Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі Актерлік шеберлік үйірмесінің оқушылары қайырымдылық акциясы аясында алғаш рет «Әпке» қойылымын көпшілікке ұсынды.

Мамырдың 14-і күні мектеп акт залында жазушы, драматург Дулат Исабековтың «Әпке» шығармасына қойылған пьесаның тұсауы кесілді. Алғаш рет ұйымдастырылған спектакльге оқушылар, ата-аналар мен Маңғыстау облысының тұрғындары келді. Қойылым ата-анадан ерте айырылған Нәзира, Теміржан, Омардың үлкен әпкесі Қамажайдың тағдыры туралы сыр шертеді. Өзінен кіші інілері мен сіңлісіне бас көз болу үшін бар бейнетті мойнына алған Қамажайдың аянышты тағдыры көрермендердің көңілін босатпай қоймады.

Трагедияның басты кейіпкері Қамажайдың ролін 9-сынып оқушысы Алима Башеева, 8-сынып оқушысы Шұғыла Жұмасатова – Нәзира бейнесін, ал Жүрсін Баймырзаұлы –кандидат Омардың  рөлін сомдады. Сондай-ақ Теміржанның кейпіне Алпамыс Галижанов енді. Кейіпкерлердің образын толықтырып, трагедияның шарықтау шығына жетуіне Елдос Амантурлиев, Ақбота Жанысбай, Азиза Жұбаева және тағы да басқа жас актерлардың еңбегі зор болды.

IMG_5963

Қойылым соңында көрермендер актерлар мен қоюшы режиссер, актерлік шеберлік үйірмесінің жетекшісі Сүндет Сарсенге аямай қол соқты.

  • Бұл қойылымға біз бір жарым айдай дайындалдық. Оқушыларға трагедиядағы жауапкершілігі мол ролдерді алып шығу оңайға түспеді. Бірақ, соған қарамастан өз рөлдерін алып шықты. Алғашқы жұмысымызға көрермен өз бағасын бере жатар, — дейді Актерлік үйірме жетекшісі Сүндет Сәрсен.

Айта кету керек, қойылым ақылы түрде өтті. Билет сатылымынан түскен қаражат Ходжкин лимфомасына шалдыққан Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Темірлан Мурзағалиевтің шотына аударылатын болады.

  • Пьеса маған ұнады. Жас та болса осындай үлкен рөлдерді оқушылар сәтті алып шықты. Көпшілігіміз көңіліміз босап, көзімізге жас та алдық. Үйірме оқушылары әлі де көрермендерді қызықтыра түседі деген үміттемін, — деді қойылымға келген Индира Абдрахманқызы.

Ақтау қаласы
Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі