті өнердің жаңа құрылыстары уәкілетті органның шешімі негізінде жүзеге асырылатынын атап өткім келеді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 371 бұйрығына сәйкес ұсыныстар уәкілетті органның монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссиясымен қаралады. Аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату арқылы мәңгі есте қалдыру аса көрнекті тұлғаның қайтыс болған немесе тарихи оқиғаның болған күнінен бастап кемінде бес жыл өткен соң жүзеге асырылады. Одан әрі монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату тәртібіне сәйкес тиісті жұмыстар жүзеге асырылады.

Археологиялық зерттеулерді заңсыз жүргізу жағдайларына келер болсақ, қазіргі таңда далалық жерлерде белгісіз кен іздеушілер немесе «қара археологтар» металл іздегіш радарлармен археологиялық ескерткіштерді қазып, талқандап кету жағдайлары көп кездеседі. Олардың әрекеті ескерткіштің мәдени қабатын жойып, сақталған құрылысын анықтауға нұқсан келтіреді, құнды жәдігерлердің қайтарымсыз жоғалуына әкеліп соғады. Өздеріңізге мәлім, ағымдағы жылдың 13 ақпанында мәжілісте «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының жаңа жобасы қаралып, мақұлданды. Жаңа заңда уәкілетті органмен археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарының жоспары жасақталып бекітіледі. Жоспардан тыс археологиялық қазба жұмыстары заңсыз болып табылады. Осы орайда, арнайы тексеру рейдтерін жүргізіп, кез-келген күдікті деп танылған әрбір әрекет бақылауға алыну керек. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шiлдедегі Қылмыстық кодексiнің 295-бабына сәйкес археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу бойынша тарихи-мәдени мұра объектісінде археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу – іздестірудің арнайы техникалық құралдарын (металл іздегіштер, радарлар, магниттік аспаптар, топырақ қабатында археологиялық заттардың болуын айқындауға мүмкіндік беретін басқа да техникалық құралдар) немесе жер қазатын машиналарды пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет — белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Мәдени құндылықтардың тоналуы, олардың зақымдануы кез-келген елдің, халықтың тарихы мен мәдениетінің күйреуіне, жойылуына алып келетіні белгілі.

Қазіргі таңда, Маңғыстау облысы әкімдігінің 2010 жылғы 28 шілдедегі № 279 «Жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» қаулысына өзгерістер енгізіліп, 2018 жылғы 5 қаңтардағы № 3 қаулысымен 570 ескерткіш мемлекеттiк тізімге енгізілген. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015  жылғы 30 наурызындағы № 119 бұйрығымен бекітілген республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне Маңғыстау облысынан 20 нысан кірген. Облыста бұған қоса 800-ден астам тарихи-мәдени мұра объектілері алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. Жаңадан анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері де өздерінің мәртебесi туралы түпкiлiктi шешiм қабылданғанға дейiн, заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткiштерiмен бiрдей қорғалуы тиiс.

ҚР 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 36-бабымен тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғат ландшафты аймақтары белгіленеді. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғат ландшафты аймақтарының шекараларын тиісті жергілікті атқарушы органдардың ұсынуы бойынша облыстардың жергілікті өкілді органдары (мәслихаттар) бекітеді және олар тиісті жердің тарих және мәдениет ескерткіштері мен жаңадан анықталған объектілердің орналасуы тіркелетін тарихи-сәулет тірек жоспарына және карта-схемасына енгізіледі. Осы негізде ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 156 бұйрығымен тарихи-мәдени мұра объектілері және оның аумағына жапсарлас тарихи қалыптасқан ортаның сақталуын қамтамасыз ету үшін, тарихи-мәдени мұра объектісінің тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылықтарын анықтауға ықпал ететін жағдай жасау үшін белгіленеді. Сәулет және қала құрылысы ескерткіші жерден оның ең биік нүктесіне дейінгі арақашықтық көлеміне тең, бірақ 20 метрден кем болмайтын қорғау аймағымен қоршалады, археологиялық ескерткіш оның сыртқы шекарасынан 50 метр болатын қорғау аймағымен қоршалады (археология ескерткіштері үшін радиусы оның ортасынан 200 метрге тең көзбен шолуға болатын қорғау аймағы қамтамасыз етіледі).

Қазіргі таңда, 39 тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймақтарының жобалары жасақталып, облыс әкімдігінің қаулысымен және мәслихат шешімдерімен бекітілген. Оның ішінде, республикалық маңызы бар 14 ескерткіш: «Ескі Бейнеу қорымы және Бекет-ата жерасты мешіті», «Оғыланды жеріндегі Бекет-ата жерасты мешіті», «Сисем ата қорымы», «Шақпақ ата қорымы және жерасты мешіті», «Масат ата қорымы және жерасты мешіті», «Қараман ата қорымы және жерасты мешіті», «Ақүйік», «Бекі», «Уәлі», «Бесінбай», «Қарамола (Шытша, Төбеқұдық)», «Қызылсу»  қорымдары, «Омар-Тұр күмбезтамы», сондай-ақ 25 жергілікті маңызы бар «Оғыланды қорымы», «Сұлтан-үпі жерасты мешіті, қорымы және сайы», «Қарағашты-әулие», «Кенті-баба», «Сағындық», «Үштам», «Қалипан», «Нұрмағанбет», «Жамбауыл» қорымдары, «Адай-ата – Отпан тау тарихи-мәдени кешені», «Асау», «Барақ», «Құсшы-ата», «Ешкіқырған», «Бегеш», «Белторан», «Айымбет», «Ақшора», «Жылқыбай», «Қалың-арбат», «Қошқар-ата», «Мая», «Шат», «Қатем» қорымдары, «Қызылқала қалашығы, Ақмыш сайы» ескерткіштері. Қорғау аймағының аумағында тарихи-мәдени мұра объектісінің сақталуына, оның тарихи-мәдени қабылдануына теріс әсерін тигізетін жұмыстар жүргізілмейді (жаңа қабірлер орнатуға, құрылыстар салуға, т.б.).

