актау

Жыл сайын 14 қазанда ISO стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымның мүшелері, Халықаралық электротехникалық комиссиясы (ХЭК), және Халықаралық электробайланыс одағы (ITU), сондай-ақ әлемдік ғылыми-техникалық қоғамдастық стандарттар күнін атап өтеді. Биылғы жылы ол «Стандарттар қалаларды «ақылды» етеді» деген атпен ұйымдастырылуда.

Жуырда Ш.Есенов атындағы Қазақ мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты» РМК Маңғыстау филиалы мен Техникалық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті бірлесіп Дүниежүзілік стандарттар күніне орай мұғалімдер мен студенттерге «Стандарттар қалаларды «ақылды» етеді» деген тақырыпта семинар өткізді. Іс-шараға мұнай-газ факультетін, стандарттау, метрология және сертификаттау мамандығы бойынша инженерлік-технологиялық бакалаврларды бітіріп шығатын студенттер қатысты. Семинар-лекцияны мұнай және газ факультетінің деканы Асқар Сейдәлиев ашып, оқытушылар мен студенттерді  стандарттаушылардың кәсіби мерекесімен құттықтады.

— Бүгінгі таңда Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің «Мұнай және газ» кафедрасында «Стандарттау, сертификаттау және метрология» мамандығы бойынша 15 баклавр оқып жатыр. Техника ғылымдарының кандидаттары мен оқытушыларының арасында 7 оқушы және 5 техника ғылымдарының магистрі бар. Өткізіліп отырған шараның мақсаты –стандарттау рөлінің маңыздылығын насихаттау, қалалық басқарудың жаңа тәсілдерін көрсету, түрлі шараларда стандарттауды дамыту, — деді ол.

Оқытушылар мен студенттер «Қазақстандық стандарттау  және сертификаттау институты» РМК-ны  Маңғыстау филиалы директоры Марина Гатитулинаның лекциясын тыңдады.

— Стандарттау өндірістің деңгейіне және даму қарқынына айтарлықтай әсер етеді. Ғылым мен техниканың соңғы жетістіктеріне және тәжірибесіне сүйене отырып, өндірістің қол жеткен деңгейін белгілеп ғана қоймайды, ғылым мен техника дамуына қозғау салады. Сондықтан Стандарттар күні мерекесі әр жылдарда түрлі тақырыптарға арналып отыр. Айталық,  конференция, көрме, семинар, басқа да Стандарттар күні шеңберінде ұйымдастырылған  дәстүрлі шаралар  «Стандарттар және күнделікті өмір», «Халықаралық стандарттар бейбітшілік және гүлдену үшін», «Жаһандық стандарттар жаһандық ақпараттық қоғам үшін», тағы басқа да тақырыптарға арналса, 2017 жылы «Стандарттар қалаларды «ақылды» етеді» деген ұранмен өтуде, — деді филиал басшысы.

Әлемдегі көптеген қалалар материалдық, технологиялық және адами капитал үшін өзара бәсекеге түскен. Дамыған инфрақұрылым, қолайлы ландшаф, таза экология, жоғары қауіпсіздік деңгейі, қала экономикасын дамытудың басты инновациялық шешім  негізгі көрсеткіш болып саналады. Компаниялар азық-түлігі мен көрсететін қызмет түрлерін жаңартып, дамытып отыруға мүдделі. Қолданыстағы стандарттар инновациялық процесті, сондай-ақ өнеркәсіп, құрылыс және жобалау мен азық-түлік саласының дамуын  жеделдетуге көмектеседі. Мұның бәрі айналып келгенде қалаға да қатысты. Бүгінгі күні және алдағы уақытта «ақылды» қала талаптары межесінен көрінуі үшін не істелуі керек? Алдымен өмір сүру сапасын жақсарту қажет. Бұл қала көшелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап, жасыл белдеуге айналдыру, өнер, мәдениет, спортқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, бір сөзбен айтқанда, тіршілік үшін жан-жақты,  жақсы жағдай жасау сияқты өлшемдерді қамтиды. Назарда болмақ екінші мәселе – экономикалық бәсекелестік. Сауда орталықтары, бизнес құрылымдарының үйлесімді жұмысы, жұмыс орындарының көптігі, салық түсімі көлемі – төрт аяғынан нық тұрған экономикалық «іргетастың» алғы шарты. Үшіншісі –тұрақтылық. «Ақылды» қала қысқа мерзімдік сапаға емес, ұзақ мерзімдік бағдарға, келешекке, өсіп келе жатқан ұрпақтың мүддесіне қызмет етпек. Жаңа идея, жаңа технология бірлесе азаматтардың өмірін жақсартуды, жарқын болашақты меже етуі керек. Мектептен бастап қоғамдық қызметтерге, тасымалдан бастап қуат көздеріне, қала тіршілігінің басқа да қат-қабат мәселелеріне дейін  іске асқанда қаланың келбет-бейнесі айшықтана түспек. Қазіргі таңда стандарттар талабына жататын қалалар қатарында  Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Атырау бар.

«Қазақстандық стандарттау және сертификаттау»  РМК-ны Маңғыстау филиалының бас маманы Әсел Қонақбаева баяндамасында «Ақылды қала» стандарттарының басты артықшылығы – қаланы интеллектуалдық кеңестікке айналдыру, оның барлық процестерін бір орталықтан басқару үшін жаңа мүмкіндіктер ашу екендігін атап өтіп, бұған нақты мысалдар келтірді. Бүгінгі таңда, қолжетімді инфрақұрылым, жоғары мобильдік  және қауіпсіздік тұрғысында қалаларға ерекше талаптар қойылып отыр. Қауіпсіздік демекші, «Маңғыстау облыстық мемлекеттік төтенше жағдай аймақтық орталығы» АҚ-ның инвесторлармен жұмыс жөніндегі департаменті эксперті  Рүстем Ахметовтің  «қауіпсіз аула» жайында келтірген деректері де қызығушылық туғызды. Алдағы уақытта  іске аспақ жобаға сәйкес, ішкі істер дерартаментінің тапсырысы бойынша  Ақтау қаласында 700-ге тарта бейнебақылау қондырғылары орнатылмақ. Күндіз-түні адамдардың қала көшелерінде еркін жүруіне жағдай жасау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында істелмек жұмыстар мұнымен ғана шектелмейді.

Тағы оқыңыздар: Хоуп жобасы марапатқа ие болды

Семинар қорытындысында стандарттауды дамытуға, техникалық реттеу және стандарттау аясында өткізілген іс-шараларға белсене қатысып, іскерлік танытып жүрген «Мұнайгазқұрылыс», «KazCert InternationaI» жауапкершілігі шектелген серіктестіктері мен «CASPI BITUM» бірлескен кәсіпорны Техникалық реттеу және метрология комитетінің  Алғыс хатымен  марапатталды.

Техникалық реттеу және метрология комитеті мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті арасында жасалған Меморандум шеңберінде факульетттің өкілдері Маңғыстау облысындағы техникалық реттеу, стандарттау, метрология, ғылым, техникалық ақпарат және кадрлар даярлау саласында өзара ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірді.

                                                                                         Болат ҮМБЕТОВ

стандарттау