Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2013 жылы өткен судьялардың соңғы 6 съезінде сөйлеген сөзінде: «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам — ең дамыған қоғам, ал судья – халықтың ожданы, ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Айыпкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді», деп ашып көрсеткен болатын.

Елбасының съезде берген бағыт-бағдарламасын іске асыруда сот жүйесінде айтарлықтай жұмыстар жасалды, «100 нақты қадам» ұлттық жоспары жасақталып, көптеген заңдар қабылданды, кадр мәселесі, ұйымдастыру және материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында тың бастамалар көтерілді.

Соның бір көрінісі, 2016 жылдың басынан «Қазақстан Респуликасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының заңы /әрі қарай – Заң/ қолданысқа енгізілді.

Аталған Заңның 1 бабына сәйкес Жоғары Сот Кеңесі Елбасының соттарды қалыптастыру жөніндегі конституциялық өкілеттерін, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылған автономиялы мемлекеттік мекеме болып табылады.

Осы баптан көрініп тұрғандай, Жоғары Сот Кеңесінің дербес мемлекеттік мекеме ретінде құрылуының басты мақсатының бірі – Елбасының саясатын сот жүйесінде іске асыру және судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз ету.

Сонымен, тағы бір жаңа Заң қолданысқа еніп, соның арқасында судьялардың тәуелсіздігін қорғайтын тағы бір мекеме пайда болды. Бұл қадамның қаншалықты оң нәтиже беретінін алдағы уақыт көрсете жатар. Франсуз ағартушысы Ш.Л. Монтескье: «мен қандай да бір елге барған кезде ол елдің заңдарының  жақсы екендігіне емес, олардың қаншалықты орындалатынына көңіл бөлемін» — деген екен.

Мақаламда аталған Заңды күнделікті қолдануда, оның нормаларын іске асыру барысында қандай қиындықтар туындап отырғанын ашып көрсетуге тырыспақпын, себебі заңның дұрыс орындалуы оның сапасына да тікелей байланысты.

Аталған Заңның 4 бабында Жоғары Сот Кеңесі Президент өзінің жарлығымен тағайындайтын Төрағадан және басқа да адамдардан тұрады, Кеңесті және оның аппаратын ұстауға арналған шығыстар республикалық бюджеттен қаржыландырылады және Кеңес мүшесі болып табылатын судьялар мен мемлекеттік қызметшілердің негізгі жұмыс орны бойынша жалақысы сақталады деп көрсетілген.

Алайда, қазіргі таңда Кеңестің құрамына мүше болып судьялар мен мемлекеттік қызметшілерден басқа да адамдар —  адвокат, ғалым заңгер мен отставкадағы судьялар енгізілген. Олар негізгі жұмыс орындары бойынша жалақы алатын қызметтегі судьялар мен мемлекеттік қызметшілер қатарына кірмейді, сондықтан Кеңес мүшесі бола тұра, олар республикалық бюджеттен жалақы алмайды, яғни мәселе заң аясында шешілмей қалған.

Айтылған Заңның 3 бабы 1 тармағының 7 тармақшасына сәйкес Кеңес Сот жюриі комиссияларының шешімдеріне судьялардың шағым жасау туралы өтініштерін қарайды.

Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңының /әрі қарай — «Сот жүйесі туралы» заңы/ 44 бабының 2 тармағында Сот жюриінің біліктілік комиссиясы судьяның мамандығы бойынша жұмысын кезеңді бағалауда оған теріс қорытынды берсе, судьяға бір жылға біліктілігін көтеруге уақыт беріледі және сол уақыт өткен соң мамандығы бойынша жұмысына қайтадан баға берілетіні көрсетілген.

Бұл норма сот жүйесінде жүріп жатырған реформамен үндес емес деп ойлаймын. Біліктілік комиссиясы судьяның 5 жылғы білімі мен басқа да мәселелеріне баға беріп, теріс қорытынды берсе, неге содан соң судьяға тағы 1 жыл уақыт берілуі керек, оған қандай қажеттілік бар? Сонда 1 жылда «жақсы» болып кете ме, әлде қорқыныштан бұғып отыра ма? Сонда оның бұрынғы 5 жылғы бүлдіргені ескерусіз қала ма?

