Аймақта алғаш рет кәсіподақ ұйымы қызметкерлері арасында «Жайдарман» көңілді тапқырлар ойыны өтеді. Әзіл кеші Ел тәуелсіздінің 25 жылдығына және кәсіподақ қызметкерлерінің төл мерекесіне орай ұйымдастырылмақ. 21 мамыр күні сағат 18:00 де облыс орталығындағы «Абай» мәдени-демалыс кешенінде өтетін «Жайдарман» ойындарын тамашалау тегін. Кеш жүргізушісі-Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукен.

— Жалпы кәсіподақ ұйымы қызметкерлері арасында «Жайдарман» ойындары республика көлемінде алғаш рет өткізілгелі отырғанын айта кеткім келеді. Мақсат-кәсіподақ ұйымының беделін көтеру, кәсіподақ ұйымы қызметкерлерінің ауызбіршілігін арттыру, шығармашыл ортаны қалыптастыру, талантты жастарды қолдау. Үздік әзіл көрсеткен, көрерменнің көңілінен шыққан командаға арнайы тағайындалған қаржылай сыйлық пен кубок табысталатын болады. Одан бөлек сайыс барысында «Үздік ойыншыны» да анықтайтын боламыз. Негізі бұған дейін кәсіподақ ұйымы мүшелерінің арасында волейболдан жарыс, танымдық-өлкетану экспедициясы ұйымдастырылған болатын. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады,-деген облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков алдағы уақытта орталықтың қолға алуымен жұмыссыз жүрген жастар үшін «Бос орындар жәрмеңкесі» ұйымдастырылатынын жеткізді.

«Жайдарман» ойындарына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Бұрғылау» ЖШС, темір жол саласы, денсаулық сақтау, білім басқармаларындағы кәсіподақ ұйымдарынан жасақталған және «Жас Отан» жастар қанатынан барлығы 8 команда қатысып, бақтарын сынамақ. Олардың өнерін облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы жастар департаментінің өкілі Жанна Әбілова, белгілі жайдарманшы Рүстем Елжанов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетовтен құралған қазылар алқасы бағаламақ. «Жайдарман» көңілді тапқырлар ойындарының толық нұсқасын маңғыстаулық көрермен алдағы уақытта облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасынан тамашалай алады.

Венера МИРЛАН