Сонымен қатар, тарихи-мәдени мұра объектiлерi мен ландшафтарды сақтау жөнiндегi талаптар Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңының 10-бабында да қарастырылған. Тарих және мәдениет ескерткiштерi мен қорғалатын ландшафтық объектiлер деп танылған аумақтар мен объектiлердiң сақталу талаптарына негiзделуге тиiс. Тарих және мәдениет ескерткiштерi, қорғалатын табиғат объектiлерi бар аумақтарда ерекше реттелетiн шекара белгiленедi, оның шегiнде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүргiзуге тыйым салынады немесе шек қойылады.

Маңғыстау өңірінде бағзы замандардан бері ата-бабалар әруағына құрмет тұту, рулық қорымдардағы халық батырлары, билері, ақындары, қоғам қайраткерлерінің қабірлеріне зиярат ету, марқұм болған тумаластарын киелі орындарға жерлеу дәстүрлері сақталған. Еліміздің өзге аймақтарымен салыстырғанда біздің өңірімізде ата-бабаларының бастарына күмбездер мен кереге тамдар көтеру, ескерткіш-белгілерін салу қарқынды дамыған. Сонымен қатар, ежелгі сәулет пішіндерін ата-бабамның қабірі деп өз бетімен құлаған күмбездерді қайта қалап, заңға қайшы әрекет етеді. Осы орайда, тұрғындарға жаңадан салынған қабір құрылыстарының өлкеге тән діни-қабірлеу кешендерінің тарихи қалыптасқан бастапқы және жалпы көрінісінің бұрмалануына әкеліп соғатынын айтқымыз келеді. Мемлекет қорғауындағы қорымдардағы ежелгі қабірүсті құрылыстарына қандай да бір нұқсан келтіру заңбұзушылық әрекет болып табылады. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуде лицензиясы бар ұйымдарды тарту арқылы ең алдымен ғылыми-жобалау құжаттамасы дайындау жұмыстары жүзеге асырылатыны қаперіңізге беріледі. Ғылыми-жобалау құжаттамалары — тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілетін ғылыми-зерттеу құжаттамалары, реставрациялау жобасы, жобалау-сметалық құжаттамалары, ғылыми-реставрациялық есеп құжаттарының кешені. Одан әрі бекітілген ғылыми-жобалау құжаттама және келісімшарт негізінде мердігер жүргізеді. Жаңа заң жобасына сәйкес ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу облыстардың жергілікті атқарушы органдарының келісуімен, уәкілетті орган — Мәдениет министрлігінің жоспарына енгізіледі. Заңнаманың 42-бабы бойынша тарих және мәдениет ескерткiшi немесе оның қорғау аймағына зиян келтiрген жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткiшiн немесе оның қорғау аймағын қалпына келтiруге мiндеттi. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Заңының 145-бабы бойынша Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 203-бабы бойынша ерекше құндылығы бар заттарды қасақана бүлдіру – үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес аудандардың жергiлiктi атқарушы органдары өз аумағында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша, тарих және мәдениет ескерткiштерiне қауiп төндiретiн құрылыс және өзге де жұмыстарды тоқтата тұру, сондай-ақ оларға тыйым салу туралы мәселенi шешедi. Алайда, аудан аумақтарында жергілікті тұрғындар үшін жерлеу тәртібін ұйымдастыру, жаңа қойылымдарға арналған арнайы жер телімін бөлу, оны белгілі бір ұйымға заңдастырып рәсімдеу жұмыстары іс жүзінде орындалмай келеді. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтап қалудағы негізгі шаралардың бірі — аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуге тыйым салынады. Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексі 127-бабы бойынша тарихи-мәдени мақсаттағы жер тарихи-мәдени мұра объектілері, оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады. Бұл жөнінде «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану туралы» заңының 39-бабында да аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиіс деп қарастырылған. Яғни, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 145-бабы бойынша аумақтарды игеру кезiнде жер учаскелерi бөлiп берiлгенге дейiн тарихи, ғылыми, көркемдік және өзге де мәдени құндылығы бар объектiлердi анықтау жөнiнде зерттеу жұмыстарын жүргiзбеу заңбұзушылық болып танылып, жауапқа тартылады.

Сондықтан, біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі – барша қоғам болып Ұлы дала халқының ұлттық құндылықтарын сақтау және болашақ ұрпаққа аманат ету болып табылады.

Нұрсәуле ДАУЫМШАРОВА
Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының маманы