Ақтау халықаралық теңіз сауда портына Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің шекаралық «Бриллиант» кемесі достық сапармен келді.

Ресейлік шекарашылардың Ақтауға келу мақсаты — Каспий шекарасын қорғау мәселесі бойынша бірлескен жедел-профилактикалық шаралардың қорытындысын шығару.

— Жыл сайын елдер бірлесіп, Каспий теңізінің биотүрлілігін сақтау мақсатында жедел-профилактикалық шаралар ұйымдастырады. Осыған орай, біздің шекарашылар ағымдағы жылы берілген тапсырмаларды жоғары дәрежеде орындап, жақсы нәтижелерге қол жеткізді,-деді ҚР ҰҚК ШҚ  аймақтық жағалаулық күзеті басқармасының басшысы, І дәрежелі капитаны Қыдыржан Мұқанов.

Оның сөзінше, мұндай шаралар жылына екі рет өткізіліп тұрады. Және бірлескен жедел-профилактикалық шаралар нәтижесінде, 2016 жылы мемлекеттік шекарада 270 қаскөй ұсталынып, оларға жалпы 3 436 020 теңге көлемінде айыппұл салынған.

— Қос елдің шекарашылары арасында іскерлік, ынтымақты және достық байланыс орнатылған. Екі жақтың өзара қатынасының жақын болғаны соншалық, бүгінгі кездесуде біздер мақсат пен жоспарлардан басқа, нақты мәселелер бойынша талқылау жүргіземіз. Жеткен нәтижелерді қарастырып, тәжірибе бөлісеміз,-деді Дагестан Республика бойынша Ресейдің ФҚҚ шекаралық басқарманың басшысы, генерал-лейтенант Игорь Шмоткин.

«Бриллиант» кемесі — Ресей шекарашыларының Каспий айдынындағы ең жаңа әрі жүрдек кемесі болып табылады. 2010 жылы Санкт-Петербург қаласындағы «Алмаз» кеме жасау фирмасында құрылып, 2012 жылы суға түсірілген кеме артиллериялық қондырғы және екі пулеметпен қаруланған. Оның экипаж құрамында 28 адам бар.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

25-1

03-1

05-1

07-1

13-1