«Тісі ауырғанның көңілін сұрамайды» деген дана халқымыз. Адамның жаны ауырған жерінде. Тікен кіргенде ыршып түсер жан тызылдап бебеу қақтырған тіс дертіне төзер ме?! Қазақ дерті  дендеп, шымбайына шындап батқанда ғана  қозғалайын дейді. Ден саулыққа селқос қарап, ауруын асқындырып ап ем-дом іздеп, әбігерге түседі. Тісі дуылдап, жай таптырмай, жаны көзіне көрінген қысылтаяң кезде ғана тіс дәрігерінің көмегіне жүгінеді. Тіс күтіміне көңіл бөліп, мұқият тазалап, үнемі назарда ұстау бүткіл ағза саулығына әсері зор.  Ал ауыз қуысының тазалығы ас қорыту жүйесінің қалыпты қызметін қамтамасыз етеді. Әрі  қаладай ақ маржан тіс көркіңе көрік үстеп, ажарыңды аша түседі.

Тіс дертіне дауа табар дәрігер зор тәжірибелі, өз ісінің қыр-сырына қанық болуы шарт. Адам аса мән беріп, көптеп көңіл бөлмесе жеңіл-желпі ауру созылмалы дертке демде ұласып, біраз әбігерге түсіруі әбден мүмкін. Сол себепті әр жарты жылда бір мәрте болса да дәрігер алдынан өтіп, кеңесіне құлақ түрген жөн. Бүгінде Қуат Машырықов бас болған облыстық тіс емдеу  орталығы халыққа кең көлемді  жоғары сапалы медициналық қызмет түрлерін ұсынады. Ауыз қуысын сауықтыру, сан түрлі тіс емдеу жолдары, түзеу, ажарлау мен  ағарту тәсілдері қолжетімді бағамен  қолданылады. Емханада мемлекет қаржысы есебінен аяғы ауыр жандар мен балалар тегін қызметке жүгінеді. Тіс дерті меңдеп, түбірі сыздап, шыдас бермесе шұғыл әрі ақысыз көмек көрсетіледі. Яғни, қалтасы көтермейтін жандарға түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

Қазіргі таңда тіс емдеу орталығында 160-қа жуық медициналық қызметкер жұмыс жасайды. Жыл сайын ұжым жаңа мамандармен толығуда. Төрт түрлі бөлімшеде кәсіби білікті 50 тіс дәрігері  науқасты  емдеп жазуға тырысып бағады. Ортопедиялық бөлімшеде заман талабына сай сапалы жасанды тіс салу, қаптама орнату, тіс қатары ақауын түзеумен айналысады. Хирургиялық бөлімшеде тіс жұлып, амбулаториялық деңгейде түрлі ота жасалынады.  Терапиялық бөлімше тіс жегісін, қызыл иек пен шырышты қабаттың қабынуы сынды сан түрлі ауыз қуысы ауруларына терапиялық ем көрсетеді. Бюджеттік бөлімшеде жоғарыда атап өткендей жүкті әйелдер мен балалардың тіс аурулары емделеді.

«Біздің орталық күрделі тіс ауруларын емдеуге арналған  жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен қамтылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен әкімдік тарапынан қолдау бар. Мемлекет қаржысымен қоса ақылы қызмет есебінен емханаға қажетті жабдықтарды сатып аламыз. Мәселен, былтыр ең соңғы үлгідегі екі италияндық әмбебап стомотологиялық қондырғы алдық. Қазірігі таңда заман талабына сай  тіс емдеу тәсілдері түрленіп, жолдары жаңғырып келеді. Соңғы жиырма не отыз жылмен салыстырсақ электромеханикалық құрылғыларды ауа қысымы арқылы тіс ауруларын емдеу тәсілдері ығыстырды. Бүгінгі таңда әлемдік тіс емдеу саласына тісжегіні ауырсыну белгілерінсіз әрі пломбасыз инновациялық емдеу жүйесі жаңалық ретінде енуде. Бұл технология  тіс дәрігері  алдында бойды билейтін үрейді сейілтеді. Балалар мен егде жастағы жандардың тістерін емдеуде өте тиімді құрал.  Сонымен қоса, стомотологияда тіс жұлуда азоттың шала тотығының жансыздандыру қасиетін пайдалану өріс алуда. Алдағы уақытта осындай жоғары технологиялы құрылғыларды алу жоспарымызда бар»,-дейді Қуат Сағидуллаұлы.

Сонымен қатар, облыстық тіс емдеу орталығында тіс қабатын ультрадыбыстық түсіру  құрылғысы кеңінен қолданылады. Бұл құрылғы арқылы әрі түрлі тіс, ауыз қуысы, бет-жақ сүйектері ауруларын дәл анықтап, әрі қарай кешенді емдейді. Тіс емханасы аса қызығушылық танытып, қажетсінетін дүние — компьютерлік 3D-томография құрылғысы. Бұл  тіс-жақ сүйек жүйесін диагностикалауға арналған заманауи сандық технолгия  тіс ұлпасы ауруларын, жасырын тісжегі қуысын, ауыр жарақаттан кейінгі асқынулар мен самай-шықшыт буыны ауруын, түрлі қабыну үрдістерін дәл  анықтауға  мүмкіндік береді.

Өңір бойынша аудан орталықтары мен ауыл-аймақтарда тіс емдеу бөлімшелері қызмет атқарады. Өңірлік тіс емдеу орталығы олардың қызметіне жетекшілік етіп, түрлі әдістемелік көмек көрсетеді. Егер алыс-жақын ауыл-аймақ, елді мекендерде ауру асқынып, ушығып, күрделі түрі анықталса, облыс орталығына бағытталады. Сонымен қатар Ақтау қаласында 5, Жаңаөзенде 2 мектепте тіс дәрігері кабинеті  қызмет етеді. Олар балалар мен жасөсіпірмдер тістерінің саулығын қадағалап, тегін медициналық көмек көрсетеді.

