Облыс орталығында мүгедек спортшыларға арналған ангар типтегі спорт ғимараты пайдалануға берілді. Қуанышты жаңалықпен Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Нұралы Құлышев бөлісті.
Кешен құрылысы 2016 жылдың тамыз айында басталып, желтоқсан айында аяқталған. Оған жергілікті қазынадан 108 миллион теңге қаржы жұмсалған.

05
-Мүгедек спортшылар жеке басыбайлы ғимаратын 15 жылдан астам уақыт күтті. Бұған дейін біздер қаламыздағы мектептердің залдарында, жертөлелерде, теңіз жағалауында дайындалатынбыз. Ғимаратымыздың жоқтығын айтып, біраз жерлерге барып, көмек сұрадық. «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасына да қатысып, жеке ғимаратымыздың қажеттігін айтқан едік. Өткен жылы облыс әкімі А. Айдарбаевтың тұрғындар алдында берген есебіне қатысып, ғимарат мәселесін тағы да көтердік. Аймақ басшысы бұл мәселенің жақын арада шешімін табатынын айтты. Жауапты мамандарға тапсыра берді. Осылайша, өткен жылдың тамыз айында ангар типтегі спорт ғимаратының құрылысы басталған болатын. Енді міне, пайдалануға берілді. Өте қуаныштымыз!,-дейді Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Нұралы Құлышев.
27 шағынауданда салынған спорт ғимаратында бүгінде 60 мүмкіндігі шектеулі жандар жаттығады. Спортшылар үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Жаттығу залы, волейбол, үстел теннисі, шахмат, дойбы ойнауға арналған залдар бар. Одан бөлек киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелері де қарастырылған.

04

-Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында отырып ойнайтын волейбол ойыны жақсы дамыған. Сондықтан да мұнда едендеріміз жылытылатын технологиямен жабдықталған. «НКОК» компаниясының демеушілігімен жаттығу залымызға құны 5 миллион теңгені құрайтын қажетті құрал-жабдықтар сатылып алдынды. Енді жақын арада үлкен теннис, арбада билеу секцияларын ашуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін биге арналған арбаларды сатып алуымыз керек. Демеушілік жасап, көмек қолын созамын деген азаматтар болса, хабарласуға болады,-дейді Нұралы Құлышев.
Қазіргі таңда облыстық мүгедектер спорт клубында салауатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысатын 167 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Нұралы Құлышев, бұған дейін жеке ғимарат болмағандықтан өңірде мүмкіндігі шектеулі жандардың басы қосылмағанын айтады. Сондықтан да облыстық білім басқармасына хабарласып, мүмкіндігі шектеулі ретінде есепке алынған жандарды жинақтауды жөн санапты. Осылайша жыл аяғына дейін 300-ден астам мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа әкелмекші.

02

-Мүмкіндігім шектеулі деп үйде отырып алмай, спортпен айналысса, олар денесін шынықтырып ғана қоймай, өзі сияқты адамдармен әңгімелесіп, ойы бөлініп, өмірге деген көзқарастары да өзгерер еді. Сондықтан да облыста мүмкіндігі шектеулі жандарды 27 шағынауданда жұмысын бастаған ангар типтегі спорт ғимаратына шақырамын. Енді біз мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортты дамытып, үлкен жетістіктерге қол жеткізуіміз керек. Ол үшін бүгінде бізге барлық жағдай жасалып отыр. Тек ерінбей еңбектенуіміз ғана қалды. Мамыр-маусым айларында аудандық, қалалық деңгейде спорттың жеңіл атлетика, волейбол, үстел теннисінен жарыстар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Үздіктерді облыстық жарыстарға қатыстырып, олардың арасынан шыққан «мықтыларды» республикалық спартакиадаларға алып бармақшымыз. Қыркүйек айында Атырау қаласында спорттың 13 түрінен спартакиада өтеді. Аталмыш жарысқа қатысуды да жоспарлап отырмыз. Одан бөлек зағиптар арасында голбол ойынын дамытуды қолға алмақшымыз. Бұл-біздің облыста кенже қалған спорт түрі саналады. Спорт ғимаратымыздың ауласынан жағажай волейболына арналған алаң мен бассейн салу да жоспарда,-дейді Нұралы Құлышев.

Жалпы мүмкіндігі шектеулі жандар тірек-қимыл қозғалысы зақымданған, көру мүшесі және есту мүмкіндігінен айырылған спортшылар болып үш топқа бөлінеді. Әрқайсысы өздерінің шама-шарқына қарай спорт түрін таңдап, жаттығады. Шұғылданатын спорт түрі де негізгі үш топқа бөлінген. Спорттың паралимпиадалық түріне жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі, нысана көздеу, пауэрлифтинг, арбада билеу, отырып ойнайтын волейбол жатса, сурдлимпиадалық түріне футбол, шағын футбол, жағажай волейболы енгізілген. Ал, паралимпиадалық емес спорт түрлері тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы болып есептеледі.

Венера МИРЛАН