Қазанның 17-сі күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің кітапханасында Маңғыстау облысындағы жалпы білім беру мектептерінің кітапханашыларына «Қазіргі заманғы мектеп кітапханасы жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Зияткерлік мектеп кітапханашылары ұйымдастырған семинарға 20 кітапханашы қатысты.

Тренинг барысында әр ауданнан жиналған кітапханашылар сандық технология дамыған уақытта кітапхана жұмысын қалай ұйымдастыру керек, интернетті балаға кітап оқыту мақсатында қалай тиімді пайдалануға болады деген сауалдар мен баланы кітап оқуға қызықтырып, үгіттейтін жобалар туралы айтты.

— Қазіргі таңда балаларға кітап оқыту өте өзекті мәселе. Сол себепті осы кездесуді ұйымдастыруды жөн көрдік.  Мақсатымыз – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ қарасты зияткерлік мектептеріндегі кітап оқыту жобалары жайлы баяндап, интернетті кітап оқыту мақсатында қалай тиімді пайдалануға болатындығын көрсету арқылы жалпы білім беру мектептерінің кітапханасына әр түрлі жоба енгізуге болатындығын жеткізу,- дейді зияткерлік мектептің аға кітапханашысы Жанар Бахитова.

img_4619

Бір күнге созылған семинар-тренинг барысында кітапханашылар балаларға өткізуге болатын активити ойындар ойнап, «Bilim-land», «Twig-Bilim», «EBSCO» электронды ақпарат ресурстары туралы деректер алды.

— Мектебімізде кітап оқуға қатысты түрлі жобалар жүреді. Тәрбие жұмысында да кітапханамен тығыз байланыс орнатамыз. Мәселен, «100 кітап» жобасы. Зияткерлік мектеп оқушысы білім ордасы бекіткен 100 кітапты мектепті аяқтағанға дейін оқып шығуы тиіс. Жобаның жүзеге асырылуын жеделдетіп, тәрбиелеу мақсатында біз кітаптарды шаңырақтарға бөліп бердік. Әр ай сайын оқушылар мектеп акт залында, достары мен сыныптастары алдында оқыған кітабы туралы презентация қорғайды. Оны слайд, бейнематериал, көрініс қою арқылы көрсете алады. Мұндай шара баланың кітапты оқып қана қоймай, алған білімін жадында сақтауға көмектеседі,- дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.

Кітапханашылар сөзінше, баланың кітапқа қызығушылығын оятудың түрлі жолы бар. Тек оны дұрыс қолдана білу керек.

— Біз балалардың қызығушылығын оятып қана қоймай, басқа мектептердің оқушыларына кітап оқуға мүмкіндік береміз және тығыз байланыс орнатамыз. Мәселен, зияткерлік мектепте «Bookcrossing» жобасы бар. Бұл жобада балалар өздері оқып болған қызықты кітаптарын өзге мектеп оқушыларына сыйға тартады. Былтыр біз пилоттық мектеп болып есептелетін М.Горький атындағы жалпы білім беру орта мектебі мен №11 физика-математика бағытындағы мектеп-гимназиясына … кітап сыйлаған болатынбыз. Биыл да біз осындай жобаны жалғастырғалы отырмыз, — деді кітапханашы Жанар Бахитова.

— Бүгінгі тренинг барысында өзімізге керекті мағлұматтарды алып қана қоймай, түрлі жобалармен таныстық. Алдағы уақытта бұл жобаларды өз мектебімізде де енгіміз келеді. Жеке өзіме, «READx» жобалары қатты ұнады, — дейді Ұлжан Нургалова, Мұнайлы аудандық №4 орта мектебінің кітапхана меңгерушісі тренингтен алған әсері жайлы.

Мектеп кітапханашылары бұл кездесумен тоқтап қалмай, қараша айында да  семинарларды жалғастырмақ.

Химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
баспасөз қызметі