медиа керуен

Елбасы Н.Назарбаев жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімдігінің баспасөз қызметі тың бастама көтеріп, «Жаңғырған Жібек жолы» тақырыбында республикалық медиа керуен ұйымдастырды. Түбекте тұңғыш рет өткізілген шараға шақырылған елімізге белгілі журналистер мен блогерлер өңірдің өндірістік һәм туристік мүмкіндіктерімен танысты. Екі күнге созылған ерекше сапарда бірқатар кәсіпорындардың жұмысын көріп, тарихи- мәдени орындарды аралады.

                Өндірісті өлкеде

«Жаңғырған Жібек жолының» жолаушылары еліміздің көліктік- транзиттік тынысын ашу бағытында салынып жатқан Құрық паром кешенінің құрылыс алаңына бет алды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан Құрық портының екінші кезеңіндегі екпінді істер баяндалды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Тұрбек Спанов «Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы» автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмыстарымен таныстырып өтті. Облысымыздағы соңғы жаңалықтардан хабардар болып, сурет пен бейнеге түсірген блогерлер мен журналистер әлеуметтік желілерде жарыса жариялап жатты.Медиа турға қатысушылар облыс аумағын электр қуаты, жылу энергиясы және тоқ көзімен жабдықтайтын «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» өндірістік орнына аялдады. Кәсіпорынның тыныс- тіршілігімен танысып, мұражайын тамашалады. Түстен кейін «Қазақ Бекіре» ЖШС ғылыми-өндірістік кәсіпорнына барған блогерлер мен журналистер бекіре балығын аулап, уылдырықтан дәм татты. Қызықты сәттерді қалт жібермеген қатысушылар әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шығып, сол мезетте көрермендері мен оқырмандарына хабар таратты.

Танымдық сапарда «Жаңғырған Жібек жолының» жолаушылары «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағына да ат басын бұрды. Мұнда тамыз айының аяғында іске қосылған құны 768 млн.теңге «QSM Precast Concrete Aktau» жобасымен танысты. Тәулігіне 150 дана бетон және бетон бұйымдарын шығаруға қауқарлы зауыттың екінші кезеңі осы жылдың аяғында іске қосылып, 200 тұрақты жұмыс орын құрылмақ. Медиа турдың қатысушыларына осы аймақта өткен жылы пайдалануға берілген үй құрылысы комбинатының қызметі таныстырылды. Медиа керуеннің құрылған бағдарламасына сай ақпарат құралдарының өкілдері «Ақтау Керамзит» зауытының жұмысын көрді. Өндіріс орнында еңбек ететін 82 маман жылына 100 мың тонна өнім шығаруға жұмыстанады.

Алғашқы күннің қорытындысында журналистер мен блогерлер акватаксимен серуендеп, теңіз үстінен Ақтау қаласының көрінісін тамашалады. Мұнан соң әскери теңіз кемесіне мінген жолаушылар 1 тостақан теңіз суын ішіп, «теңізші» дәстүрін орындады. Қатысушылар танымдық сапардан көрген-білгендерімен, көңілге түйгендерімен, алған әсерлерімен әлеуметтік желілерде бөлісті.

***

Медиатур аясында республикадағы және облысымыздағы журналистер мен блогерлер Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы алаңында жастармен кездесу өткізді. Жиында белгілі журналист-блогерлер Қанат Әуесбай, Өркен Кенжебек, Махаббат Есен жастармен еркін пікір алмасып, олардың сауалдарына жауап берді.
Кездесуде «Болашақ» бағдарламасының түлегі Қанат Әуесбайдың «Батыс көрген: Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабының таныстырылымы өтті.

– Бұл туынды жоғары сынып оқушыларына, студенттерге, жалпы жастарға арналған. Әсіресе ауыл жастарын шетелдің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға, ел игілігі жолында қызмет етуге үндедім. Шетелде оқып жүргенімде оқитын қазақша кітап таппауым осындай туындыны жазып шығуыма түрткі болды. Бұл кітапта Ұлыбритания туралы ғана емес,жаһандану кезінде ағылшын тілін білудің маңызы, білім беру, жастар саясаты, еліміздегі жағдай және тағы да басқа жастарды толғандыратын мәселелер қамтылған» деген журналист кітабын облыстық әмбебап кітапханаға тарту етті.

