Бүкіләлемдік мейірбикелер күніне орай қалалық «Арман» жастар орталығында «Мейірімді мейірбике» сайысы өтті. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы мен облыстық медицина қызметкерлері кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен сайысқа 18 мейірбике қатысып, «Таныстыру», «Өнерліге-өріс кең» кезеңдері бойынша бақтарын сынады.

Сайысқа Түпқараған аудандық орталық ауруханасы, Мұнайлы аудандық орталық ауруханасы, облыстық онкологиялық диспансер, облыстық наркологиялық диспансер, Маңғыстау облыстық ауруханасы, Ақтау қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы, облыстық ЖИТС орталығы, Бейнеу аудандық орталық ауруханасы, облыстық қан орталығы, облыстық балалар ауруханасы, Қарақия аудандық ауруханасы, Ақтау қалалық перзентханасы, Ақтау қалалық №2 емханасы, Маңғыстау аудандық орталық ауруханасы, облыстық инфекциялық ауруханасы, №1 Жаңаөзен қалалық емханасы, Ақтау қалалық №1 емханасы, Бейнеу аудандық емханасынан келген мейірбикелер қатысты. Олардың өнерін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Клара Оралбаева, облыстық мәдениет басқармасының өкілі Төлес Нұрмағамбетов, облыстық медицина қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлжан Саимова бағалады.

021

— Бүгінде мейірбикелер өздерінің күнделікті тәжірибесінде медициналық көмек сапасын арттыру, медбикелік күтімді жетілдіру, денсаулық сақтау саласының алға қарай қарыштап қадам басуына айтарлықтай үлес қосуда. Қазіргі мейірбикелердің міндеті-отандық денсаулық сақтаудағы ең жақсы дәстүрлерді жоғалтпай, әлемдік тәжірибені игеру. Адам денсаулығы-қоғамның басты құндылығы және мемлекет саясатының басты шарты-тұрғындар денсаулығын жақсарту. Өйткені, халықтың денсаулығының жақсы болу деңгейі, ол елдің дамуының деңгейін көрсетеді. Құрметті, біздің мейірбикелеріміз Сіздерді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының атынан құттықтаймын. Сіздердің жұмыстарыңыз дәрігер еңбегінің нәтижесін көрсететіні белгілі. Сондықтан Сіздердің қиын да, жауапкершілігі мол жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Отбасыларыңыздан береке, ынтымақ кетпесін,-деді сайыстың ашылуында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Клара Оралбаева.

Сайысқа берекелі Бейнеуден келіп қатысқан Өтешова Айнұрдың медицина саласында еңбек етіп жүргеніне-8 жыл болыпты. Дәрігерлер отбасында тәрбиеленген ол-жастайынан адам жанының арашасы болуды армандапты. Мектепті тәмамдаған соң, сол мақсатпен Ақтөбе медицина колледжіне барып, құжат тапсырыпты.

024— Оқу ордасын 2008 жылы бітіріп, Бейнеу ауданына келіп жұмысқа орналастым. Осы бөлімде жұмыс жасап жатқаныма биыл-8 жыл толып отыр. Отбасымызда менен бөлек анам Света, інім Қанат да медицина саласында еңбек етеді. Сайысқа алғаш рет қатысып отырмын. Күн ұзаққа жұмыста болғандықтан дайындыққа көп уақыт бөле алмадым. Алайда, ұжымым маған үміт артып, бәйгеге қосып отырғандықтан, сол үдеден шығуға барымды саламын. Барлық әріптестерімді мерекемен құттықтаймын. Еңбектеріне табыс, дендеріне саулық тілеймін,-дейді Бейнеу аудандық ауруханасы перзентхана бөлімінің мейірбикесі Айнұр Өтешова.

0254

Тартысты өткен сайыс көрерменнің көңілінен шығып, керемет көңіл-күй сыйлады. Үш сағатқа созылған сайыс мейірбикелердің кәсіби білімінің деңгейі мен біліктілігін арттырып, «мықтыларды» анықтауға мүмкіндік берді. Сайыс қорытындысында бас жүлдені Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының мейірбикесі Бақтыгүл Сырымбетова еншіледі. Бірінші орын- Ақтау қалалық №1 емханасының мейірбикесі Ақерке Бекішоваға, екінші орын-Түпқараған аудандық орталық ауруханасының мейірбикесі Жанат Әділхановаға бұйырды. Үшінші орынға-№1 Жаңаөзен қалалық емханасының қызметкері Бауыржан Орынбаев тұрақтады. Сондай-ақ, «Көрермен көзайымы» аталымымен Маңғыстау аудандық орталық ауруханасының мейірбикесі Шаттық Мыңбаева марапатталды.

Венера МИРЛАН