Өткен сейсенбіде Достық үйінде «Қоғамдық келісім» КММ-ның ұйымдастыруымен Ел Тәуеліздігінің 25 жылдығы қарсаңында рухани келісім күні аталып өтілді. Ұлт пен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін бірлік пен қайырымдылықтың, жақсылықтың мерекесіне облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Смайыл Сейтбеков, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Жайылханова, «Чосон» кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Маденова қатысты.

2

«Рухани келісім – бейбітшілік бастауы» деген тақырыпта өткен шарада Маңғыстау гуманитарлық- техникалық университетінің 1,2- курс студенттері Достық үйіндегі әр ұлттың мәдениеті мен тарихынан сыр шертетін мұражайды аралады. Облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Смайыл Сейтбеков жастарды имандылыққа ұйытты.

«Еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні құтты болсын! Еңселі егемендігіміздің арқасында еліміз өсіп-өркендеді, толымды жетістіктерге жетті. Бүгінде мемлекетімізде 130 түрлі ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде 2 дін ғана болатын. 1992 жылы 15 қаңтарда қабылданған заң бойынша әр адамның қандай да бір дінді ұстануына еркіндік берілді. 2011 жылы еліміздегі дін саны 2-ден 46-ға көбейді. Осы жылы аталмыш заң қайта қаралғанда, заңсыз діни ағымдарға тосқауыл қойылып, 17 түрлі дін бекітілді. Республикамыздың әр аймағында тұратын 130 түрлі ұлт өкілінің 27-і ғана ислам дінін ұстанады. Мемлекеттің тұрақтылығы үшін елдегі ұлтаралық және дінаралық татулық сақталуы қажет. Ислам діні адамдардың ар-ожданына, наным-сеніміне, тіліне, діліне құрметпен қарауды көздейді. Сондықтан біз мұсылмандығымызға жат іс жасамауымыз керек» деген бас имам шет мемлекеттерде ұлтаралық және дінаралық қақтығыстарды мысалға келтіріп, пікірін білдірді.

3

Жиында сөз сөйлеген «Чосон» кәріс этномәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Маденова еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық турасында пікір білдіріп, жастарды ауызбіршілікке, достыққа үндеді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