  Облыс әкімінің қабылдауында

«Жаңғырған Жібек жолы» медиа керуенінің қатысушыларын облыс әкімі Ералы Тоғжанов қабылдады. Кездесуде аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік- экономикалық ахуалынан хабардар етіп, журналистер мен блогерлердің сауалдарына жауап берді.

Белгілі журналист Қанат Әуесбай Қошқар ата улы көлінің мәселесі қашан шешілетінін, «Туған жер» бағдарламасы бойынша қандай жұмыстар жасалып жатқанын сұрады. Бұл сауалға жауап берген аймақ басшысы Ералы Лұқпанұлы көлді залалсыздандыру жұмысы келесі жылы басталатынын, 2020 жылға дейін 8 млрд.теңге игерілетінін жеткізіп, «Туған жер» бағдарламасының жүзеге асу барысынан хабардар етті. Алмас Алтай облыс тұрғындарының көкейінде жүрген газ мәселесін көтеріп, «Әбіш Кекілбаев атындағы орталық салына ма?» деп сауал қойды. Облыс әкімі Халық жазушысының атындағы орталықты салуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанынын, газ мәселесі де шешімін тапқанын айтып өтті. Нұрсерік Жолбарыс облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимараты қашан салынатынын сұрап, осы сала мамандарын шетелге тәжірибе алмасуға жіберуді ұсынды. Облыс әкімі мәдениет ошағының ғимараты 2019 жылы салынатынын айтып, блогердің ұсынысын қолдады. Айна Досмахамбетқызы облыс әкіміне қолында 3 тілекті орындайтын сиқырлы таяқша болса қандай жұмысты атқаруға қолданатынын сұраған сәтте ол шағын және орта бизнесті, туризмді және порттардың жұмысын дамытуға пайдаланытынын жеткізді.

Түбектің тарихын танып…

Медиа керуеннің екінші күнінде қатысушылар алғашқы мұнай бұрқағы атқылаған Жетібай кен орнын көрмекке, Маңғыстау ауданындағы тарихи-мәдени орындарды аралауға жолға шықты. Жол бойы тарихшы Бекболат Төлегенұлы сапарластарына өлке тарихын баяндады.

Танысу сапарында қонақтар Жетібай жерінде алғаш мұнай ашушыларға орнатылған ескерткішке, Маңғыстау мұнайының 55, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығына орай ашылған «Еңбек даңқы» мұражайына барды. Мұнда суреттер топтамасын, өндіріс алаңының макетін, кішігірім мұнай мұнарасын, құрал-жабдықтарды, Жетібайдың кен орындарынан өндірілген мұнай үлгілерін, мұнайшының жұмыс киімдерін, үстелі, ыдыс-аяқтары, демалатын орнын тамашалады.

Журналистер мен блогерлер Ақмыш, Шерқала, Айрақты, Қызылқала сынды мәдени мұраларымызды көріп, Маңғыстаудың маңғаз даласында керуен тізбегінде түйемен серуендеді.Қонақтар Көгездегі этноауылда демалып, аудан орталығына жол тартты.

Маңғыстау ауданында өлкетанушы, географ, этнограф-ғалым Серікбол Қондыбай атындағы мемориалдық музейді аралап, қазақ мифологиясы ілімінің негізін қалаушы ғалымның мол мұрасына қанықты. Медиа турға қатысушылар «Серікбол Қондыбай феномені», «Арғы қазақ мифологиясы», «Ғаламның мифтік моделі» залдарынан әлеуметтік желілерде тікелей эфирге шықты.

Қонақтар облыс орталығына қайтар жолда Қазақстанның 100 киелі нысанының тізіміне енген Маңғыстаудың ең биік шоқысы «Отпан тау» тарихи- мәдени кешеніне аялдап, ата-бабалар рухына құран бағыштады. Мұндағы «Ақсарай» мұражайын аралап, түбектің арғы- бергі тарихымен, құнды жәдігерлерімен танысты.

Екі күнге созылған сапар соңында медиа турға қатысушылар «Tree of life» демалыс кешінінде болып, туристік нысанның жұмысымен танысты.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН