Халықаралық жастар күніне орай қала әкімі Елубай Әбілов қаланың белсенді жастарын қабылдады. Шараға қала әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағанбетов, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұса Ходжабеков, «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Байжанов, бөлім басшылары және ерікті жастар қатысты.
Кездесуде қала әкімі сөз алып, жастарды мерекемен құттықтады.
— Жастар — өзгерістерге тез бейімделетін, жаңа білімді жеңіл меңгеретін қоғамның ең белсенді ұтқыр бөлігі. Бүгінде 14 пен 29 жас аралығындағы жастарымыз қала халқының шамамен 1/3 бөлігін құрайды. Қаламызда жастар мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Барлық жұмыс жас ұрпақтың қамы үшін, кейінгі буынның жақсы өмір сүруі үшін жасалып жатыр. Сол себепті, табиғатты да, қаланы да, ойымызды да таза ұстауға ұмтылайық, — деді, Елубай Жақайұлы.Белсенді жастар марапатталдыҚұттықтау сөзден соң қалалық жастар ресурстық орталығының жыл басынан бері атқарған жұмыстарымен орталық директоры Жадыра Шалабаева таныстырды. Есепті қала жастарының санынан бастады. Қаламызда 14-29 жас аралығында жастар саны 38053, оның ішінде қала жастары 30772, ауыл жастары 7281 адамды құрайды. Жыл басынан бері 16-29 жас аралығында 1064 жас жұмыссыз ретінде тіркеліп, 277- сі тұрақты жұмысқа, 63-і әлеуметтік орынға, 515-і ақылы қоғамдық жұмысқа, 59-ы жастар практикасына жолданған. Жастар орталығы биыл жалпы саны 86 шараны өткізуді жоспарлап, қазіргі таңда 146 шараны орындаған. Бұл іс-шараларға 13769 жас тартылып, оның ішінде 9990 ерікті жастардың қатысуымен өткен. Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығы әлеуметтік желілерде өте белсенді. Нәтижесінде, 170-тен аса материал жариялаған. 
— Жалпы, осы уақытқа дейін 33 мәдени, 22 қайырымдылық, 19 тренинг, 10 спорттық шара, флешмоб, қалғандары кәсіптік және профилактикалық бағдар беру бағытында өткізілді. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жастардың арасында кеңінен насихаттау аясында 16 шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Жасыл ел» жазғы жасағы бойынша жұмыстарға да басымдық берілуде,
— деді Ж.Шалабаева.
Қаламызда «Жасыл ел» жасағы жұмысын шілде айының басында бастады. Биылғы екі айлық жұмысқа 250 бала қамтылып, жергілікті бюджеттен 11 млн. теңге қаржы қаралған. Ж.Айболатқызының айтуынша «Жасыл ел» жұмыс жасағы сарбаздарының бір бөлігі жұмыс күші жете бермейтін Ә.Тұяқов атындағы стадионның айналасын тазартуға жұмылдырылған. Сондай-ақ, бүгінгі күні қараусыз қалған Балалар үйінің айналасында тазалық жұмыстарын жүргізуде. Алда, бұрынғы Саз мектебінің айналасын тазарту жұмыстарын жоспарға қойған. Сондай-ақ, қала әкімінің бастамасымен Каспий теңізі жағасынан салынған жағажайға тазалық жұмыстарын жүргізген. 5 адамнан үш топ құрылып, халық арасында тазалық сақтау шаралары насихатталған.
Белсенді жастар марапатталдыЖасалған жұмыстар баяндалған соң, іс- шараларды өткізуге, жалпы қаладағы жастар саясатын дамытуға бір кісідей атсалысып жүрген бірқатар жастар марапатталды. Атап айтар болсақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттауға үлес қосқан «Өзенмұнайсервис»ЖШС жас маманы Жандос Бақытжан, «Жасыл ел» жасағының штаб басшысы, қалалық жастар ресурстық орталығының бас маманы Қаламқас Тасқараева, «Бұрғылау» ЖШС бұрғышысы, талантты фотограф Алихан Базаров, Оқушылар шығармашылық үйінің қызметкері, би өнерінің шебері Гаухар Мәденова, ерекше дауыс иесі, түрлі шоулар мен шараларды ұйымдастырушы Бауыржан Зорбай, Жаңаөзен қалалық политехникалық колледжінің жастар ісі жөніндегі жетекшісі, студент жастарды жетелеуші Ғани Құрманғалиев, Каспий педагогикалық көпсалалы колледжінің жастар ісі жөніндегі жетекшісі, Жайдарман ойындарының редакторы Нұржігіт Базаров және ең кіші марапатталушы, бокстан халықаралық деңгейдегі жарыстың жүлдегері, 14 жастағы Ислам Есенжанов қала әкімінің Алғыс хатына ие болды. Марапат алушыларға қол сағаты табысталды.
Кездесу соңында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағанбетов білімді, ақылды, жалындаған жастарды көріп мақтан тұтатынын, сенетінін, қуанатынын айтса, ал «Өзенмұнайсервис» ЖШС қызметкері Жандос Бақытжан жастардың атынан қала әкіміне, ардагерлерге, басшыларға алғысын білдірді.

Жаңаөзен-Ақпарат