Заңның 10 бабының 1 тармағы бойынша Кеңестің рәсімдік емес шешімдері отырысқа қатысып отырған мүшелерінің кемінде үштен екі даусымен қабылданады. Менің ойымша, Заңның 3 бабының 1 тармағының 2, 3, 4, 5, 6, 7 тармақшаларында көрсетілген мәселелер қаралғанда Кеңес өзінің шешімдерін кемінде төрттің үші даусымен қабылдауды міндеттеу қажет. Бұл маңызды мәселелердің бірі, себебі адамды судья лауазымына тағайындау, судьяны жұмыс сатысы бойынша көтеру немесе оны лауазымынан босату халық үшін өте өзекті мәселе. Және халықтың судьяны сайлау құқығын Жоғары Сот Кеңесі өзіне алып отырғанын да әсте естен шығармауымыз керек.

Заңның 4 тарауында судьялыққа кандидаттардың Кеңес комиссиясына біліктілік емтихандарын тапсыру тәртібі баяндалған.  Алайда Заңда емтихан тапсыратын кандидат пен судья лауазымына конкурсқа қатысушыға жұмыс өтілдері жөнінде бірдей талаптар қойылған, бұл дұрыс емес. Екіншіден, Заңда емтихан тапсырушы өзінің берген жауаптарының дұрыстығын даулай алатындай құқықтық механизм қарастырылмаған.

Заңның 18 бабының 4 тармағында магистранттың 2 жыл оқу мерзімін /жақсы бітірген жағдайда/ оның жұмыс өтіліне қосу мәселесін қарастырған жөн.

Заңның 15 бабында конкурсантқа байланысты жүргізілген полиграфологиялық зерттеудің қорытындысы Кеңес үшін ұсынымдық сипатта болады деп көрсетілген. Алайда Кеңес зерттеуден теріс қорытынды алған конкурсантты /құқыққа қарсы ниет, жағымсыз мінез, есірткіге, сыбайлас жемқорлыққа, өкілеттілікті теріс пайдалануға, коммерцияға бейімділік, т.б./ конкурстық іріктеу барысында қалай судьялыққа өткізе алады? Ондай конкурсантты судьялыққа ұсынуға қандай заңды негіз бар? Сондықтан зерттеуден теріс қорытынды алған ондай конкурсанттың кандидатурасы судьялық лауазымға ұсынылуға жатпауы тиіс.

Заңның 17 бабында аудандық соттың төрағасы мен судьясының лауазымына «Сот жүйесі туралы» Заңының 28 бабының, 29 бабы 1 тармағының талаптарына сай келетін азаматтар конкурсқа қатыса алады деп көрсетілген.

Осы баптың 1 тармағының 2 тармақшасы негізінде аудандық соттың судьясы болып жоғары білімді, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мінсіз беделді және әдетте, сот отырысының хатшысы, сот консультанты /көмекшісі/, прокурор, адвокат ретінде кемінде бес жыл жұмыс өтілі не заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан азаматы тағайындала алады.

Біздің ойымызша, бұл жерде көңіл аударатын мәселе — әдетте деген сөздің заң бабының мазұмынын толық өзгеріске ұшыратқанында болып отыр.

«Әдетте» сөзі қазақ тіліндегі қимылдың түрлі белгісін және белгінің белгісін білдіретін үстеу сөз табына жатады, яғни бұдан талқылап отырған баптың «бес жыл сот хатшысы, көмекшісі, прокурор, адвокат, не он жыл заңгерлік өтілі болу» шарттарын сақтау міндетті емес деген түсінік туындайды. Нақтылап айтқанда, бұл жағдай бапта белгіленген екі шартты да жоққа шығарып отыр. Қазақ тілінде «әдетте» деген сөз қандай да бір қимылды жасауға да, оны жасамауға да болатыын білдіреді. Мысалы, адам «әдетте мен жұмысқа ерте келемін — десе, ол өзінің жұмысқа кейде уақытылы, немесе кеш келетінін білдіреді. Менің ойымша,  «әдетте» сөзі талқылап отырған баптан алынып тасталуға жатады.

Тағы айтатын мәселе. Аталған бап бойынша шарттардың бірі ретінде конкурсанттың заңгерлік кәсібі бойынша 10 жылдан кем емес жұмыс өтілі болу керегі көрсетілген.

Алайда, Заңда конкурсанттың заңгерлік кәсіби өтілі қандай лауазымдағы жұмыстарды жасағаны үшін есептеуге жататыны айқындалмаған, заңгерлік кәсіптің анықтамасы да берілмеген.

Мысалы, сот саласында көптеген мамандар жоғары заңгерлік білімдері болмаса да, сол кездегі қолданыстағы еңбек заңына сүйене отырып,  сот хатшысы, консультант болып жұмыс жасады. Енді олардың бұл ерен еңбектерін есепке алмай, сол кезде жоғары заңгерлік білімдерің болмаған деп, заңгерлік кәсіби өтілдеріне енгізбей қоюларын заңға қайшы деп санаймын. Олар сот хатшысы не консультант болып жұмыс жасады, маман ретінде белгілі деңгейде жұмыс тәжірибесін жинақтады. Және қазіргі заңда көрсетілген талап – жоғары заңгерлік білімнің болу шарты да конкурсқа қатысарда, құжаттарын тапсырғанда сақталып отыр емес пе.