Қазіргі таңда қаланың кез-келген бұрышынан тіс емдеу кабинеттері мен дәріханаларды кезіктіресің. Халық көбіне мемлекеттік емхана қызметі сапасына күдікпен қарайды. Қызмет құны қаншалықты төмен болса, сапасы сондай нашар деген пікір қалыптасқан.

«Нарық заманының талабына сай  жеке меншік орталықтар бой көтеруде.  Бүгінде Ақтау қаласында 50-ге жуық жекеменшік  тіс емдеу кабинеттері қызмет етеді. Жеке тұлға иелігіндегі орталықтарда көбінесе көп жылдар бойы біздің ұжымда қызмет етіп, тәжірибе жинақтаған тіс дәрігерлері жұмыс жасайды. Мемлекеттік емхана қызметкерлері өз қызметін аса жауапкершілікпен атқарады. Түрлі асқынуларға жол бермейді. Қызмет құны да қолжетімді. Ал жекеменшік орталықтар асқынған ауруларды емдемейді. Біздің орталыққа бағыттайды. Себебі тіс ауруларын емдеу аса ұқыптылық пен кәсіби біліктілікті талап етеді»,-дейді Қуат Машырықов.

Бас дәрігердің сөзіне сүйенсек, бүгінде халық тіс күтіміне деген көзқарасын өзгерткен. Ата-аналар жаз бойы мемлекет берген мүмкіндікті мүлт  жібермей балалар мен жасөспірімдердің тістерін тегін емдетеді.

«Тіс ауруларының адам ағзасына тигізер  әсері зор. Түрлі қабынулар мен  ісіктерге түрткі болады. Астыртын асқынып, бір демде бебеулете жөнеледі. Тәулігіне екі рет ұқыптап тазалау жеткіліксіз. Көзге таза көрінгенімен, тіс маманы мұқият тексеріп келгенде  тіс тасы, тісжегі, қызыл иек зақымдануы сынды түрлі аурулар анықталады. Ауыз қуысынан жағымсыз иіс шығып, қызыл иек қанауы, тіске құрт түсуі — тіс саулығына салғырт қараудың салдары. Сондықтан, жылы сумен шайып, өте ыстық, өте суық, қышқыл тағамдардан бас тартқан әрі тіс дәрігеріне мерзімді қаралған жөн»,-дейді орталық директоры.

Көптеген ата-аналар бүлдіршіндердің тістеріне аса мән бермейді. Сүт тістердің күтімі – әдемі күлкі  кепілі. Түсіп қалары белгілі, десекте сүт тістер келешекте жарып шығар тұрақты тістердің бірқалыпты өсуіне септігін тигізеді.

«Бала 6 жасқа толғанға дейін 20 сүт тіс шығады. 6 не 7 жастан бастап түсіп бастайды. Сүт тістер — тұрақты тістердің бастамасы. Егер сүт тістер зақымданып, қабынса, тұрақты тістер саулығына әсер етеді. Сүт тістерді суыру түрлі қиындықтар тудырады. Жақ сүйектің өсуін баяулатып,  тіс сүйектерінің ауытқушылығын тудырады әрі қисық тістердің пайда болуына сеп болады. Сондықтан біз бүлдіршіндер тістерін барынша жұлмай, емдеуге тырысамыз»,-дейді тіс дәрігері.

Жаныңды жегідей жеп, азапқа салатын ауру – «ақыл тістердің» жарып шығуы.  Жақ сүйегінде ақыл тіске орын болмауы  қызыл иекті  қабындырып, адамды әлекке салады. Ісіну мен іріңдеуден ауызды қабынуға қарсы ерітінділермен шаю құтқарады.  Көп жағдайда  тіс мамандары «ақыл тістерді» түбірімен жұлып тастайды.

«Тіс көбіне кешке қарай ауырады. Мәселен, пульпит  ең жиі кездесетін тіс ауруы болып саналады. Тісжегі асқынып, залалды бактерия тіс ұлпасын зақымдайды. Қабынып тістегі жүйке тамырына әсер етеді. Тіс қақсап, бас, құлақ, самай тұстарды ауыртады.    Адам  ұзыннан жантая жатқанда қан  ашық  жүйке тамырларына әсер етеді. Түнгі ұйқыдан қалдырады. Бұндай жағдайда адам шұғыл көмекке зәру болады. Облыстық тіс емдеу орталығында жедел жәрдемге мұқтаж жандар кезекші дәрігер көмегіне жүгіне алады»,-дейді Қуат Сағидуллаұлы.

Ақ маржан тіс – жан саулығының кепілі. Мойыл моншақтай тізілген тіске кез келгеніміз әуеспіз. Күтімі келіспесе тіс сарғылт тартып, түсті дақтар пайда болады. Ал сарғылт реңктен арылу ағарту арқылы ғана жүзеге асады. Облыстық тіс емдеу орталығында қызыл иек пен тіс эмаліне зақым келтірмей ағарту тәсілдері қолданылады. Ол жоғары сапалы арнайы пасталар қажет.

«Адам тісі табиғатынан әппақ болуы мүмкін емес. Сарғыштау болып келеді. Қазіргі таңда лазер арқылы ағарту әдісі кең етек алған. Біздің орталық бұл тәсілдің толықтай залалсыздығына күмәнмен қараймын»,-дейді Қуат аға.

Тіс емханасында кезек көп. Халық орталық қызметіне дән риза. Әрі тіс дертіне осы жерден дауа табарына сенімді.

Голрох Жеменей