«Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында партияның сайлауалды бағдарламасының «Жұмыспен қамту және тұрғындардың аз қамтылған топтарын қолдау» және «Денсаулық сақтау» бағыттары бойынша сараптамалық комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары Д.Клинчев, А.Кетебаев, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Қ. Нұрмамедова, Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы М.Нұрмұханова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы К.Оралбаева қатысып, мүгедектерді әлеуметтік қолдау мәселелерін талқылады.

Отырыста сөз алған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Қ. Нұрмамедованың айтуынша, бүгінгі таңда аймақта 21 386 мүгедек жан тұрады. Олардың ішіндегі бірінші топтағы мүгедектер саны-1702 болса, 10 562 жан екінші топтағы, 5305 адам үшінші топтағы мүгедектер. Ал жастайынан тағдырдың тәлкегіне ұшырағандар — 3817 бала.

02

— Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мүгедектер мен мүгедек балаларды жеке оңалту бағдарламасының негізінде протездік ортопедиялық көмекпен, қозғалыс құралдарымен, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдарымен, міндетті гигиеналық құралдарымен, санаторлық-курорттық емдеумен тегін қамтамасыз ету көзделген. 2016 жылы мұқтаж азаматтарды санаторлық-курорттық емдеуге облыс бойынша 102779,5 мың теңге, тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етуге 38437,1 мың теңге, сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз етуге 49558,5 мың теңге, қозғалыс құралдарымен қамтамасыз етуге 28710,3 мың теңге, протездік ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етуге 35898,9 мың теңге қаржы бөлінді. Облыс бойынша 335 мүгедек балаға 27801,5 мың теңге материалдық көмек төленді,-дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Қарашаш Нұрмамедова.

Тұрақты бюджеттік қаржыландыруға байланысты қазіргі таңда  1331 мүгедек 187929,7 мың теңгеден астам қаражатқа гигиеналық құралдармен, 261 мүгедек 19644,3 мың теңгеге протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, 49 мүгедекке 678,9 мың теңгеге сурдотехникалық құралдар, 144 мүгедекке 16359,1 мың теңгеге тифлотехникалық құралдар сатып алынған. Естімейтін 43 мүгедек 1684,5 мың теңге ымдау тілі мамандарымен, бірінші топтағы 186 мүгедек 20985,3 мың теңге жеке көмекшілермен қамтылған. Мүгедек балаларды қорғаудың қосымша шарасы ретінде облыс бойынша үйден жеке оқып тәрбиеленетін мүгедек балаларға ай сайын бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек төленген. Бұған қоса, аудандық, қалалық мәслихаттардың шешіміне сәйкес барлық топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларға мерекелік күндер мен атаулы даталарға бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек көрсетіліп тұрады.

— Ұлт жоспарының «100 нақты қадамының» 81-қадамында жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу айтылған. Осыған орай мемлекеттік тапсырыс аясында Ақтау қаласындағы «Нейрон» жеке меншік медициналық орталығы халыққа офтальмологиялық көмек көрсетіп, жүйке ауруына шалдыққан мүгедек-балаларды оңалту жұмыстарына кіріскен болатын. Осы мақсатта облыстағы 500 мүгедек балаға оңалту көмек көрсету үшін орталыққа 27 млн.теңге бөлінді. Одан бөлек Астана қаласындағы оңалту орталығына биыл өңірдегі сал ауруына шалдыққан 95 және Алматы қаласына 17 мүгедек бала жіберілді. Жалпы облыста-3817 мүгедек бала бар, оның 470-ін сал ауруына шалдыққан балалар құрап отыр,-дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева.

Жыл басынан бері облыс бойынша 19164 мүгедекке және мүгедек балаларға 430,6 млн. теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Маңғыстау облыстық мүгедектерді оңалту орталығы» мемлекеттік мекемесінде 230 мүгедек бала сауықтыру шараларымен қамтылған.

Венера МИРЛАН

03