Және Заңда сот мамандарының ішінде 5 жыл жұмыс өтілі туралы жеңілдік тек сот хатшысы мен консультантқа ғана беріліп отыр. Менің ойымша, 3-4 жыл хатшы, немесе консультант болып жұмыс жасап, ұйымдастыру, кадр бөліміне, не сот әкімшісінде басшылық қызметке ауысқан мамандарға да бұл жеңілдіктен берілуі керек. Бұндай жеңілдік сот хатшысы, немесе консультант болып жүріп, Сот академиясына /магистратура/ оқуға түсіп, тиісті жалақысын ала жүріп /жұмыс өтілі сақталады/, 2 жыл оқуын жақсы бітірген мамандарға да берілуі шарт. Менің ойымша, сот жүйесі өзінен шыққан мамандарды прокурор мен адвокаттардан алаламай, қамқорлық жасауға міндетті. Сондықтан айтылған жеңілдікті барлық сот мамандарына беру керек. Негізі болашақта судьялыққа кандидаттардың 70-80 пайызы сот жүйесінен шыққаны абзал.

Бұдан басқа, облыстық соттың судья лауазымына конкурсқа қатысуы үшін конкурсант тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын алуы шарт, яғни судья – конкурсант басқа облыстық сотқа бармақ ойы болса сол діттеген облыстық сотының жалпы отырысына қатысуы міндетті.

Біздің ойымызша, бұл құқықтық норма дұрыс емес, себебі, біріншіден, судья жұмысын тастап басқа облысқа баруы керек. Оны басшылары жұмыстан да босатпауы әбден мүмкін. Екіншіден, барған облыстық сотының судьялары конкурсантты танымайды, басқа да жағдайлар болуы мүмкін, сондықтан оған объективті баға берілмей қалуы да жоққа шығарылмайды.

Заңда облыстық соттың жалпы отырысының теріс қорытындысын Кеңес ұсынымдық сипатта ғана ескереді деп жазылған, алайда, тәжірибеде бұл қорытынды конкурсантқа кері әсерін тигізуде. Сондықтан конкурсант жалпы отырыстың қорытындысын өзінің қызмет етіп жүрген облыстық сотынан алғанын дұрыс деп санаймын. Неге біз бұл соттың ұжымына алдын-ала сенімсіздік білдіруіміз керек.

Бұдан басқа, Заңның 24 бабына сәйкес судья Сот жюриінің тәртіптік және біліктілік комиссияларының шешімін даулап, Кеңеске шағым жасай алады. Сот жюриі шешімінің негізсіздігі туралы Кеңестің шешімі Сот жюриінің өзі шығарған шешімінің күшін жоюы және оны қайта қарауы үшін негіз болып табылады.

Бірақ, кей жағдайда Кеңестен Сот жюриіне қайтадан қаралуға жіберілген тәртіптік ісі судьяны тәртіптік жазаға тарту мерзімі өтіп кетуіне байланысты қысқарып қалуы мүмкін.

Сондықтан Кеңес жюридің шешімін негізсіз деп тауып, істі қайта қарауға жібергенде тәртіптік істің Кеңесте жатып қалған қаралу мерзімі есепке алынбауы тиіс, әйтпесе бұл шараның ешқандай тиімділігі болмайды.

«Сот жүйесі туралы» заңының 44 бабы 4 тармағының 5 тармақшасына сәйкес Сот жюриі комиссияларының шешіміне судья Жоғары Сот Кеңесіне шағым жасай алады. Осы баптың 6 тармақшасында Кеңестің, біріншіден, төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы ұсыным беруден бас тартуы, екіншіден, судьяға қандай да бір тәртіптік жаза қолданудың негізсіздігі туралы шешімдері Сот жюриі тиісті комиссияларының өздері шығарған шешімдерінің күшін жоюға және оны қайта қарауы үшін негіз болып табылады деп айтылған. Бұдан шығатын қорытынды — Кеңес Сот жюриі комиссияларының шешімдерін судьяның шағымымен қайта қарауға құқылы, бірақ Сот жюриі комиссиялары өздері шығарған шешімдерінің күшін жойып, қайта қарау үшін тек 6 тармақшада көрсетілген жағдайлар ғана негіз болып табылады.  Сонда Кеңесте судьяның басқа негізде берген шағымы қаралып, жюридің шешімі негізсіз деп танылса да, жюри өзінің бұл шешімін бұзып, қайта қарауға құқы жоқ па? Менің ойымша, айтылған баптың 5-ші мен 6-шы тармақшалары арасындағы қайшылықты жою қажет. Негізі Кеңеске судьялардың кадр мәселесінен туындайтын барлық шағымдарын қарауға, ал олар негізсіз деп танылса Сот жюриінің шешімін бұза алатындай құқығы болуы керек.

