Бейнеу  поселкесінде  ауданның  алғашқы  бас  дәрігері,  Кеңестер Одағы  денсаулық   сақтау   ісінің   үздігі,  хирург  Кемел  Шадымановты  есте  қалдыру  мақсатында бірқатар игі шаралар атқарылды. Ауданда медицинаның  хирургия  саласының   негізін   қалаған  Кемел  Әбдіұлы  еңбек еткен орталық емханаға ескерткіш-тақтасы орнатылып, естелік кітаптың  тұсаукесер рәсімі  болып  өтті.

Адам   жанын  арашалауда   алдына  жан  салмай  еңбек  еткен,  тірісінде-ақ  шарапатты   да   мейірімді   дәрігер  атанған,  өз  ісінің  хас маманы  Кемел  Шадымановты   мәңгі   есте  қалдыру шараларына  халық көп қатысты. Бейнеу орталық емханасының  қабырғасына ескерткіш-тақтасын орнату шарасына  жиналған  тұрғындар  мен  көзкөрген  замандастар,  әріптестер мен  жақын-жуық   Кемел  Әбдіұлының  игі  істері  мен  атқарған  қызметі   туралы  сөз  алып, естеліктермен  бөлісті.

  • Кемел Шадыманов  Маңғыстау  өңірінде 40 жыл болыс болған Өсербай  Сәрсенбайұлының  ұрпағы.  Тумысынан зерек, білімге құштар  болған  Кемел  өзінің  кәсіби  шеберлігі  мен  еңбекқорлығының  арқасында көпке танымал болды. Жұмысқа еш ерінбейтін,  таңда  да,  түнде  де  ауруханадан табылатын. Нағыз дәрігер атағына лайық жан еді,-деді Қазақстанның құрметті мұнайшысы Т.Көшенов.

Кемел Шадыманов  1943  жылы Шайыр ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Таушықтағы   он   жылдық  мектепті  үздік  бітіріп,  орта  білім  алған соң  Ресейдің  Астрахань  қаласындағы   Луначарский атындағы медициналық институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен  бітірген  жас  маман туған  жеріне оралып, еңбек жолы қарапайым дәрігерлік  қызметтен бастайды. Өзінің білімділігі мен кәсіби біліктілігінің  арқасында  ел-жұрттың  алғысын  алып, мекеме  басшысына дейін  көтерілген.

  • Мен Кемел Әбдіұлымен бала кезімнен таныспын. Таушықта бірге еңбек жолын  бастадық.  Ол  Сам  өңірінде  хирургия саласының негізін қалаған дәрігер. Аудандық аурухананың алғашқы ұйымдастырушысы   болып,  жоқтан  бар  жасады.  Аты   бар,  ғимараты  жоқ   аурхананы  қалыптастыруда  ерен  еңбек  етті. Кемел Әбдіұлы  өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен тұрғындар денсаулығын жақсарту қызметін дұрыс жолға қойып, науқастарға шипалы ем жасайтын. Сондай  азаматты  есте қалдыру шараларын өткізу  жастарға  үлгі  боларлық  іс деп санаймын,-дейді ардагер-дәрігер Б.Абаев.

Таушықта  бала  дәрігері қызметімен еңбек жолын бастаған Кемел Әбдіұлы  1967  жылы  Бейнеу  ауданының   бас  дәрігері  қызметіне  ауысады. Еліне танымал, атақты дәрігер атанады. «Дәрігерлік  көмекке жүгінген  жанның  бәрін  үлкен-кішісіне  қарамай,  мейірімділік  пен кәсібилік тұрғыдан   жылы  шыраймен  қарап, ем-домын берген нағыз дәрігер еді» дейді көзкөргендер.

  • Бүгін есте қаларлық күн. Мен Бейнеу ауданына қызмет барысымен 1983 жылы жұмысқа келдім. Қызметімдегі бірінші басшым-Кемел Шадыманов  болды.  Мен  одан  көп  үлгі  алдым. Аз  уақыттың  ішінде ол  менің өмірлік еңбек жолыма көп үлес қосты. Маған 25 жасымда  сенім  білдіріп,  үлкен  жұмыстар  ұсынды. Егер мені солай қолдамағанда,  сенім  білдірмегенде,  мен бүгін осындай дәрежеге жетер  ме  едім?  Ол  кездері  үйлестіруші  деген  мамандық  болған  жоқ.  Бірақ,  Кемел  Әбдіұлы    сол  кездің  өзінде  менеджер  бола  білді. Ұйымшыл   ұжым  құрып,  керемет  ұйымдастырушы  еді. Маңғыстаудан  шыққан  жас  жігіттің  Ресей жерінде білім алып, хирург  мамандығын  меңгеріп  келуінің  өзі  бір  ерлік  дер  едім. Кемел  Әбдіұлы  сияқты  азаматтарды уақытында бағалау керек, оларды ұмытпау керек,-деді облыстық   денсаулық сақтау басқармасының  басшысы Р.Бектубаев.

Ақ  жүректі  адал  дәрігердің  еліне  еткен еңбегі елеусіз қалмай, ескеріліп, бірнеше  медальдар мен  мақтау  қағаздарымен марапатталады. Кеңестер  Одағының  денсаулық сақтау ісінің үздігі атағының иегері атанады. Бірақ,  сауаттылығы  мен үлкен  жүректілігімен  көзге  түсіп, алдына  келген  науқас  біткеннің  дертін  жазған  абзал жанның ғұмыры қысқа болып, 1986 жылы 43 жасында бақиға аттанады.

  • Кемел Шадыманов  қайтыс  болғанда менің анам «Алғыс алған адамдар өлмейтін болса, Кемел өлмес еді-ау» деп күрсінген болатын. Меніңше, бұл үлкен баға.  Кемел  Әбдіұлы өте ыждағатты, тиянақты жан  болатын. Жұмысқа да, науқастарға да  асқан жауапкершілікпен қарайтын. Өкінішке орай, өмірі қысқа болды. Сол ғұмырында көп жұмыс  жасады, бірақ,  оның  еңбекқорлығы  мен  ізденімпаздығын  жас  мамандар  алып  үлгермеді  деп ойлаймын,-деді Бейнеу ауданының әкімі Б.Әзірханов.
  • Кемел ағам өз жерін, елін сүйген, мамандығына берілген жан еді. Нағыз дәрігер деген атаққа лайық ағамның болғанын мақтаныш тұтамын! Көзі тірісінде  адамдарға  жақсылық  жасауды  мұрат еткен ол сырқат жандарды  мейіріммен емдейтін, олардың әрқайсысына асқан  жанашырлықпен  қарайтын  еді.  Өмір жолдарында бізді адамдық  пен адалдыққа  үйрете білді,-дейді марқұмның інісі Е.Таңатұлы.

Биыл Кемел Шадымановтың өмірден озғанына 30 жыл толып отыр. Осыған   орай,  оның  атын  есте  қалдыру  мақсатында Алматыдағы «Сардар» баспасынан  естелік  кітап  жарық  көріп, ас ұйымдастырылды. Кітаптың  оның еңбек жолы мен өмірі баяндалып, естеліктер топтастырылған.  Игі шараларды ұйымдастырып, қажетті қаражатты жұмсаған  Кемекеңнің  інісі,  жеке  кәсіпкер  Бегалы  Әбдиевтің  демеушілігі ел азаматтарын ардақтауда көпке үлгі боларлық.

Анар ШАМШАДИНОВА