Сот саласындағы тағы бір үлкен мәселе.

Бәріміз білеміз, судьялардың үстінен келіп түскен шағымдарды облыстық сотта тексеріп, негізді деп тапса да, Сот жюриіне олардың аз ғана бөлігі жіберіліп, үлкен бөлігі сол облыстың көлемінде қалып қойып жатады. Мысалы, судьяның жіберген қателігі, заң бұзушылығы ұсақ, айтарлықтай болмаса, облыстық соттың жалпы отырысының төралқасы бұндай істерді Сот жюрине жібере бермейді. Ал заң жүзінде облыстық сот төрағасының да, төралқаның да ол судьяға қарсы басқа шара қолдануға ешқандай құқы жоқ, сол себептен жюриге жіберілмей қалған көптеген фактілер аяқсыз қалып жатады. Бұл жағдай, өз кезегінде, судьяның одан әрі еркінсінуіне, заңбұзушылығына алып келері сөзсіз. Сондықтан облыстық соттың жалпы отырысының төралқасына /президиум/ заңбұзушы судьяларға белгілі бір әсер ететін, тәртіптік жауапкершілікке тартудан басқа, шара қолдана алатындай, өкілеттілік беру қажет. Және төралқада, Сот жюриінде мәселесі қаралған судья кемінде 2 жылға басқа жоғары лауазымға ұсынылу құқығынан айырылу қажет. Бұл қадам сот саласында коррупцияға қарсы жүргізіліп отырған басқа да шаралармен үндестік табар еді.

Қазір судьялардың тәуелсіздік статусына байланыстыра отырып, кейбір құқықтық позициялар дұрыс түсіндірілмей, соның нәтижесінде судьяларды өте төмен сапалы шешімдері үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту жоқтың қасы.

«Сот жүйесі туралы» Конституциялық заңның 39 бабының 3 тармағына сәйкес, «судьялық қате, сондай-ақ сот актісінің күшін жою немесе оны өзгерту, егер бұл ретте жоғары тұрған сот сатысының сот актісінде көрсетілген, заңды өрескел бұзушылықтарға жол берілмеген болса, судьяның жауаптылығына алып келмейді. Судьяның кінәлі әрекеттеріне байланысты емес, материлдық немесе процестік құқық нормаларын дұрыс түсіндірмеуге және қолданбауға алып келген іс-әрекет судьялық қате деп танылады».

Бұл нормадан көрініп тұрғандай, судья жүйелі түрде  қателіктер жіберіп, іс бойынша сапасы төмен заңсыз шешімдер шығарып, олардың өзгеруі мен бұзылуына жол беріп отырса да, оны жоғарыда айтқан заң нормалары бойынша /өрескел заң бұзушылық болмаса/ тиісті тәртіптік жауапкершілікке тарта алмаймыз. Біз бұл жағдайды дұрыстауға тиісті шаралар алуымыз керек.

Және сот жүйесінде судьялардың үстінен келіп түскен азаматтардың бұл бағыттағы шағымдарын тез, сапалы тексеріп, ақ-қарасын айыратын тетіктер де жетіспейді. Тексеру өте сапасыз жүргізіледі, себебі судья өз әріптесін тексеруді жөнсіз санап /дұрыс та болар/, сот мамандарына жүктейді, ал олардың тексеруі үстірт, жалпылама түрде өтеді. Соның салдары – жинақталған материалдар толыққанды болмай, сапасыз шығады. Менің ойымша, бұл бағытта заң жүзінде тиісті процедуралық шаралар алу қажет, тексеріс жүргізуге арнайы адамдарды белгілеп, топтар құру керек.

Негізі судьялардың үстінен түскен шағымдарды қарап, шеше алатын құзіретті Жоғары Сот Кеңесіне берген дұрыс болар еді.

Қорыта айтқанда, сот жүйесінде «ішкі тазалануды» еш уақытта тоқтатпау керек, бұл шара — оның «денсаулығының» бірден бір кепілі.

Ж. АЛАНОВ
Маңғыстау облыстық сотының төрағасы